Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Барыс жылы сізді не күтіп тұр?

Барыс жылы сізді не күтіп тұр?

ЖҰЛДЫЗЖОРАМАЛ — 2022

Жаңа жылдан біз әрдайым жаңа бақыт, жақсы жаңалық пен жаңа жетістіктер күтеміз. Өткен жылға салауат айтып, келер жылға мол үмітпен қараймыз. Биыл 31 жел­тоқсанда Жаңа жыл есігімізді қағып, тұтқасын тартып, Барыс жылы кіреді.

Барыс жылы — қиындығы мен қуанышы қатар жүретін жыл. Тарихта барыс жылына қатысты елеулі оқиғалар жоқ. Сол себепті барыс жылын қазақтар жайсыз жыл деп санамайды. Сонымен, Барыс жылы сіз үшін қандай болмақ? Әлқисса…

Тоқты

(21 наурыз – 20 сәуір)

— Әуелі сипаттама берейік: Бұл белгіде туған адамдар сырт көзге достыққа өте бейім, бауырмал көрінеді. Кез келген әділетсіздікте бар ынтасымен шындықты іздеп, бар білгенімен бөліседі. Тоқтылар өз ойын үнемі тіке айтады. Өз қажеттілігін бірінші орынға қояды және айналасындағыларды мүлде ойламайды. Өзінің біреуге ыңғайсыз жағдай туғызып, ренжітіп алатыны жайлы ойламайды, оны сезінбейді де. Тоқтылардың көбісі көп нәрсеге бас қатырғысы келмейді, сондықтан оларға ренжудің де қажеті жоқ. Бұл адамдарда қаталдық деген мүлде болмайды. Айналасында болып жатқан құбылыстың бәріне шын жүрегімен сенеді, өз жағдайын да жасырып қалмайды. Шағымданғанды жаны сүйеді.

Болжам: Үнемі ізденіс пен талпыныста жүретін олардың Барыс жылы табысы еселене түспек. Эмоцияға толы тоқтылардың өмір жолында кездесетін қиындықтары аз болмайды. Алайда Барыс жылы бұл белгідегілер ойға алған барлық жоспарларын іске асыру үшін тынбай еңбек еткені абзал.

Денсаулық. Қызметте де, отбасында да аса белсенділік танытамын деп, тынығуды естен шығармағаныңыз жөн. Көктем айларында дәрумендер қабылдап, өзіңіздің денсаулығыңызға мұқият болыңыз. Уақытымен тамақтанып, ұйқыға бір мезгілде жатыңыз.

Махаббат, отбасы. Тоқтылардың кейбірі бұл жылы баспана, қаржы мәселелерін түбегейлі шешуі мүмкін. Ал отбасында ұрыс-керіс болған жағдайда аса төзімділік танытқаныңыз дұрыс.

Қаржы. Өзіңізді тым дүниеқоңыз етіп көрсетпегеніңіз абзал. Қаржы жағынан таршылық көрсеңіз де, азға қанағат етіп, сабырлы болыңыз.

Астрологтар кеңесі: Жаз немесе күз айларында саяхатқа шығуыңыз мүмкін. Бір сәт өзіңізге сыйлық жасаңыз.

Торпақ

(21 сәуір – 21 мамыр)

 Сипаттама: Бір топ адамның арасынан көп сөйлемейтін адамды көрсеңіз, ол – торпақ. Онымен жақын араласпайынша, сөзге шорқақ адам деп ойлауыңыз мүмкін. Өте салмақты, көп нәрсеге мән бермейді. Сирек ашуланады, өз ісіне ешкімнің жөнсіз орналасқанын қаламайды. Қазбалай берсеңіз, қатты ашулануы мүмкін. Ашуланғанда, жолына кезіккенді қиратады. Бір жақсысы, бұл – өте сирек болатын жайт. Сондай-ақ бұл белгідегілер сүйгенін қызғанып, артынан аңду дегенді білмейді. Торпақ қонаққа барғаннан гөрі, дастарқанға барын қойып, қонақ күткенді қалайды. Танымалдылыққа ұмтылмайды. Махаббатта да, достықта да арақатынасты үзбей, әр қадамды қалай жасау керектігін жетік біледі. Өте тұрақты. Құбылысты сол қалпы қабылдауға дайын. Үй шаруашылығына өте бейім, өз үйін, таныс ортасын қатты жақсы көреді. Үнемі өзінің жеке үйі болғанын армандайды. Табиғатқа өте жақын, жасыл желек, гүл атаулыны өте жақсы көреді.

Болжам: Барыс жылы сізге мол мүмкіндіктер сыйлайды. Бұл жыл сіз үшін махаббаттың, кәсіпкерліктің, өрлеудің жылы болмақ. Бұл жылда сіздің табыстарға жететініңіз соншалық —  тіпті сізге көпшілік қызыға да, қызғана да қарайтын болады.

Денсаулық. Осы жылы спортқа көп көңіл бөлгеніңіз дұрыс. Жүгірумен айналысқаныңыз жөн. Денсаулығыңызға әрдайым көңіл бөліп, жүйкеңізді сақтауға тырысыңыз. Салауатты өмір салтын ұстаныңыз.

Махаббат, отбасы. Бұл жылы отбасына көбірек назар аударып, отбасылық саяхатқа шығып тұрыңыз. Ал егер басыңыз бос болса, жартыңызды кездестіріп, тездетіп отбасын құрғаныңыз абзал. Жалғыздық адамға қиын екенін ескеріңіз.

Қаржы. Жақсы қызметке ие болу немесе қаржылық жағдайыңызды жақсарту туралы мақсат-мұраттарыңыз толығымен орындалады. Ақшаңыз көбейіп, қымбат сыйлықтар немесе киім-кешек сатып аласыз.

Астрологтар кеңесі: Айналаңыздағылардың мағынасыз әңгімелеріне назар аудармаңыз. Қайнап жатқан қазанның бетін жауып, мақсатқа жеткізер тура жолды таңдайтын уақыт жетті. Сәттілік сіздің жағыңызда. Қысқасы, осы жылы асқан белсенділік танытқаныңыз дұрыс.

Егіздер

(22 мамыр – 21 маусым)

 Сипаттама: Егіздер ғашық болса, ғашығын түрлі қылықтарымен таңғалдыруы мүмкін. Олардың уақтылы бір іс атқаруы сирек, үнемі кешігіп жүреді. Өз өмірі жайлы айтқанды ұнатпайды. Бірнеше тіл білуге бейімділігі басым. Өз пікірін тез өзгертеді, ол сырт көзге өтіріктей көрінуі мүмкін. Көп ысырап жасайды. Ұйқысы тым сергек, сондықтан толық демала алмайды. Бұл оның тез ашулануына әсер етеді.

Болжам: Барыс жылы бойыңызда бұрын-соңды болмаған күш пайда болып, белсенділігіңіз артады. Осы талпынысыңыз арқылы біршама жетістіктерге жетесіз. Адамдарға деген қарым-қатынасыңызға көңіл бөліңіз. Өзгелерді ренжітіп алудан сақтаныңыз.

Денсаулық. Денсаулығыңызға бейжай қарамай, үнемі дәрігердің кеңестеріне құлақ асып жүріңіз. Әсіресе жаз айларында қан қысымыңыз бен жүрегіңізді тексерістен өткізіңіз. Өзіңізді тым шаршатпаңыз және ауыр жүк көтермеңіз. Ішімдік ішпеңіз.

Махаббат, отбасы. Биылғы — жыл бойдақтар үшін отбасын құруға нағыз қолайлы уақыт. Мамандар әсіресе қазан, қараша айларында отбасын құрған ғашықтардың махаббаты мәңгілік болатындығын айтады. Сондықтан ойланыңыз.

Қаржы. «Екі қайықтың басын ұстаған суға кетеді» демекші, шектен тыс шараларға бас  қатырғанша, өзіңізге құнды жобаларды саралап, кірісіңіз. Сан емес, сапаға мән берсеңіз нәтижесінде үлкен табыстарға қол жеткізіп, қаржы тапшылығынан құтыласыз. Үнемшіл болыңыз.

Астрологтар кеңесі: Егіздер үшін бұл жыл қай жағынан қарасаңыз да сәтті жыл болмақ. Кез келген жаңа бастамаларыңыз бен жобаларыңызды жүзеге асыруға асығыңыз.

Шаян

(22 маусым – 22 шілде)

Сипаттама: Өзінің және өзгелердің өмірінен сабақ алып жүреді. Шаяндар сіздің құпияларыңызды сенімді сақтап, қайғыңызға ортақтаса алғанмен, өз сезімін жеткізе алмайды. Шаяндар өз өмірі туралы сөз еткенді қаламайды. Мақсат еткен нәрсесіне қол жеткізбей қоймайды. Өз «құрбанын» сақтықпен аңдып, әлсіз кезінде шабуылға шығады. Өзінің қалауына басқа біреудің ұмтылғанын көрсе ғана әрекет етеді. Жүрегі тым жұмсақ, жараланғыш. Біреуге көмектесер алдында «көмек қолын ұсынар басқа біреу табылып қалмас па екен» деген оймен көмек көрсетеді.

Болжам: Бұл жыл сіз үшін өз ерекшелігімен есте қалмақ. Жаңа жобалар, саяхат, жаңа хобби, махаббат, жаңа достар сізді күтіп тұр. Бұл белгідегілердің әлемді жаңа қырынан көргісі келетіні анық. Және ол арманы орындалуы әбден мүмкін.

Денсаулық. Аурудың алдын алған адамның көп бейнеттен құтыларын ескеріңіз. Бүйрек не бауырыңыз сыр беріп жатса, дәрігердің көмегіне жүгініп, ем алыңыз. Сондай-ақ бір мезгіл спортпен шұғылданыңыз.

Махаббат, отбасы. Дәл осы жылы сіз күтпеген жерден бір адамға ессіз ғашық боласыз. Махаббат хикаясының соңы сәтсіздікке ұшырағанымен, бұл кезең және ол адам сіздің жүрегіңізде мәңгілік қалып қояды.

Қаржы. Батыл қадамдар мен оптимистік көзқарас қаржылық әл-ауқатыңызды жақсартып, жұмыс орныңыздағы бағыт-бағдарыңызды бекіте түспек. Толассыз жетістіктен басыңыз айналуы мүмкін, сондықтан қанағатшыл болыңыз.

Астрологтар кеңесі: Бұл жылы Шаяндар өз мақсатына қол жеткізеді. Әрбір салмақпен және абайлап қабылдаған шешімі айын оңынан тудырады. Тіпті жоспарыңыз бастапқыда сәтсіздікке ұрындырса да, алған бағытыңыздан жаңылмағаныңыз жөн.

Арыстан

(23 шілде – 23 тамыз)

Сипаттама: Ақшаны үнемдеп ұстай алмайды. Сән-салтанатты өмірге құштар. Қыдыру мен бір сәттік ләззатқа бар ақшасын шаша салуы мүмкін. Қанша шағым естіп жатса да, өмір сүруге бейімділігі өте жоғары. Барлық арыстандар өсек-аяңға құмар. Айналасында не болып жатқанның бәрінен хабардар болып отыруы керек. Табиғатынан мақсатқа ұмтыла біледі, бет алған жолынан қайтару қиын. Кейде еріншектікке бой алдырып, жетектеп, жай жата беруі де мүмкін. Бір жұмыс істесе, төңкеріп тастайды. Өте адал дос, шыншыл әрі өте қауіпті дұшпан.

Болжам: Барыс жылы сізді толағай табыс­тар күтіп тұр. Күш-жігеріңізді тек жаңа нәтижелі іске жұмсауға дайын болыңыз. Қай жерге шақырса да бас тартпаңыз. Арыстанға тән айба­тыңызбен барлық мәселені оп-оңай, майдан қыл суырғандай шешіңіз.

Денсаулық. Қыс айларында жылы киініп, денсаулығыңызды сақтаңыз. Тұмау жұқтырып алудан сақтаныңыз. Сондай-ақ таза ауада көбірек жүріп, сәл жүгіріңіз. Өзіңізге жақсылап қараңыз, бет-әлпетіңізді күтіңіз.

Махаббат, отбасы. Көптен күткен қонысыңызға қол жеткізіп, шаңырағыңыз кеңейе түседі. Екінші жартыжылдықта міндетті түрде ата-анаңыздың мәселелерімен шұғылданыңыз.

Қаржы. Бұл жыл — жылжымайтын мүлік, жөндеу жұмыстарымен байланысты мәселелерді шешуге таптырмас жыл. Қаржыңыз көбейіп, қалтаңыз толады. Соның арқасында көктемде тұрғын үй мәселесі шешілмек. Сондай-ақ жаңа көлік алуыңыз да мүмкін.

Астрологтар кеңесі: Барыс жылында өзіңізді қамшылап, осыған дейін жүзеге асыруға ниеттенген жоспарларыңызды орындаңыз. Сонда ғана жыл жемісті болмақ.

Бикеш

(24 тамыз – 22 қыркүйек)

Сипаттама: Бикештер — өте байқағыш жандар. Қонаққа барғанда үй иесіне көмектесіп, ыдыс-аяқ жуып тұрып, диваныңыздың жапқышы жыртық екенін байқап қоюы мүмкін. Бірақ өз кемшіліктеріне келгенде соқыр. Өзі басқалардан байқағандарын өзінен таппайды, өзіне еш шаң жұқтырмайды. Олар бір орында ештеңе істеместен ұзақ отыра алмайды. Махаббат пен ақшаға келгенде сараңдау. Біреудің өзіне қызмет еткенін қаламайды, сонымен қатар біреуге міндетті болғысы келмейді. Олар жалқауларды, кешіккенді ұнатпайды. Адамдардың шыншылдығын, үнемшілдігін, тапқырлығын, нақтылығын бағалайды.

Болжам. Сабырлы қалпында жүріп, тө­зімділік таныта білу – бикештердің бас­ты артықшылықтарының бірі. Осы артықшылықтарыңыздың арқасында биылғы жыл өзгелерге қарағанда жемісті болады. Сіздің басты кемшіліктеріңіздің бірі — қызғаншақтық. Сіз достарыңыздың, әріптестеріңіздің, бөтен жандардың жетістіктерін көре алмайсыз. Сол себепті шыдамдылық танытыңыз. Жетістікке жету мақсатында айналадағы адамдардың қолдауын күтпей, тек өзіңізге сеніп, әрекет қылыңыз. Сонда ғана айыңыз оңынан туып, табысқа кенелесіз.

Денсаулық. Жұмысқа тым беріліп, жүйкеңізге күш түсіріп алмаңыз. Өзіңізді күтіп, фитнеске барыңыз. Салауатты өмір салтын сақтап, семіздіктен арылыңыз.

Махаббат, отбасы. Сезім, романтика, кездесулер — мұның барлығы сізді көктемде күтеді. Кейбіреулер осы уақытта өз қатынастарын үзуі мүмкін. Ал өз махаббатын қорғай білгендер үшін бұл жыл бақыт пен берекеге толы жыл болмақ.

Қаржы. Бұл жылы ақшаға деген көзқарасыңыз өзгеруі мүмкін. Айналаңыздағы адамдармен қарым-қатынасты дұрыс ұстағаныңыз жөн. Жаңажылдық ойын-сауық сіздің жұмысыңыз бен қаржылық қорыңызға кері әсерін тигізуі мүмкін.

Астрологтар кеңесі: Өміріңізге кедергі жасайтын, түкке де керегі жоқ дүниелерден арылыңыз. Пайдалы әрі сауапты іс істеуге тырысыңыз. Жаңа жылға жаңа деммен, жаңа мақсатпен қадам басыңыз.

Таразы

(23 қыркүйек – 22 қазан)

Сипаттама: Таразылар өте тиянақты және қарқынды жұмыс істеп жүріп, кенеттен тоқтап қалады, ол уақытта жалқаулық кезеңі басталады. Бұл оған табиғатынан тән. Біраз кідіріс жасаған уақытында күш жинап, өздігінен қайта шабыттанбаса, бір істі істету мүмкін емес. Күш жинап болып, жұмысына қарқынмен қайта кіріседі. Эмоцияның адамы. Таразылардың мінезі мейірімділік, нәзіктік, адалдық, дәлелдеу, жеңілгенін мойындамау, философиялық логика мен бір шешімге келе алмаудан тұрады.

Болжам: Келер жылы жалақысы жоғарырақ жұмыс орнына ауысуыңыз мүмкін. Сіздің талантыңыз бен ынтаңыз бағаланып, жұмыс берушіңіз тиімді ұсыныс жасайды.

Денсаулық. Күнделікті тағам рационыңызға мән бергеніңіз жөн болар. Дәрігердің көмегімен түрлі диеталарға отырып не болмаса дәрумендер қабылдаңыз. Өзіңізді күтіңіз.

Махаббат, отбасы. Барыс жылы таразылар үшін үйде де, махаббатта да сәтті болмақ. Тек сүйіктіңізге теріс мінезіңізді көрсетіп қойып жүрмеңіз. Сыңарыңыздың айтқанына көніп, әрқашан кеңестеріне құлақ түріңіз. Ол сізге жамандық тілемейді.

Қаржы. Бұл белгідегілердің қаржы мәселесі оңай шешіліп, жұлдыздары оңынан туады. Ақшасы мол болады. Таразылар жағымды энергиясының арқасында табыс­ты жұмыс атқарады.

Астрологтар кеңесі: Осы жылы көптеген мәселенің түйінін оңтайлы шешесіз. Әріптестеріңізді, туыстарыңызды, жора-жолдастарыңызды ренжітіп алмауға тырысыңыз, оның арты жақсылыққа апармайды. Бұл жыл сізден еңбекқорлықты, сабырлылықты күтеді.

Сарышаян

(23 қазан – 21 қараша)

Сипаттама: Сарышаяндар тек өзінің қамын ойлағанмен, жақындарына сөзбен де, іспен де көмек бере алады. Оларда шынайы дос та, тісін қайраған дұшпан да кездеседі. Бірақ дұшпандарының өзі құрмет көрсетіп, жақсы пікір айтуы мүмкін. Сарышаяндар адал дос бола алады. Достық үшін кез келген қиындықты жеңе алады. Өзіне жасалған жақсылықты, сыйлықты, сондай-ақ біреудің тарапынан болған реніш пен сатқандықты ешқашан ұмытпайды.

Болжам. Жаңа жылда жан дүниеңізде өзгерістер болуы мүмкін. Өз әрекетіңізге өзгелерді кінәламағаныңыз жөн. Бірден жоғарыға ұмтылудың қажеті жоқ, алдымен өзіңізге не керек екендігін анықтап алыңыз. Келер жылы жаңа үй тұрғызуға не ескі үйіңізде жөндеу жұмыстарын жасауға кірісіңіз. Бұл сізді қанаттандырады, жаңа идеялар туындауға жақсы әсер етеді.

Денсаулық. Бұл жылы асқазан-ішек, бауыр аурулары бар адамдар күтініп жүргені абзал. Сондай-ақ көктем айларында дұрыс тамақтанып, асқа аса мұқият болыңыз.

Көпшілік жерлерге көп бармағаныңыз жөн.

Махаббат, отбасы. Сыңарыңыздың кейбір енжарлықтарына көнбістік танытыңыз. Араңыз дұрыс болсын десеңіз, оның қас-қабағына қарап жүріңіз. Отбасында әділ, адал, еңбексүйгіш болыңыз.
Қаржы. Бұл жылы сарышаяндар қаражат жағынан тарықпайтын болады. Реті келіп жатса, жетім-жесірлерге садақа беріп, табысыңызға қанағат етіңіз. Отбасында ақша ұстау мәселесін үлкендерге қалдырып, оларға сенім білдіріңіз.

Астрологтар кеңесі: Сарышаянның өміріндегі басты кемшілігі — қызғаныш. Сол себепті айтқан сөздеріңізге абай болыңыз. Әйт­песе дұшпандар қатары көбеюі мүмкін. Дегенмен қыз­ғаншақ­тықтың да пайдасы барын ұмытпаңыз. Ең бастысы, қызғаншақ­тық жүйелілікке әкеледі. Соның арқасын­да сарышаян өзінің мақсаттарын орындауға тырысады.

Мерген

(22 қараша – 21 желтоқсан)

Сипаттама: Мергендер тәуекелшіл келеді. Көп сөйлейді. Үнемі өзін бақытты сезініп, көңіл күйі көтеріңкі болады. Айналасын жағымсыз адамдар қоршаса, көңіл күйі түсіп кетуі мүмкін. Күресе алады, сол үшін біреуден көмек те сұрамайды. Мергендер өзін қорғай алады. Жауапкершілікті сезінсе де, арқалағысы келмейді. Тез ғашық болып, тез айнып қалады.

Болжам: Барыс жылы барлық шаруаңыз жеңіл әрі жылдам шешіледі. Мергеннің басты артықшылығы — көздеген нысанасын құр жібермейтіндігінде. Сондықтан да жаңа жылда тек пайдалы жобаларға атсалысыңыз.

Денсаулық. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, қыс айларында сырқаттанып қалудан сақтаныңыз. Жеке бас гигиенасын сақтап, өзіңізге үнемі көңіл бөле жүріңіз.
Махаббат, отбасы. Бұл жылы тұрмыстық, қаржылық мәселелер көбейіп, отбасыңыздан береке кетуі ықтимал. Сол үшін жұбайыңызбен тату болып, туысқандарыңыздың кеңестеріне жүгініңіз. Отбасы мәселелерін сырт адамдарға айтпаңыз, сырыңызды көпшілікке жаймаңыз.
Қаржы. Жаңа жылда жаңа идеяларыңыздың арқасында көп табысқа, байлыққа қол жеткізесіз. Ақшаны оңды-солды шашпай, отбасыңыздың игілігіне жұмсаңыз.
Астрологтар кеңесі: Оптимизмнен қашпай, тек позитивті күн кешуге тырысыңыз. Жаныңыздағыларды таңдандырып, әрқашан күліп жүріңіз. Тек жалғандықтың керегі жоқ. Бәрінің шынайы болғаны дұрыс.

Тауешкі

(22 желтоқсан – 20 қаңтар)

Сипаттама: Романтиканы жақсы көргенімен, оған барынша берілгісі келмейді. Халық алдында ұрысып не құшақтасып тұра алмайды. Өзінің ата-бабасын идеал көріп, оларға келер ұятты ойлайды. Үлкенді құрметтеу — табиғатына тән қылық. Қоғамда көзге түспеген адамға ғашық болуы екіталай. Көп дайындықтан өтпей, неке құруы да қиын. Туғандарын өте жақсы көреді, оларға бауырмал. Есеппен жүретін, салқын адамдар деп ойлауыңыз мүмкін, негізінде олар өте сақтықпен, бәрін ақылмен жасайды.

Болжам: 2022 жыл тауешкілер үшін сәттіліктерге толы болмақ. Бойындағы асып-тасып жатқан күш-қуатын дұрыс бағытқа бұра білсе, бұл белгідегілерге сәттілік өзі-ақ есіктен сығалайтын болады. Барыс жылы бұларға күш-қуат қана беріп қоймай, жағымды жаңалықтарымен де қуантатын болады. Жаңа баспана иемденіп немесе жаңа көлік тізгіндеп қалуы мүмкін.

Денсаулық. Әрдайым өзін баптап, күн тәртібін сақтап жүретін тауешкілер денсаулығын да қадағалап жүргені абзал. Әсіресе ащы тағамдардан абай болып, бауыр, асқазан жолдарын тазартқандары жөн.

Махаббат, отбасы. Келер жылы қиылған некенің ғұмыры ұзақ та, баянды болмақ. Сондықтан бойдақ жандар ойланғаны абзал. Ал сыңары барлар қандай қиындық болсын бірге жеңіп, отбасы құндылықтарын сақтағаны жөн.

Қаржы. Бұл жылдың алғашқы айларында  аздап қаржы жағынан тарығуыңыз мүмкін. Алайда ол уақытша нәрсе. Сондықтан ақша туралы көп ойлай бермеңіз. Алла бәрінің ретін өзі келтіреді. Соны ұмытпаңыз.

Астрологтар кеңесі: Мамандар тауешкілерге жаны қалаған іспен шұғылдануына кеңес береді. Сондай-ақ махаббат мәселесінде аздаған қиындық туып жатса, оны сабырмен шешкені жөн деп санайды. Осы жыл тауешкілерден көп мөлшерде сабырлық пен төзімділік күтеді. Бастаған істі аяқсыз қалдырмай, еңбегінің жемісін күтуіне тура келеді.

Суқұйғыш

(21 қаңтар – 19 ақпан)

Сипаттама: Оларда ашуланған адамды сабырға келтіретін, жылаған адамды не баланы жұбата алатын ерекше қасиет бар. Өзін жалғыз сезінген кездері жиі және ұзақ болады, ол кездері жалғыз қалдырған дұрыс. Бір іске келісім жасарда ешкім ешкімге қарыз, міндетті болмай, ортақ мәмілеге келгенді қалайды. Ешкіммен айтысып, күресуге бара бермейді. Ол әлсіздігінен емес, дау-дамайды жаны сүймейтінінен. Ұзақ пікір таластырмай-ақ, сізбен келісе салуы мүмкін. Өтірік пен алдауды жек көреді.

Болжам. Барыс жылы сіз үшін аса табысты болмақ. Құдды бір сиқыршыға ұқсап басыңызға келген барлық тың ойларды іске асырасыз. Ең бастысы, жалқаулығыңыз ұстап қалмасын. Ал адами қатынастарға келгенде ұстамдылық пен түсіністік таныта білгеніңіз дұрыс. Өйткені қызба мінезіңіздің кесірінен біраз жанмен араздасып қалуыңыз мүмкін.

Денсаулық. Үнемі уақтылы тамақтанып жүріңіз. Әсіресе көктем, күз айларында құнарлы тағамдарды жеңіз. Әлсіздіктен ағзаңызды алшақ ұстап, әрдайым қимыл-қозғалыста болыңыз.

Махаббат, отбасы. Жаңа таныстықтар аясында болашақ жарыңызды кездестіруіңіз ғажап емес. Сүйіктіңізге көп көңіл бөліп, мерекелерді бірге атап өткеніңіз дұрыс. Қарым-қатынаста шынайы, әділ, тұрақты болыңыз.

Қаржы. Бұл жылы сіз армандаған көп ақша, қымбат көлік, кең үйге қол жеткізуіңіз ғажап емес. Тек қаражатты үнемді пайдаланып, уақытымен өз қажетіңізге жұмсасаңыз болды. Сәттіліктер сіздің жағыңызда!

Астрологтар кеңесі: Арманға жету үшін жеңіл жолды таңдау оңай болғанымен одан түк шықпайтынын түсініңіз. Бұл жыл сізден төзім мен ақылды қажет етеді. «Дәнді шашпа, нанды баспа» деген сөздің жаны бар. Жыл бойы сіңірген еңбегіңіздің жемісін қазан айында көретін боласыз. Тәуекелге бел буып үйреніңіз. Балықтар

(20 ақпан – 20 наурыз)

Сипаттама: Балықтардың есте сақтау қабілеті өте күшті. Өзіне арнайы көңіл бөлмейді, барлық уақытын достары мен туыстарына көмектесуге жібереді. Аяушылық сезімі жақсы дамыған, әлсіздер мен ауруларға көмек беруге ұмтылады. Көмектесу — басты қасиеті. «Иә, жоқ» деген нақты жауаптардан гөрі «мүмкін» деген сөзді көп қолданады. Балықтардың мінезін нақты суреттеп беру қиын.

Болжам. Сізге сәттілік үнемі серік болатынын өзіңіз жақсы білесіз. Алайда келер жылы ағысқа қарсы көп жүзбегеніңіз жөн. Кедергілерді жеңу үшін ақылды емес, парасат пен түйсікті көбірек қолданыңыз. Жұмысыңыз бірқалыпты деңгейде өрбитін болады. Жетістіктерге жету үшін көп еңбектеніңіз, жалқаулыққа бой үйретпеңіз.

Денсаулық. Көктемге қарай денсаулығыңыз сыр беруі мүмкін. Дәрігермен ақылдасып, дәрумендер қабылдап, уақтылы тынығып, денсаулығыңызды күткеніңіз дұрыс. Ең бастысы — салауатты өмір салтын ұстаныңыз. Ішімдік ішпегеніңіз жөн.

Махаббат, отбасы. Жеке өміріңізде үлкен өзгеріс болмақ. Болашақ жарыңыз болатын жанды кездестіріп қалуыңыз бек мүмкін. Алайда қатына­сыңызды суытып алмау үшін үнемі қамқорлық танытыңыз.

Қаржы. Ойлаған мақсаттарыңызға жету үшін бұл жылы сізге көп қаражат қажет. Осы ретте қол ұшын созатын жанашыр адамдарды іздеуіңізге тура келеді. Алайда дұшпандарыңыздың арбауынан абай болғаныңыз абзал.
Астрологтар кеңесі: Сіз осы уақытқа дейін жақындарыңызға үнемі қамқор болып келдіңіз, енді өзіңізді ойлайтын кез келді. Жаз айларында саяхатқа шығыңыз, адамдармен танысыңыз, жаңа достар табыңыз. Бұл сізге жаңаша күш-жігер береді. Сондай-ақ өзіңізге қымбат, бағалы дүниелер сатып алыңыз.

 

/aqtobegazeti.kz/