Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > 20-30-шы жылдардағы ашаршылықта қанша бала көз жұмды?

20-30-шы жылдардағы ашаршылықта қанша бала көз жұмды?

«….Бізді Ырғыздағы панасыздар үйіне орналастырды. Онда тіпті қиын екен. Арық-тұрақ, өзі аш балаларды бит жеп өлтіргенін көзім көрді. Қыстың ұзақ түнінде таң алдында түзге шықтым. Дәретхана деп ойлап, оның қасындағы тақтай қойманың есігін ашып қалғанымда, отынға дайындаған сексеуіл сияқты төбеге дейін тіреп, жиып қойған өзім ғұрпы кішкентай балалардың өлі денесін көрдім. Сол жерде құлап қалыппын. Артынан біреу-міреу ішке кіргізіп тастапты…» Бұл жазушы Өтебай Қанахиннің ашаршылық туралы жазбасынан үзінді.

Ақтөбе облысында Мемлекет басшысы Қасым -Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, ХХ ғасырдың басындағы ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандары жерленген жерлердің картасын жасау қолға алынды, деп хабарлайды Экспресс К.

© Үмбетхан СӘРСЕНБИН

© Үмбетхан СӘРСЕНБИН

Осы бағытта былтыр өңірде арнайы комиссия құрылды. Комиссия мүшесі, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Үмбетхан Сәрсенбиннің айтуынша, қазір аймақта бірнеш бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы жобаның нәтижесінде бір ғана Ырғыз өңірінен он қорым анықталған. Бұл жерлерде аштықтан көз жұмғандар жерленген.

«Ашаршылықты еске алғанда тек 1932-1933 жылдардағы аштық қана айтылады. Егер облыстық мемлекеттік архивтегі материалдарға үңілсек, 1934 жылы да аштықтың салдарынан адам өлімінің азаймағанын көреміз. ОГПУ-дың Ақтөбе облыстық бөлімінің 1933 жылдың 25 наурызындағы мәліметінде облыстың Ойыл, Торғай, Батпаққара, Темір, Табын, Шалқар және тағыда басқа аудандарында аштықтан адам өлімінің азаймай отырғаны айтылған. Бір ғана мысал, 1933 жылдың 10 ақпанында Батпаққара ауданының алты ауылында аштықтан 321 адам өлген. 1932 жылдың 1 маусымында тіркелген мәлімет бойынша, аталған ауданда — 4781 адамның, 1932 жылдың қазанынан 1933 жылдың наурызына дейінгі аралықта 1046 адамның аштан өлгені жазылған. Егер адам өлімі тоқтамай,осылай жалғаса берсе, келесі жылдың көктеміне дейін ауданда халықтың 25 пайызы ғана тірі қалатыны айтылыпты», — дейді Үмбетхан Сәрсенбин.

© Үмбетхан СӘРСЕНБИН

© Үмбетхан СӘРСЕНБИН

Зерттеушінің айтуынша, ашаршылыққа қатысты деректер жүйелі түрде тіркелмеген. Кейбір мәліметтер қағазға түспей қалған. Кездескен деректердің өзінде ақпарат толық емес. Соның салдарынан қаза тапқандардың нақты саны, тізімі белгісіз болып отыр. Ал аштықтан босып, жолда көз жұмғандардың саны қаншама?!

«Сол кездегі Ақтөбе облысы Торғай ауданының (қазір Қостанай облысына қарасты) тұрғындары Ырғыз ауданының өзенге жақын ауылдарына қарай босқан. Көбісі жете алмай жолда қайтыс болған. Ырғыз, Әйтеке би аудандарында ұлт-азаттық көтеріліс пен ашаршылық құрбандары жерленген бірнеше жер атаулары айтылады», — дейді ол.

Ашаршылық жылдары Торғай, Ырғыз, Қарабұтақ, Темір, Ойыл өңірлерінде адам шығын көп болған. Үмбетхан Сәрсенбин биыл жазда Ырғыз өңірін аралап, аштық кезінде жерленген адамдардың қорымын көріп, деректерді жинап қайтыпты. Ырғыз аудандағы 10 қорым әлі де зерттеуді қажет етеді. Қорым саны бұдан да көп болуы мүмкін.

© Үмбетхан СӘРСЕНБИН

© Үмбетхан СӘРСЕНБИН

Мәселен, Ырғыз ауылының өзінде ашаршылық құрбандары жерленген төрт орын бар. Олар — Ырғыздағы орталық мешіттің жанындағы қорым, Ырғызға кіреберіс жердегі Итмола қорымы мен аудан орталығындағы №1 мектептің маңы және Сабынкөл жақ бетіндегі қорым. Ашаршылықтан әбден қалжыраған адамдар күші жеткенінше өлгендерді қорым маңына көмген.

Ырғыздағы төрт қорымды арнайы барып көрген Үмбетхан Сәрсенбин олардың айналасын әлі де дұрыстап қоршап, белгі орнату керектігін айтады.

«Бұл қорымдарда Ырғыздағы балалар үйінде аштық пен аурудан қайтыс болған балалар да жерленуі мүмкін. Ауылдағы үлкендердің айтуынша өткен ғасырдың 70-жылдарындағы құрылыс жұмыстары кезінде осы жерлерден адамдардың сүйегі шыққан. Аштан қырылған тұрғындар Сабынкөл жаққа немесе Итмолаға жерленуі мүмкін. Ол кезде Сабынкөл мен ауылдың ортасында үлкен жыра болыпты. Аштық пен аурудан өлген адамдар осы жыра мен ауылдың жанындағы пеш кесек басу үшін қазылған апандарға көміліп отырған екен», — дейді ол

Ауданның Шеңбертал ауылының маңындағы Ақтоғай, Құмтоғайдың Сарытоғай, Итқырылған деген жерлерінде де ашаршылық құрбандары жерленген. Аштықтан халық өзен жағасындағы ауылдарға қарай босқан. Жете алмағандары жолда өліп, сол жерге көмілген. Олар тереңге көмілмеуі де мүмкін.

© Үмбетхан СӘРСЕНБИН

© Үмбетхан СӘРСЕНБИН

Аштықтан қанша бала көз жұмды?

Үмбетхан Сәрсенбиннің айтуынша, мұрағат деректерінде 1934 жылдың сәуірінде облыстық атқару комитетінің төрағасына берілген мәліметтер кездеседі. Одан Ырғыздағы балалар үйінің жағдайы баяндалған. Сол уақытта Ырғызда екі балалар үйі болған. Бірі — қараусыз қалған жетім балаларға арналған үй. Сол кезде 470 баланың жатқаны деректерде көрсетілген. Ал екіншісі мектеп-интернат болған. Бұл жерде 300 бала тәрбиеленген. Сол жылы маңайдағы аштыққа ұшыраған ауылдардан 60 бала әкелініпті. Алайда балалар үйінде тамақ, ауруханада дәрі-дәрмек болмағандықтан аштықтан әлсіреген балалар қараөзек секілді түрлі ауруға шалдығып өле берген.

«Жазушы Өтебай Қанахин «Бір үйден тірі қалған жалғыз жан» деген естелігінде аштықтан өлген балалар туралы айтады. Сол жылдары аштан қырылып жатқан қазақ ауылдарын комсомол жасақтары аралап, тірі қалғандарды аман алып қалуға тырысқан. Өтебай ағамыз бар тоғыз баланы шанаға салып алып кеткен. Қалаға жеткенде содан бес бала ғана қалады. Өтебай ағамыз аруханадағы 50 баланың 45-і көз жұмғанын жазған. Бұл архив деректерімен сәйкес келіп тұр. Онда бір ғана ауруханада 60 баланың 45-і өлгені көрсетілген. Жазушы көктемде Итмола деп аталатын жердің маңындағы кірпіш басатын шұңқырларға барған, сонда кішкентай балалардың басын жиып қойғанын көрген. Қыста балаларды көме алмай қардың астына тастай берген екен. Өтебай Қанахин менің атамның інісімен бірге оқыған. Балалар үйінен интернатқа жібереді. Содан соғысқа аттанады. Кейін елге келгенде ұлт азаттық көтерілісті көргендермен сөйлесіп, Мәскеудегі архивке барып «Қарт сарбаз» деген кітап жазды. Ағамыздың өзінің жазып кеткен өлеңдері менде сақтаулы тұр», — дейді Үмбетхан Сәрсенбин.

Сол кезде облыстың барлық аудандарында да балалар үйі болған.

«Ырғызда ашаршылықта өлген балалардың дерегін әркім әр түрлі айтады. Біреулер 1000 десе, енді бірі 300 бала қайтыс болған дейді. Бірақ менің қолымдағы дерек бойынша 1933 жылы 160 бала өлген. Оның арғы жағындағы дерек жоқ. 1931-1932 жылдары қанша баланың өлгені белгісіз. Жалпы ашаршылық жылдарындағы жағдай кешенді түрде зерттелуі керек. Халық аузындағы әңгімелер мен архив материалдарын жинауымыз қажет. Осы бағытта жұмыс жасалып жатыр. Аштықтан босқан халық қай жолмен өтті, қалай бағыт алды әлі де зерттелетін дүние көп. Аман қалу үшін халық Қарақалпақстанға, Ресейдің Орынбор өңіріне қарай босқан. 1934 жылы солардың бірқатары елге қайтқан. Жартысы жолда өлген. Тағы бір мәселе, сол жылдардағы ашаршылықтан босып кеткен халықты адам санымен емес, қожалық деп көрсеткен. Осындай термин пайдаланылған. Бұның арғы жағында да саяси мән бар секілді. Мәселен, сыртқа ауған 10 мың қожалықтың кері қайтқаны туралы дерек бар. Ал бір қожалықта қанша адам бар, бір отбасында неше адам болуы мүмкін, бұл жағы көрсетілмеген. Көз жұмғандардың нақты есебін жүргізу 1933 жылдары ғана қолға алынған», —дейді Үмбетхан Сәрсенбин.

Облыстық әкімдік тарапынан осы жұмыстарды жүйелеу үшін қаржы бөлінген.

Биыл көктемде комиссия мүшесі облыс аудандарын аралап, зерттеу жұмыстарын жүргізбек.

«Мәселен, Шалқар ауданында аштық қатты болған. Бұл жақ әлі зерттелмей жатыр. Аудандағы 25 байды кәмпескілеп, мал-мүлкін тартып алған. Мақсат — байлар институтын жою еді. Шалқардың байлары асыл тұқымды жылқы өсірген. Алаш идеясына қолдау көрсетіп, қаржыландырып отырған. Жалпы өңірде зерттелетін нәрсе өте көп. Карта бір жылдың ішінде жасалмайды. Архивті ақтарған сайын деректер қосыла береді, Қарақалпақстан, Өзбекстанның архивтерін қарау керек. Тіпті сол уақытта Ырғыздан Ауғанстанға қарай босқандар бар. Ал картаны жасаудағы мақсат —тарихи сананы ояту», — дейді Үмбетхан Сәрсенбин.

/exk.kz/