Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Байларды тәркілеуге халық наразы болған

Байларды тәркілеуге халық наразы болған

Қуғын-сүргін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргіндердің құрбандарын толық ақтауға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтірумен қатар, егемендігіміздің тұғыры — тарихи жадыны жаңғырту жолында да бұл жұмыстардың маңызы зор.

Бұл істің хронологиялық ауқымы кең, яғни 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа қатысушылардың қудалану кезеңінен басталып, өткен ғасырдың 50-жылдарына  дейінгі уақыт қамтылады.

Біздің облыста да қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия құрылғанынан жұртшылық хабардар. Оның құрамында 40-қа жуықмүшесі — ғалымдар мен зерттеушілер бар. Қазір облыстық мемлекеттік архивтегі, облыстық ішкі істер департаментінің арнайы архивіндегі істерзерттеліп жатыр.

Осы уақытқа дейін өңірлік комиссияның мүшелері жоғарыда аталған архивтердегібұрын-соңды жабық болған 20-ға жуық қорда ізденіс жүргізді. Жалпы саны 9мыңнан астам іс зерделеніп, қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияға 1875 адамға қатысты ұсыныс жолданды.Облыс аумағынан қуғын-сүргіндер кезінде ең жоғары жазаға кесілген азаматтар атылған 8 орын анықталып, бұл тарихи орындардың картасы жасалып жатыр. Архив құжаттары негізінде жазылған ғылыми мақалалар жинағы жарыққа шықты.

Жұмыстар бірнеше бағыт бойынша жүргізіліп жатыр, солардың бірі —біздің өңірдегі қуғын-сүргінге ұшыраған кулактар, байлар, жартылай феодалдар мен шаруалардың ақталмаған санаттарын зерттеу. Осы бағытқа қатысты 728 іс зерделеніп, қуғын-сүргінге ұшыраған 567 адамның аты-жөні анықталды.

Қазақстанның Халық Комиссарлар Кеңесі мен Орталық Атқару комитетінің 1928 жылы 27 тамызда қабылданған «Байлардың шаруашылығын тәркілеу» атты қаулысында «…кеңес өкіметін құру барысында көптеген үстем тап өкілдері мен ауқаттылардың ауылдар мен қыстақтарда билікке қарсы үгіт-насихат жүргізіп, ұлтаралық және рулық алауыздықтар туғызып, кеңестік іс-шараларды жүргізуге кедергілер туғызғаны, сондықтан  ауылдарды кеңестендіруге өздерінің ықпалымен кедергі жасап отырған жергілікті ірі байларды басқа жерлерге көшіру керектігі» ескертілген. Мұны 1928 жылдың 1 қарашасына дейін іске асыру қажет болды. Көрсетілген уақытта іске асырылып болмаса, әрі қарай бұл іспенОГПУ және милиция органдары айналысуы тиіс еді.Тәркіленген бай-кулактарды жер аудару екі бағытта жүргізілген: округішілік және өлкелік (яғни Қазақстан бойынша).

Осыған байланысты 28 тамыздапартияның Ақтөбе округтік бюросының жабық отырысы өтіп, Бобков төрағалық еткен тәркілеу комиссиясы құрылған. І категория бойынша тәркіленуі тиіс — 50, ІІ категория бойынша 9 байдың тізімі жасалған. 1 қыркүйекте де жабық отырыс өтіп, аудандар бойынша тағы 76 адамның тізімі бекітілген. Ірі байлардың мал-мүлкін тәркілеу туралы қаулы бүкіл халықтың ашу-ызасын туғызған.

Сонымен қатар архив қорындағы құпия құжатта Ақтөбе губерниясы бойынша ірі көлемде малы мен шаруашылығы бар бай-кулактардың тізімі көрсетілген. Тізімге ең ірі 26 бай-кулак енгізіліп, олардың аты-жөні, жас шамасы, мал саны, иелігіндегі жерінің көлемі, бұрын атқарған қызметі, қарамағындағы батырақтары мен жалшыларының нақты саны туралы мәліметтер берілген. Бұл мәліметтерге талдау жасағанда, олардың әрқайсысының иелігінде 700-100 бас ірі қара малы болғаны, ауыл-аймақтағы ең беделді, сауатты тұлғалар болғаны анықталды.

БКП(б)-ның Саяси бюросының 1930 жылғы 30 қаңтардағы «өте құпия» грифімен бекітілген «Жаппай ұжымдастыру аудандарында кулак шаруашылықтарын жою шаралары туралы» қосымшасында қудалауға жататын бай-кулактардың категориясы белгіленген. Міне, осы құжат негізінде,256 адам РКФСР Қылмыстық Кодексінің 58-бабы бойынша айыпталып, олардың бесеуі ату жазасына кесілген. Бірқатары бас бостандығынан айырылып, мал-мүлкі (кейде толығымен, кейде ішінара) тәркіленген.

Ақтөбе округінің Ақбұлақ ауданында І және ІІ категорияға жатқызылған кулактардың,иелігіндегі шаруашылықтарын балаларына қалдырып, әйелдерімен бірге бас сауғалап, жан-жаққа қашып кету фактілері көптеп кездескен.

«Бай-кулактардың контрреволюциялық белсенділері» — І категорияға, аса ірі бай-кулактар, «жергілікті бай-белсенділер мен беделділер», «атқа мінерлер», «кеңес өкіметіне қарсылар» — ІІ категорияға, ал «кеңес өкіметіне жылы көзбен қарайтындары» ІІІ категорияға жатқызылған.Соңғыларын «өз әкімшілік-территориялық аумағы ішінде оқшау жерлерге орналастыру» көзделген. Мысалы, Ақбұлақ ауданында мал-мүлкі тәркіленгенбай-кулактар Темір, Алтықарасу, Ырғыз және Шалқар жағына көшірілген. Қанаушы тап ретінде қуғын-сүргінге ұшыраған байлар басқа жаққа жер аударылумен қатар, сайлау құқығынан да айырылған.

1930 жылы 9 ақпанда өткен отырыстың хаттамасында Ырғыз ауданына басқа жақтардан 644 бай-кулактың жер аударылып келгені айтылады.Ал кейбір деректер бойынша Ақтөбе округінен 278 адам басқа аймаққа көшірілген. Мысалы, Қызылорда облысының Арал өңіріне қамыс ору жұмысына жіберілген, т.б.

Сонымен бірге мемлекеттік тәртіпке қарсы деген айыппен, яғни 59-бап бойынша 66 адам қуғындалып, олардың біреуі ату жазасына кесілген.Мемлекеттік өкілдерге қарсы шықты деген айыппен немесе 73-бап бойынша 10 адам жазаланған. 107-бап бойынша (тауар бағасын көтеру, тауарды жасыру, оны бермеу)да 67 адамның айыпталғаны құжатта жазылыпты.

Осы науқан бойынша қуғынға ұшырағандардың арасында І Мемлекеттік Думаның депутаты, Алаш партиясының белсенді мүшесі Алпысбай Қалменов те бар. 1928 жылы ол 33 бас ірі қара малы, 5 десятина егіндігі, 24 десятина шабындық жері бар, екі жалдамалы шаруа ұстаған «ірі бай» әрі туған бауырымен бірге «жергілікті кеңес билігі аппаратын тартып алуды көздеген» «Назар» тобының жетекшісі, бұрынғы «Алаш Үкіметінің Оңтүстік-Батыс бөлімінің басшысы» ретінде қудалауға ұшыраған.

Құжаттар бойынша байлардың мал-мүлкі, жері, баспанасы, азық-түлік қорлары, категорияларына қарамастан, ұжымдық шаруашылықтардың (колхоздардың) бөлінбейтін қорына өткізілген. Ал тағы бір құжатта тәркіленген мүліктің 25 пайызы — жергілікті шаруаларға, 75 пайызы мемлекет пайдасына берілген деп көрсетілген.

Тек 1928 жылы ғана Ақтөбе округінде 25 637 бас мал тәркіленген екен. Байлардың дүние-мүлкін тәркілеу барысында тіпті үй ішіндегі төсеніштері – алаша, текеметіне дейін тартып алынған. Байлардың бір бөлігі туған жерде қалдыру туралы өтініш жасап, мал-мүлкін мемлекет пайдасына қарсылықсыз өткізген.

Арнайы білімі бар, оқыған, кеңес билігі жағында қызмет жасап жүргенкейбір азаматтардың да «өткен өмірі», ауқаттылығы«анықталып»,олар «халық жауларының» қатарын«толықтырды».Бұл БКП(б) ОК-ның 1933 жылы 28 сәуірде қабылданған «Партиялық тазалау» жөніндегі қаулысынан кейін партияның ішінде «тінту» жұмыстарының жүргізіле бастауымен байланысты еді. Мысалы, облыстық бақылау комитетінің 14 шілдеде Камаловтың төрағалығымен өткен отырысында қабылданған шешімнің негізінде, бұрынғы байлар мен олардың балалары, ишан, молдалар мен олардың балалары, саудагерлер, орта шаруалар және басқасы бар, барлығы 33 адам ОГПУ түрмесіне жабылған.Оларға «кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасаған ұлттық-буржуазиялшылдар, көтеріліс ұйымдастырушылар, колхоз құрылысына кедергі жасаушылар, малды қасақана жойып, халықты аштық пен кедейшілікке итермелеушілер», т.б. айыптар тағылған. Олардың түрмеге жабылғаннан кейінгі тағдырлары бізге белгісіз.

Байларды тәркілеу — ұлт қаймағын жою ғана емес, халықтың ғасырлар бойғы дәстүрлі шаруашылығының тамырына балта шабу еді. Осы науқанға байланысты өткен жиындарда халық көбіне байларды жақтап, олардың жоқ-жітікке көмектесетінін айтып, қорғауға тырысқан. Ел ішінде тәркілеуге қарсынаразылықтар даболды. Наразылыққа қатысқандар да кейін«бандалық топ мүшелері» деген айыппен қуғынға ұшырады.

1930 жылдың көктеміндегі үлкен қарсылық Қарабұтақ, Ырғыз жағын, қазіргі Шалқар ауданының бір бөлігін шарпыды. Көтерілісшілер саны 500-600 адамның шамасында еді.Құжаттарда Рыспай Бижанов, Нүрке Ужакенов, Биханов топтарының қарсылық әрекеттері жөнінде айтылады.

Ырғыз ауданының №25 ауылындағы халық наразылығына Мұқатай хазірет жетекшілік еткен.

1934 жылы көктемде Шалқар ауданының №1 ауылындағы халық наразылығын бастады деген айыппен 5 адам ату жазасына кесіліп, 7 адам10 жыл мерзімге сотталған. Көтерілістерді басуға пулемет, т.б. қарулармен қаруланған арнайы отрядтар жіберілген. Кейбір тәркіленген бай-кулактарға бұрынғыалашордашылармен және жер-жердегі көтеріліс басшыларымен астыртын байланыста болды деген айып тағылған.

Архивтердегіосындай деректерді саралай келе, халқымыз басынан өткерген қуғын-сүргіндердің себеп-салдарларын, зардаптарын нақты айқындап көрсету, сол кездегі биліктің жүргізген солақай саясатының мән-мақсатын әшкерелеу көзделіп отыр.Алдағы уақытта зерттеулер өз өңіріміз ғана емес, орталық архивтерде де жалғасса, тереңдете жүргізілсе деп ойлаймыз.

Архивте төте жазу мен латын әліпбиінде жазылған материалдар көп, сондықтан комиссия құрамына лингвист ғалымдарды да тарту қажет.

 

Д.ӘБЕНОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты.

 

/aqtobegazeti.kz/