Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қос ғалымға сый құрмет көрсетілді

Қос ғалымға сый құрмет көрсетілді

Бүгін Жұбанов университетінің ұжымы кезекті ғылыми кеңес отырысында филология ғылымдарының докторы, профессор Абат Пангереев пен тарих және дінтану кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ұзақбай Исмағұловты зейнеткерлік жасымен құттықтады. Университет басшылығы, әріптестері ғалымдарымыздың оқу ордамыздың заманға сай қалыптасуына, дамуына сіңірген еңбектерін атап өтіп, оларға алғыстарын білдірді.

Басқарма төрағасы-Ректор Лаура Қарабасова профессорлардың педагогикалық және ғылыми ортадағы орнын, университетімізде ұзақ жылдар қызмет жасаған еңбектерін тілге тиек ете отырып, олардың білім саласына қосқан үлестері үлгі-өнеге екендігін атады. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен университет ұжымы атынан туған күн иелеріне Алғыс хат табыс етіп, иықтарына ерекше сый құрметпен шапан жапты.

Филология факультетінің деканы Гүлжан Шоқым факультет атынан әріптесіне деген жылы лебізін жеткізді.
— Сонау «Қазақ филологиясы» мамандығы ашылған кезден бастап қатар жұмыс жасап келеміз. Өзінің зерделі ойымен, ғылыми жетістіктерімен Абат Шамұлы осы өңірге ғана емес, оның есімі республикамызға танымал. Біздің ортамыздағы парасатты ғалым, әдебиетші ұстаз ретінде алар орныңыз әркез жоғары.

Абат Пангереев 1985 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін филология факультеті бойынша тәмамдаған. 1987 жылдан бері Жұбанов университетінде 35 жыл бойы оқытушы, аға оқытушы, доцент, орталық директоры, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, профессор болып қызмет жасап келеді. 1989 жылдан бері оқу ордамызда «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Журналистика» мамандықтарының, «Қазақ филологиясы» факультетінің ашылуына басшылық жасаған. Ғалымның фольклористикаға, топономикаға және абайтануға қатысты 200-ге жуық мақалалары, бірнеше монографиясы мен оқу құралдары бар. Оның жетекшілігімен 30-ға жуық магистрлік диссертациялар қорғалды, бүгінгі таңда 5 PhD докторантқа жетекшілік жасайды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Қазіргі уақытта «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу Орталығының директоры және «8D02304-Филология» мамандығы бойынша PhD докторлық диссертация қорғау бойынша Диссертациялық Кеңестің төрағасы қызметін атқарады.

Тарих факультетінің деканы Гүлмира Купенова Ұзақбай Шәукерұлын факультеттің негізін, іргетасын қалыптастыруда зор еңбегі сіңген тұлға ретінде атап, ол кісіге шығармашылық табыс тіледі. Ғалымның ғылыми ізденіс жолында өзекті тақырыптарды зерттегенін айтып өтті.

Ұзақбай Исмағұлов еңбек жолын Шұбарқұдық орта мектебінде мұғалім болып бастаған. 1990 жылдан бері Жұбанов университетінде 32 жыл бойы оқытушы, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, профессор болып қызмет жасап келеді. Ғалымның Қазақстан тарихы мәселелеріне қатысты 100-ге жуық мақалалары, 2 монографиясы мен 7 оқу-әдістемелік еңбегі бар. Оның жетекшілігімен 2 кандидаттық, 1 докторлық диссертация қорғалды, қазір магистрлік және PhD докторлық диссертацияларға жетекшілік жасайды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» медалімен марапатталған.