Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Маңызды өзгерістерді жүзеге асыруда жастардың рөлі маңызды

Маңызды өзгерістерді жүзеге асыруда жастардың рөлі маңызды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысының әр сөйлеген сөзі мен үндеуінен алдағы уақытта жаңа Қазақстанды құруда да жастардың маңызды рөл атқаратынын терең ұғынуға болады. Бұл туралы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Карабасова айтты.

 Мен өзім де тәуелсіз Қазақстанда жүзеге асырылған сәтті білім беру реформалары мен жобалардың нәтижесімін деп есептеймін. «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің үздік университетінде сапалы білім алу, еліміздегі инновациялық білім платформаларында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтау, қазіргі уақытта туған жерім Ақтөбеде альма-матерім Жұбанов Университетін басқаруға үлкен сенім білдіру – мұның барлығы жастарға деген берілген мол мүмкіндіктер мен қолдаудың көрінісі. Мен сияқты мемлекет қолдауымен өсіп-өркендеп, енді сол инвестицияны елге адал қызмет ету арқылы өтеуге дайын жастардың көп болуы қуантады. Кешегі өткен «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХХІ съезінде сөйлеген сөзінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды пайдалы қоғамдық қызметке тартудың, сондай-ақ Қазақстандағы  жұмыспен қамту және білім беру саласындағы жобаларға қолжетімділікті кеңейтудің маңыздылығына тағы да тоқталды, — деді ол.

«Болашақ» стипендианты студенттер мен жас мамандарды еліміз жасап отырған мүмкіндіктерді жасампаздыққа жұмсап, сапалы білім алуға шақырды.

Аталған маңызды өзгерістерді жүзеге асыруда жастардың рөлі маңызды. Әсіресе, қазіргі таңда өткізілетін іс-шаралардың санынан гөрі мазмұны мен сапасына мән береміз. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде  Студенттік парламент мен отыздан астам жастар клубтары мен ұйымдарға қолдау көрсету және жаңа форматқа бағыттау қолға алынып отыр. Тек Университет қауымдастығы үшін ғана емес, қала және өңірдің дамуына айтарлықтай үлес қосуға ынталы еріктілер қозғалысы белсенді түрде дамып келеді. Бүгінде университетімізде он бес мыңнан астам студент білім алуда. Студенттер мен жас мамандарға еліміз жасап отырған мүмкіндіктерді жасампаздыққа жұмсап, сапалы білім алыңыз және еліміздің ертеңі мен бүгіні үшін жауапкершілікті өзіңнен баста дегім келеді! Еліміздің бірлік-берекесін арттыруға бірге жұмылайық, — деді ректор.

 

/baq.kz/