Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Көкейдегі сұрақтарға жауап алдық

Көкейдегі сұрақтарға жауап алдық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында қоғамда талқыланып, көпшіліктің көкейінде жүрген көптеген сұрақтарға жауап берді. Күні кешегі «Қаңтар қасіреті», еліміздің алдағы даму бағдары, жаңа реформалар туралы кеңінен айтылған сұхбатты көріп отырып, біз алдағы уақытта ел экономикасының тұрақталып, елдегі саяси ахуалдың бір қалыпқа түсетініне сендік.

Сұхбат барысында Қаңтар оқиғасындағы кейбір беймәлім жайттар ашық айтылды. Президент бұл мәселені Қазақстан тәуелсіз ел ретінде өз күшімен тексеріп, өз бағасын бере алатынын нақты айтты.

11 қаңтарда Мәжілісте сөйлеген сөзінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорын құруды тапсырған болатын. Кешегі сұхбатта аталған қордың жұмысы туралы да білдік. Халқымыз қашан да жағдайы төмен адамға қол ұшын беруден қашпаған. Қазақта «Атымтай Жомарт» деген ұғым бар, бай, ауқатты, қолы ашық адамдарға қатысты қолданылады. Мемлекет басшысы елдегі осындай азаматтарды тағы да бірігіп, жомарттық жасауға шақырды.

Білім саласының қызметкері ретінде мені қуантқаны — Ресейдің техникалық университеттерін «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім беретін оқу орындары қатарына қосу туралы айтқаны. Мұның нәтижесінде «Болашақ» арқылы білім беретін университеттер қатары көбейеді. Мемлекет басшысы онда берілетін білімнің әлемдік деңгейдегі техникалық университеттерден кем түспейтініне баса назар аудартты.

Президентіміз берген тапсырмаларды орындап, оның қолға алған реформалары оңтайлы әрі тиімді жүзеге асуы үшін халық болып жұмылуымыз керек. Сонда ғана біз экономикасы мен саясаты қоса дамыған жаңа Қазақстанды бірге құра аламыз.

Мира БАЛТЫМОВА,
филология ғылымдарының кандидаты.
Ақтөбе қаласы.

 

/aqtobegazeti.kz/