Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Біз өзгеріске дайынбыз

Біз өзгеріске дайынбыз

Мемлекет басшысының әр сөйлеген сөзі мен үндеуінен жаңа Қазақстанды құруда жастардың маңызды рөл атқаратынын терең ұғынуға болады. Мен өзімді тәуелсіз Қазақстанда жүзеге асырылған сәтті білім беру реформалары мен жобалардың нәтижесімін деп есептеймін.

«Болашақ» бағдарламасы бо­йынша әлемнің беделді уни­вер­сит­етінде сапалы білім алып, елі­міздегі инновациялық білім платформаларында жұмыс істеп, тәжірибе жинап, қазіргі уақытта туған жерім Ақтөбеде Қ.Жұбанов университетін басқару сеніміне ие болуым – жастарға берілген мол мүмкіндік пен қолдаудың көрінісі. Мен сияқты мемлекет қолдауымен өсіп-өркендеп, енді сол инвес­тицияны елге адал қызмет ету ар­қылы өтеуге дайын жастар көп.

Жақында өткен Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХІ съезінде сөйлеген сөзінде ел Президенті Қасым-Жомарт То­қаев жастарды пайдалы қоғам­дық қызметке тартудың, сондай-ақ Қазақстандағы жұмыспен қамту және білім беру саласындағы жобаларға қолжетімділікті кеңей­­тудің маңыздылығына тоқ­­талды.

Өзім қызмет ететін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік уни­верситеті – еліміздегі ең ірі өңірлік жоғары оқу орындарының бірі. Бүгінде ұжымымыздың алдында академиялық сапа стандарттарын одан әрі жетілдіру, білім беру мазмұнын жаңарту, ғылымды жан-жақты қолдау, басқару процестерін трансформациялау және цифр­ландыру, сол арқылы еліміздің, Ақтөбе өңірінің, сондай-ақ жоғары білімнің дамуына айтарлықтай үлес қосу міндеті тұр. Аталған ма­ңызды өзгерістерді жүзеге асы­ру­да студенттер үлкен рөл атқара­ды. Университетіміздегі Сту­дент­тік парламент пен отыздан аса жастар клубы мен ұйымға жан-жақты қолдау көрсету үнемі назарда.

Сонымен қатар қазіргі таңда өткізілетін іс-шаралардың санынан гөрі мазмұны мен сапасына басымдық берудің және түрлі бағыттағы жұмыстарды ортақ тұжырымдамаға негіздеудің маңызы артып отыр. Тек университет қауымдастығы үшін ғана емес, қала мен өңірдің дамуына айтарлықтай үлес қосуға ынталы еріктілер қозғалысы белсенді түрде дамып келеді. Алдағы уақытта еріктілік пен қоғамға пайдалы қызмет ету Жұбанов университетінің әр студентінің ойында болса деймін.

Университетімізде 15 мыңнан аса студент білім алып жатыр. Әрине, жақсы оқу үлгерімін көрсетіп, өз әлеуетін толық дамыту үшін студенттердің эмоционалды күйі орнықты болуы керек. Студенттеріміздің жайлылығы мен тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында осы оқу жылында ең жоғары стандарттарға сай кәсіби психолог мамандарды жұ­мылдырып, психологиялық ор­талық аштық. Психологиялық ор­талық Қа­зақ­стандағы Психо­анализ орта­лығымен тығыз байланыста жұмыс істеп отыр.

Студенттер мен жас маман­дарға «Еліміз жасап отырған мүмкіндіктерді жасампаздыққа жұмсап, сапалы білім алыңыз және еліміздің ертеңі мен бүгіні үшін жауапкершілікті өзіңнен баста!» дегім келеді. Еліміздің бірлік-берекесін арттыруға бірге жұмылайық!

 

Лаура ҚАРАБАСОВА,

Қ.Жұбанов атындағы

Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры

Ақтөбе

/egemen.kz/