Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Педагогтер біліктілігін әр 3 жыл сайын арттыруға міндеттеледі — министр

Педагогтер біліктілігін әр 3 жыл сайын арттыруға міндеттеледі — министр

Біліктілікті арттыру курстары енді педагогтер үшін 5 жылда бір рет емес, 3 жылда бір рет өткізілетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жөнінде ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында мәлім етті.

«Болашақ педагогтерді дайындау сапасын арттыру үшін, салалық біліктілік шеңберін және «Педагог» кәсіби стандартын бүгінгі заман талаптарына сай өзгертеміз.

Пән мұғалімдерінің тапшылығы проблемаларын шешу үшін қайта даярлау тетігін қолданамыз. Мысалы, мамандығы мұғалім емес, бірақ кәсіби білімі мен тәжірибесі жеткілікті мамандар мұғалімдікке қайта даярлау арқылы тартылатын болады», — деді ведомство басшысы.

Министр бұдан былай педагогтер біліктілігін әр 3 жыл сайын арттыруға міндетті болатынын атады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен біліктілікті арттыру курстары енді педагогтер үшін 5 жылда бір рет емес, 3 жылда бір рет өткізілетін болады. Тиісті заң жобасы Парламентте қарастырылуда. Педагогтердің курстарының мазмұны да айтарлықтай өзгереді.

Педагогтерді жұмысқа қабылдау, аттестаттау процестерін автоматтандыру жоспарлануда, EduKyzmet бірыңғай ақпараттық жүйесінде мұғалімнің жеке кабинеті, портфолиосы ашық түрде жиналады. Бұл жүйе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін өте маңызды», — деді министр.

Асхат Аймағамбетов мектеп директорларын ротациялау рәсімі биылдан бастап толығымен жүзеге асырылатын еске салды.

 

/www.inform.kz/