Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Дүниежүзілік сайлау күні аталып өтті

Дүниежүзілік сайлау күні аталып өтті

Ақпанның алғашқы бейсенбісі — Дүниежүзілік сайлау күні.  Осыған орай облыстық сайлау комиссиясы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің құқықтану кафедрасымен бірлесіп, «Сайлау және конституциялық сайлану құқығы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Шараға аталған жоғары оқу орнының профессорлық-оқытушылар құрамы, магистранттар мен студенттер және сайлау комиссиясының мүшелері қатысты.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов тәуелсіз Қазақстанның тарихымен тығыз байланысты мемлекеттің сайлау жүйесінің қалыптасу және даму кезеңдері туралы айтты:

—  Бүгінде облыста 14 аумақтық және 517 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Сайлау комиссияларының мүшелері саяси партиялар мен әртүрлі қоғамдық ұйымдардың ұсынуымен сайланған.

Былтыр облыста 43 ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтті. Тұрғындардың дауыс беруімен 38 ер және 5 әйел адам ауыл әкімі болып тағайындалды. Сайлау жұмыстары биыл да жалғасын табады. Ақпан айында Хромтау ауданының Дөң және Мәртөк ауданының Тәңірберген ауылдық округтерінде сайлау өтеді. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 22 селолық округ әкімдерінің сайлауы өткізілмек, —  деді Нұрлыбек Жүсіпов.

Құқықтану мамандығының 4-курс студенті Камила Зинелғаппарова «Әлем елдерінің сайлау жүйелері» деп аталатын ТМД Парламентаралық Ассамблеясына қатысып, жоғары оқу орындарының студенттері арасында ұйымдастырылған республикалық интернет олимпиададан екінші орын алған. Сондай-ақ ол Санкт-Петербург қаласында өткен ғылыми пікірсайыс турниріне қатысқан тәжірибесімен бөлісті.

— Республикалық олимпиадаға еліміздің 37 жоғары оқу орнынан 354 студент қатысты. Бірініші кезеңде Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасы және әлем мемлекеттерінің сайлау жүйелеріне байланысты тест сұрақтарына жауап бердік. Ең көп балл жинаған 11 студент «Үздік пікірсайысшы» турниріне қатыстық. Ал халықаралық ғылыми пікірсайыс турнирінде ТМД елдері бойынша мыңнан аса студент бақ сынасты. Мұнда сайлау процесінде цифрлық технологияларды пайдалану мәселесін талқыладық. Жалпы, бұл мәселе біздің мемлекетімізде ғана емес, ТМД мемлекеттерінде ең өзекті мәселелердің бірі, — дейді ол.

Алға ауданы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ақмарал Нұрмағамбетова Өзбекстан мемлекетінің сайлау процестерінің ерекшелігі туралы айтты.

Дөңгелек үстел соңында қатысушылар өзара пікір алмасты.

 

Ақбота ҚАЛДЫБЕК

/aqtobegazeti.kz/