Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Мен гүл өсіремін!

Мен гүл өсіремін!

«Ақтөбенің шебер оқырманы»

Мен Ақтөбе қаласындағы Кеңес Нокин ауылының тұрғынымын. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде оқытушы болып қызмет атқарамын. Қолым қалт еткенде бөлме гүлдерін күтіп баптаймын.  

Гүл өсірумен айналысқаныма он жылдан асты. Еңбекке ерте жастан араласып, үй шаруасынан бөлек, дала жұмыстарын да жасадық. Ата-анамыздан гүл егіп, бау-бақша баптауды көріп өстік.

Әр гүл әртүрлі, олардың өзіндік ерекшеліктері бар. Бірі күннің көзін жақсы көрсе, енді бірі көлеңкеде жақсы өседі. Біреуіне суды молырақ құю керек болса, келесісі біраз уақыт су «іздемейді». Мұны білмесең, гүлді қуратып алуың әбден мүмкін. Әсіресе қыс мезгілінде бөлме өсімдіктерінің көпшілігі ауырады және солады. Сондықтан қарапайым үй жағдайында гүл өсіру үшін оның әдіс-тәсілдерін жақсы білген жөн.

Қазір үйде 30-дан астам бөлме гүлім бар. Атаулары да сан алуан. Маған әсіресе түймедақ және фуксия гүлдері ерекше ұнайды.

Әсем гүлдер үйдің сәнін келтіріп қана қоймай, адам жанына жылылық ұялататын қасиетке ие. Әйелі бар әр үйде гүлдер өсіп, ауласы жайқалып тұрғаны дұрыс.

Қазір жақындарым да түрлі мерекелерде маған қандай сыйлық беру керек екендігін жақсы біледі.

Жаз айларында да көкөністер мен жемістердің түр-түрін бақшамда өсіретін болсам, күзде  жылыжайда баптаймын. Қызымды да қасыма ертіп, еңбектің наны тәтті болатынын үйретуден жалыққан емеспін. Менің өмірлік ұстанымым да осы. Адам еңбек еткен сайын нәтижесін көре бермек.

«Ақтөбе» газетінің тұрақты оқырманымын. Облысымыздың жаңалықтарын үзбей оқимын. Өзім мұғалім болғандықтан білім саласына қатысты өзекті материалдарды жібермеуге тырысамын.

 

Гүлнар ЕЩАНОВА.

/aqtobegazeti.kz/