Пятница, Март 29, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Колледж студенттері бір бағдарлама аясында 3 біліктілік алып шыға алады

Колледж студенттері бір бағдарлама аясында 3 біліктілік алып шыға алады

Білім және ғылым министрлігінің онлайн ақпарат алаңында ведомство өкілдері техникалық және кәсіптік мамандарды даярлаудың жаңа трендтері туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Техникалық және кәсіптік білім беру департаменті директорының орынбасары Ернат Жүнісовтің айтуынша, саладағы білім сапасын жақсартып, заман талабына сай ету үшін үш бағытта кешенді шаралар қолға алынған.

«Техникалық және кәсіптік колледждердің білім сапасына жұмыс берушілер тарапынан да, қоғам тарапынан да сын көп айтылып жүр. Министрлік осы бағытта біраз жұмыс істеп жатыр. Соның бірі – академиялық дербестік. Бұрын колледждердегі оқу бағдарламаларын министрлік әзірлеп, оқу пәндері мен көлемін, мерзімдерін анықтап беретін. Оқу орны сол бағдарлама бойынша ғана жұмыс істейтін. Ол кезде оқу орындарының бағдарламаны өзгертуге ешқандй мүмкіндігі болмады. Академиялық дербестіктің аясында оқу орындары жұмыс берушілермен бірлесіп оқу бағдарламаларын кәсіптік стандарттар негізінде әзірлеп, мерзімін де өздері болып анықтайды. Бұрын оқу мерзімі 1 жылдан 4 жылға дейін болса, қазір оны жұмыс берушілер мен оқу орындары өздері белгілейді», -деді министрлік өкілі.

Департамент директорының орынбасары бір оқу бағдарламасы арқылы бірдей біліктілік алуға рұқсат берілгенін атады.

«Оқу орындары жұмыс берушілерді тартқан кезде еңбек нарығындағы, сол кәсіпорындағы нақты талаптың бәрін ескереді. Біз бір оқу бағдарламасы шеңберінде бірнеше мамандық алуға мүмкіндік бердік. Бұрын аспаз болып шығу үшін ғана студент 3 жыл оқуы керек болған. Қазір осындай бір мамандық аясында 3 біліктілік алуға рұқсат жасап отырмыз. Кез келген біліктілікті алғаннан кейін студенттер еңбек нарығына шығып, жұмысқа орналаса алады. Қажет болса, қайта келіп басқа біліктілік бойынша оқуын жалғастыра береді.

Оқу бағдарламаларын колледждер жанынан құрылған индустриялық кеңестер бекітеді», — деді Ернат Жүнісов.

/www.inform.kz/