Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Өмірін ғылым жолына арнаған ғалым

Өмірін ғылым жолына арнаған ғалым

Бүгін – Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні.

Жұбанов университетінде өмірін ғылым жолына арнап жүрген ғалым әйелдердің қатары жетерлік.

Солардың бірі  —  филология ғылымдарының докторы, теориялық және қолданбалы тіл білімі кафедрасының профессоры Күлзат Садирова.

Күлзат Садирова қазақ тіл білімін дамыту жолында еңбектеніп, ана тіліміздің грамматикалық құрылымын, нақты айтқанда, құрмалас сөйлемдердің құрылу заңдылықтары мен синтаксис мәселелерінің түркі тілінде зерттелуі мәселесін қазақ, башқұрт, татар тілдері материалдары негізінде талдап, саралап, тұжырымдап жүрген ғалым.

Күлзат Садированың қазақ тіл білімінде зерттеген бағыттарының бірі – дискурсология. Дискурс талдау теориясы деп те аталатын қазақ тіл біліміндегі бұл бағытты алғашқылардың бірі болып зерттеген. Ол ғылыми зерттеулерін үзбей жалғастырып,  қомақты жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Ғылыми ізденістерінің нәтижесі – 4 монография, 5 оқу құралы, 4 электронды оқу құралы, 4 авторлық куәлік,  140-тан аса ғылыми мақала, оның ішінде нөльдік емес импакт-факторлы журналдарда 5 мақала (Скопус,  Web of Science базаларында) және Хирш индексі – 1.

Білімін студенттермен, магистранттармен, докторанттармен бөлісіп, олардың көкірегіне құйып, саналарына сіңіріп келе жатқан ұстаздық қызметі де нәтижелі. Оған дәлел – Күлзат Қаниқызының ғылыми жетекшілігімен магистрлік диссертациясын 14 магистр сәтті қорғады. Сондай-ақ, екі докторанттың докторлық диссертациясына (PhD)  ғылыми жетекшілік жасап жүр.

Ғалым өзінің нәтижелі еңбегінің арқасында «ҚР ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2012 жыл» грантының иегері болды.

2021 жылы Күлзат Садирова Білім және ғылым министрлігі тарапынан 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарын гранттық қаржыландыру конкурсында жеңіске жеткен «Ономастикалық дискурс: мифологиялық аспект» тақырыбындағы ғылыми жобаның жетекшісі. Қазіргі таңда жоба сәтті жүзеге асырылуда.