Вторник, Октябрь 4, 2022
Басты > Жаңалықтар > Кітап әлемінде

Кітап әлемінде

Қазіргі таңда бала тәрбиесіндегі басты сұрақтардың бірі – «Балалардың кітап оқуға қызығушылығын қалай арттыруға болады?». Әсіресе, технологияның қарыштап дамыған кезінде смартфондар мен планшетті қолдарынан тастамайтын балалардың кітапқа деген қызығушылығын ояту мүмкін бе?

Осындай өзекті мәселенің шешу жолдарын қарастыру, балаға білімнің негізі – кітапта екендігін түсіндіру мақсатында Жұбанов университетінде «Оқитын ұлт-оқитын университет» ауқымды іс-шарасы бастау алды. Аталған жобаға қаламыздағы оннан астам орта мектептердің  бастауыш және жоғары 8-11 сынып оқушылары қатысады. Олар үшін кітапхана қызметкерлері, филологтар және Жұбанов университеті студенттері түрлі ивенттер ұйымдастырды.

Жоба университетте бір апта бойына жалғасады. Алғашқы күні оқушылар Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған  «Алаш Орда интеллегенциялары» – «Ахмет – сөз көсемі» тақырыбындағы әдеби кеште бас қосты. Кездесуде Алаш қайраткерлері туралы сахналық көрініс қойылып, А.Байтұрсыновтың өлеңдері оқылды.  Кеше бастауыш сынып оқушылары «Зерек» балалар орталығының білім алушыларымен бірге өздерінің кез келген әдеби кейіпкерлері туралы әңгімелеп берді.

Апта соңына дейін оқушылар  «Өнерлі де өрелі – Жұбановтар әулеті» библиокафесі, «М.Әуезов – көркем сөз шебері» оқырмандар бенефисі, сондай-ақ, «Интернет кітапты алмастыра ала ма?» пікірсайыс турнирі секілді шараларда дүниетанымын кеңейтеді.