Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жаңа тарихи-танымдық туынды

Жаңа тарихи-танымдық туынды

Ата — бабаларымыз ұрпағына жеті атасына дейінгі шежірені, салт-дәстүрді үйретіп, жадына жаттату арқылы сол дәуірдегі қоғамда ата тектілігі сынды қасиетті қалыптастырып отырған. Әулетінің шежіресіне, салтына қанығып өскен баланың ата тегін қадір тұтатыны белгілі. Қазіргі таңда да аталық тектілікті сақтау жолында үлкен тәлім-тәрбиелік мектептің рөлі жоғары.

Бүгін Жұбанов университетінде осындай құнды мәліметтерге толы жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. «Өмір-керуен» атты кітабында автор шежіре мәселесін талдай келе, ұлт шежіресін отбасы шежіресімен байланыстырып, халқымыздың бай әдебиетін әңгіме арқауы еткен. Айта кету керек, жаңа кітап авторы Қанатбай Елеусізұлы біздің университетіміздің түлегі. Ол мемлекеттік еңбек ардагері, Қазақстан журналистер одағының мүшесі. Бұл автордың бірінші кітабы емес, бұған дейін «Адамның сұңқары», «Тілеу батыр», «Батырдың оралуы», «Сағыныш» атты кітаптары жарық көрген.

Философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы алғысөзінде бұл кітапты тарихи-этнографиялық хикаят деп бағалайды. «Онда Қанатбай өз отбасы үлгісінде қазақы отбасы дәстүрлерін, бала тәрбиесі, ақсақалдар билігі, енелер институты, жеңгелер тәлімі, бесік психологиясы туралы мәселелерді әңгімелейді», — дейді профессор.

Тұсаукесерге қаламыздың зиялы қауым өкілдері мен университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Кездесуде кітап авторының өмір жолы, оның жазған еңбектері туралы айтылды. Шарада журналистика саласының ардагері Асқар Идош, тарих ғылымдарының докторы Нұртаза Абдуллаев, мемлекеттік қызмет ардагері Ахат Мырзалин және т.б. аталмыш туындының мазмұнын талдап, ол жайында құнды пікірлерін білдірді.