Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қазақстан, Ресей және Италия ғалымдары жаңа буын педагогтарын даярлау мәселелерін талқылады

Қазақстан, Ресей және Италия ғалымдары жаңа буын педагогтарын даярлау мәселелерін талқылады

Жұбанов университетінде «ІІІ Калюжный оқулары: педагогикалық ғылым мен практиканың консолидациясы жаңа буын мамандарын даярлаудың негізі ретінде» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ғылыми іс-шара бірегей ғалым Анатолий Калюжныйды еске алуға арналды. Жұбанов университетінің профессоры, Халықаралық имиджелогия Академиясының, Халықаралық адам факторы Академиясының, Халықаралық әлеуметтік жұмыс Академиясының академигі, 180-нен астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 8 монография мен электрондық оқу құралдарының авторы.  Анатолий Калюжный сонымен қатар мұғалімнің кәсіби имиджі, педагогика мен психологияның интеграциясы мәселесін зерттеген ғалым ретінде де танымал.

Кездесуде Жұбанов университеті ректоры Лаура Қарабасова профессор Калюжный біздің университет тарихында ғана емес, сонымен қатар отандық педагогика мен психологияның қалыптасуы мен дамуында ерекше орын алатынын атап өтті. Ректор қатысушыларға жемісті ғылыми сұхбат пен пайдалы инсайт тіледі: «Қазіргідей  Қазақстанда педагог кадрларды даярлау жүйесін жаңғырту жүріп жатқан кезде, мұндай ғылыми алаңдар көрнекті ғалымдардың идеяларын талқылау, біздің педагогтар мен шетелдік ғалымдар арасында пікір алмасу үшін өте маңызды».

Онлайн және офлайн форматтағы ғылыми конференцияға аға буын өкілдері (пікірлестер, әріптестер, Анатолий Калюжныйдың оқушылары), сондай-ақ бүгінде ғалымның зерттеулері бойынша білім алып жатқан докторанттар, магистранттар мен студенттер қатысты.

Баяндамашылар арасында педагогика ғылымдарының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Наталья Хан,  психология ғылымдарының докторы, профессор, П.Г.Демидов атындағы Ярославль мемлекеттік университетінің Психология факультеті кеңес беру психологиясы кафедрасының меңгерушісі Надежда Клюева, педагогика ғылымдарының докторы, Мәскеу мемлекеттік университетінің педагогика және заманауи білім беру технологиялары кафедрасының профессоры Людмила Илларионова,  психология ғылымдарының докторы, профессор, Н.Г. Чернышевский атындағы Саратов ұлттық зерттеу мемлекеттік университетінің білім беру мен дамудың әлеуметтік психологиясы кафедрасының меңгерушісі Раиль Шамионов, Л. Н. Гумилев Еуразия ұлттық университетінің педагогика ғылымдарының кандидаты Ғабит Шүйтенов, Генуя университеті, философия ғылымдарының докторы, доцент Диана Спулбер және т. б. болды.

Кездесуге қатысушылар педагогтарды даярлау мәселелеріне қатысты өз көзқарастарын ортаға салды. Сонымен қатар Анатолий Калюжный туралы естеліктерімен бөлісіп, ғалымды еске алуға арналған тағылымды шара үшін университет басшылығы пен педагогика факультетіне алғыстарын білдірді.