Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Психологиялық денсаулық — табысты өмір кепілі

Психологиялық денсаулық — табысты өмір кепілі

Мамандардың айтуынша, үлкен ұжымда конфликтология, тұлғааралық қатынастар, кәсіби деформация, дағдарыс сияқты басқа да  мәселелер болуы мүмкін. Психикалық денсаулықты сақтай алуға тұлғаның кейде ішкі ресурсы жетпей жатады. Оның үстіне, қазір бәсекелестігі жоғары заманда қай салада болмасын өмір сүру заңы қатал. Сондықтан психологтың көмегі дер шағында демеу болары анық.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ұжымы үшін ашылған психологиялық қызмет  орталығының негізгі мақсаты — осы. Бұл орталық мұндағы 15 мыңнан астам студент пен оқытушы құрамды мазалаған сұрақтарға жауап береді. Аталған оқу орнының ректоры Лаура Қарабасовамен болған сұхбат та осы тақырып төңірегінде өрбіді.

 — Оқу ордасы жанынан психологиялық қызмет орталығын ашу қандай қажеттіліктен туындады? — «21 ғасыр — психология ғасыры». Бұл — жаңа технологиялардың дәуірі екені айдан анық. Күннен-күнге өркендеп келе жатқан жаңа технология мен өндірістік дамудың салдары адам жанына әсері болары сөзсіз. Себебі, жаңа технологияны меңгеру мен оны өз қажеттілігіңе жаратудың өзі адам жүйесіне салмақ салары анық. Бұл — бүгінгі күннің талабы.

Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың сөзімен айтқанда,  психология — адам жанының жайын, жан тұрмысын, жан күштерін, жан көріністерін, ақыл-қайрат, көңілдің жайын баяндайтын кітап. Ағартушы пікірі өзектілігін әлі де жоғалтқан жоқ.  Бүгінде, еңбек адамының кәсіби білім-біліктілігімен қатар, өнімді еңбек қылуы үшін эмоционалды күйі де аса маңызды. Біз сәт сайын күйзеліс  туғызатын қоғамда өмір  сүріп жатырмыз. Қазір жас пен кәрі болсын, байқасаңыз әрбір жанның ішінде, жүрек түкпірінде жасырып жүрген жан жарасы, солқылдақ тұсы бар.  Ол денсаулығына, жан саулығына әсер ететіні сөзсіз. Отбасында береке жоқ қызметкер, жұмысқа кеп өнімді еңбек қылады десем, сенер ме едіңіз? Сол сияқты, ата-анасымен, достарымен қарым-қатынасы шиеленіскен студент, оқуға кеп өзін жақсы жағынан көрсетуі мүмкін емес. Сондықтан да психологиялық денсаулық — табысты өмір кепілі. Көңіл-күйіңіз жақсы, жан дүниеңіз тыныш болса, кез-келген қолға алған ісіңіз, еңбегіңіз өнімді болмақ. Университет жанынан психологиялық қызмет орталығын ашу осындай қажеттіліктен туындады десем болады.

Мұндағы негізгі міндет қандай және мамандар мәселесі қалай шешілді?

— Аталған орталықта студенттер мен оқытушылар жеке қабылдаулардан өтіп, жабық терапиялық топтарға қатысып, тренингтер мен семинарларда өзін жаңа қырынан дамыта алады. Басты міндет — ең алдымен, студентерге, одан соң қызметкерлерге психологиялық қызмет көрсету, қолдау.

Күнделікті қым-қуыт тіршілікте, оқуда, жұмыста жүріп, өз жанымызға үңілуді естен шығарып жатамыз. Мұндай олқылықтардың да орнын толтыруға осы  орталық арқылы ықпал етеміз деп ойлаймын. Мүмкін осы бастамамыз арқылы өңірдегі психологиялық мәдениеттің көтерілуіне септігіміз тиер. Бұл қызмет, жоғарыда аталғандай, студенттер мен оқытушыларға, қызметкерлерге арналады. Жалпы, негізгі басымдық студенттерге беріледі. Университеттің әр студенті  әрбір оқу жылында 10 академиялық сағатқа дейін жеке қабылдауға жүгіне алады. Бүгінгі күні оқу орнында 15 мыңнан астам студент білім алады. Сондықтан да, орталыққа мейлінше көп студентті  қамту үшін осындай шектеу қойып отырмыз. Біз бұл орталықта қызмет ететін мамандарды іріктеуде қатаң талаптарды ұстандық. Ең бастысы — мамандардың психолог-практик болуына баса назар аудардық. Бүгінгі күні мұнда осындай 4 маман қызмет жасайды. Негізінен, жақсы психологтың, яғни, өз клиенттерін құрметтейтін маманның жеке терапиясы мен супервизиясы болады. Бұл да басты талаптарымыздың бірі болды. Қазір мұнда еңбек етіп жатқан қызметкерлеріміздің барлығының дерлік жеке терапиясы мен тұрақты супервизиялары бар. Дегенмен әрбір маман алдына келген клиенттің көз жасын сүртіп, қолдау көрсете алуы үшін өзінің жаны белгілі бір дәрежеде сау болуы керек. Сондықтан да мұнда қызмет жасайтын әр маман өз жан саулығын осы терапия арқылы қолдап отырады. Ал супервизия — оларды эмоциялық күйреуден сақтайды. Психологтың алдына сан алуан проблема, небір ауыр тағдырды арқалаған жандар келеді. Сол кезде маман клиентіне дұрыс көмек беру үшін немесе өзі қиналған тұстарда, өзінен біліктілігі жоғары маманнан кәсіби біліктілігін көтеру үшін супервизияға қатысады.

— Орталық жұмысы қандай теорияға негізделген?

Орталық мамандары психоанализдің негізін қалаушы Зигмунд Фрейдтің теориясына сүйеніп, келушілерге терапевтік қызмет көрсетуден бастады. Дегенмен, психология қазақ халқы үшін жат ұғым емес. Өйткені, қазақ зиялыларының еңбектерінен, әсіресе, Мағжан Жұмабаевтың жантану мәселелерін көптеп зерттегенін кездестіруге болады.  Абай мен Шәкірімнің түйіндерінде психоанализдің иісі аңқып тұр. Психоанализ символикалық ойлау принципін ұстанады десек, қазақтың әр мақалынан мән табасыз. Психоанализ  — адамдардың бейсанасымен жұмыс. Бейсана деп отырғанымыз, біздің  санадан тыс әрекеттеріміз, ойларымыз бен сезімдеріміз. Образды суреттегенде, мұхит бетіндегі айсбергті елестетіңізші. Айсбергтің су бетіндегі көзге көрініп тұрған бөлігі — сана, ал бізге елеусіз, көзімізге көрінбей тұрған бөлігі — бейсана. Сол бейсананы зерттеу арқылы өзіміздің де беймәлім тұстарымызды ашып, ішкі дүниемізді тани аламыз. Өз кезегінде, еш себепсіз-ақ ұнамсыз көрінетін қызметкер, қылықтары жақпайтын студент және келісімге келе алмайтын ұжымдық әрекеттердің бәрі бейсаналы процесс болуы мүмкін. Ендеше, бейсанадағы осы кейіпкерлермен психолог кабинетінде  кездесіп, үйлесім табылары сөзсіз. Алдағы уақытта біздің Орталық Азияның Психоанализ институтымен бірлескен жобалар жүзеге асыру ойымызда бар.

Бүгінгі күнге дейін қандай жағдайларға байланысты қызмет түрі көрсетілді? 

Психолог жұмысындағы алтын ереже — құпиялылық. Мемлекеттік мекемелерде жұмыс жасайтын психологтарға неге көп адам жүгінбейді? Өйткені, сенім артпайды. Біз де осы орталықты ашарда осы құпиялылық қағидатын мықтап ұстануға бекіндік. Сондықтан, мамандар өз жұмысы туралы статистикалық есепті өзара жүргізіп, тек бірінші басшыға қай бағытта жұмыстану қажеттігі туралы ғана ұсыныстарын береді. Ал жеке терапиялардағы терең мәселелер сыртқа шықпайды.  Біз өз студенттеріміз бен қызметкерлерімізге деген қамқорлық пен сенімді бірінші орынға қойып отырмыз.

 

Сұхбаттасқан Арайлым НҰРБАЕВА.

«Үш таған» қоғамдық-саяси,

әлеуметтік-рухани журналы