Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > 18 студент Түркияда оқуға жолдама алды

18 студент Түркияда оқуға жолдама алды

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік универсиететінің 2-3 курс студенттеріне шетелде білімін жалғастыруға мүмкіндік береді. Осы жолы университеттің 18 студенті Түркияда білім алмақшы. «Түрік тілі» курсына қатысып, жоғары нәтиже көрсеткен студенттер Сакарья және Кастамону университтерінен шақырту алды.  

Аружан СМАҒҰЛОВА

kerekinfoaktobe@gmail.com

Шевкет Өтен (түрік тілінің мұғалімі):

Қазақстандық студенттерді түрік тілінде оқыту қиын емес. Алғашқы дәрістер қазақ тілінде өтті. Біраз уақыттан кейін дәрістер тек қана түрік тілінде жүргізілді. Түрік және қазақ тілдері бір-біріне өте ұқсас. Грамматикалық жағынан екі тілдің ұқсастықтарын оңай тануға болады. Орысша қоспай, яғни ауызекі сөйлесу барысында таза қазақша сөйлейтін студенттер түрік тілін оңай меңгереді. Біріншіден, жоғарыда айтып өткенімдей екі тіл өте ұқсас. Екіншіден, бұл студенттер орысшадан гөрі қазақ тілінде еркін сөйлей алады.

Студенттердің тест нәтижелері көңілімнен шықты. Қысқа мерзімде түрік тілінде білім алып, осындай нәтиже көрсетуі өте жақсы көрсеткіш деп білемін. Түркияда оқудың көптеген артықшылықтары мен пайдасы бар. Студенттер шетелді көреді. Сол халықтың мәдениетін, психологиясын түйсінеді. Оқып келгеннен кейін де білімін шыңдауға талпынады, жоғары нәтижеге қол жеткізуді қалайды.

Гүлбану Қуанышқызы (Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік универсиететіндегі Халықаралық ынтамақтастық орталығының маманы): Академиялық ұтқырлық – шетелде білім алғысы келетін жастар үшін керемет мүмкіндік. Түркияда білім алу үшін университетімізде ұйымдастырылған «Түрік тілі» курсына қатысу керек. Курсты тәмамдаған соң деңгейлік тест тапсырып, В1 деңгейіндегі сертификатты алады. Содан кейін конкурсқа қатысуға өтініш тапсырады. Құрылған комиссия студенттерді GPA көрсеткіші мен тілді меңгеру деңгейінің жоғары болуына, қоғамдық іс-шараларда белсенділігіне қарай іріктейді. Үздік деп танылғандар мамандығы бойынша Түркиядағы университеттердің бірінен шақырту алады. Осы жолы 18 студент Түркияда оқуға жолдама алды. Оның 10-ы Сакарья қаласындағы Сакарья университетінде, қалған 8-і Кастамону қаласындағы Кастамону университетінде білімін жалғастырады. Олар осы семестрді сол жақта оқып, шілде айында оралады.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша студенттер тек Түркияда ғана емес, Европа елдерінде, Америкада, Қытайда оқуға мүмкіндік алады. Осы жылы 90-ға жуық студент шетелде оқуға жолдама алды. Өткен жылы күзде 2 студент Түркиядан білім алып келді.

Бұл бағдарлама негізінде тек студенттер ғана емес, сондай-ақ оқытушылар да, оқушылар да, өзге де адамдар оқи алады. Онлайн, оффлайн топтарға бөлініп, ақылы негізде шет тілінде курс оқып шығады. Алайда Түркияда білім алу бағдарламасы тек университеттің бакалавриатында және магистратурасында оқитын студенттерге арналады.

Шетелде білім алғысы келетін студенттерді әрдайым қолдауға әзірміз. Жыл сайын университеттің халықаралық деңгейін көтеру мақсатында түрлі бағдарлама ұйымдастырамыз. Студенттердің барып-келуіне, құжаттарын әзірлеуде, шетелдік координатормен байланысуына көмектесеміз. Олардың қауіпсіздігі – біздің мойнымызда.

 

Әсет Қуаныш (экономика және құқық факультетінің 3-курс студенті):

Елдегі жағдайға байланысты түрік тілін онлайн оқыдым. Түрік тілі пәнінің мұғалімі дәрісте әр түрлі тілдік жаттығуларды, тесттерді пайдаланды. Осылайша түрік тілін тез меңгеруге тырыстық. Түбіміз бір түркі елі болсақ та, қос тілде өзіндік айырмашылықтар бар. Түрік тілі — көне заманда қалыптасқан тілдердің бірі. Түрік тілі уақыт өткен сайын түрленіп келеді. Менің бір байқағаным, бұл жақта да әр мекеннің өзіне тән сөйлеу диалектісі қалыптасқан.

Шетелде білім алуды ұзақ уақыт ойлап жүрдім. Іздендім. Түрлі парақшалардан шетелден білім алып келген студенттерді көріп, олармен әңгімелестім. Университеттің «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы жайлы естідім. Осылайша шетелде оқысам деген ойым мақсатыма айналып, түрік тілін оқуды бастап кеттім.

Түркиядағы Сакарья университетіне оқуға жолдама алғанымды естігенде қатты қуандым. Содан кейін оқудың жайын, жауапкершілікті ойлап, санамда сәл қорқыныш ұялағаны рас.

Түркия маған қатты ұнады.Бұл елдің табиғатына таңқалмау мүмкін емес. Бұл елдің мәдениеті, адамдардың бір-біріне қарым қатынасы өте ерекше. Сырттан келгендерді жылы шыраймен қарсы алады. Екі елдің білім беру жүйесінде көптеген айырмашылық бар. Мен өзім экономика саласы бойынша білім алып жатқандықтан осы бағытқа аса мән бердім. Ғылымның даму ерекшеліктері мен стратегияларын өзімше бақылап, бағдарлап жүрмін. Білген түйгендерімді жазып, түртіп аламын. Оқуға келгендегі мақсатым — оқып жүрген мамандығымның жаңа қырларын танып біліп, жаңа Қазақстанның бір керегіне жарату.

Ақторғын Есболаева (музыкалық білім мамандығының 3 курс студенті):

Мен түрік тілін 1 курстан бастап оқуды шештім. Менде Түркияға барып оқып келсем ғой деген тәтті арман болды. Курс барысында әр түрлі қызықты жағдайлар болды. Екі тіл ұқсас болғандықтан сөздерді алмастырып айтып жіберу сияқты қызықтар басымнан өтті.

Мен университетіміздің  инновациялық технологиялық паркінің инстаграм парақшасынан шетелде оқуға мүмкіндік бар екенін білдім. Ол үшін тілді жетік меңгеріп, білім көрсеткішінің жоғары болу керек екенін оқыдым. Орталыққа барып, координатор Гүлбану Қуанышқызынан академиялық ұтқырлық, «Мәулана» бағдарламалары арқылы грант ұтып алып, бір семестр Түркия елінде оқуға болатындығын естідім.

Оқуға құжат тапсырар алдында ата-анама шетелде оқығым келетінін айтпадым. Шетелге жібермей қалар деген ой болды. Бірнеше ай хабар күту қиын болды. Оқуға бармай қалсам не болады деген сынды ойлар мазалады. Осы бір шақыртуды оқыған кезде кеудемді қуаныш кернеді. Бірақ уайым екі есе артты. Алайда ата-анама сүйінші хабарды жеткізіп, батасын алып, оқуыма дайындалдым.

Түркия мен Қазақстанның көп ұқсастығы бар. Менің мамандығым музыкалық біліммен байланысты болғандықтан көне түрік мәдениетімен, өнерімен етене жақын танысып, жаңа білім жинақтағым келеді. Түркияның табиғаты, халқы қатты ұнады. Адамдары қарапайым, әрі еңбекқор. Жалпы білім беру деңгейі бұл жақта күрделілеу. Бұл жақтан жақсы білім алып, өз тәжірибемде қолданамын деп ойлаймын.Білім қашан да үздіксіз ізденісті, оқуды талап етеді. «Сендер елдің айнасы болып барасыңдар. Жақсы оқып келіңдер», — деп тілек білдіріп, мүмкіндік берген университет ректоры Лаура Чапайқызына және бізбен әркез байланыста болып, көмегін аямайтын координаторымыз Гүлбану Қуанышқызына шексіз алғысымды білдіремін.

 

/kerek-info.kz/