Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Бәріміз тарихтан сабақ алуымыз керек

Бәріміз тарихтан сабақ алуымыз керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатында өзекті мәселелерге қатысты сауалдарға нақты жауаптар берді. Тарқатып айтсақ, мемлекеттік тіліміз туралы «мемлекеттің мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз керек. Тіліміз бізден басқа ешкімге керегі жоқ. Сондықтан ең алдымен, өзіміз ана тілімізге құрмет көрсетуіміз керек» екенін кезекті рет атап өтті.

 

«Қаңтар қасіреті» алдын ала жоспарланған әрекет екені айтылды, арнайы дайындықтан өткен қылмыстық топтар мен лаңкестер бейбіт шерудің бел ортасында жүріп, қарақшыларды, құқық бұзушыларды басқарған. Ал бейбіт шерушілер солардың қармағына түскен. Қазір сол кінәсіз азаматтардың құқығын қорғауымыз керек. Бұл біздің халқымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің тұтастығына төнген қауіп болды.

Әрі қарай ел Президенті «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 30 жылдық еңбегін жоққа шығаруға болмайды деп ойлаймын. Тарихқа қиянат жасамау керек. Нұрсұлтан Назарбаев – мемлекетіміздің іргесін қалаған, мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосқан тұлға. Оның қызметіне әділ баға беруге міндеттіміз. Тұңғыш Президенттің кемшіліктері болса, одан жас басшылар сабақ алуы қажет», деп болашаққа бағдар берді.

Қ.К.Тоқаев Жаңа Қазақстан тұжырымдамасын іске асыру қажетті бірнеше үшін күрделі әрі аса маңызды мәселелерді атап өтті.  Ол үшін адами капитал жоғары болуы қажет, білімі жоғары, парасатты, білікті кадрлар қажет, бұл үшін Президенттік жастар кадрлық резерві құрылды, әлі де шаралар қабылдануы керек, себебі мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап өте жоғары болуға тиіс. Сонымен қатар, «еңбекқорлықтың, біліктіліктің идеологиясын көтеруіміз керек.

Ұлтымыз дүние жүзінде, ең алдымен, еңбекқор, жұмысқа адал ұлт ретінде мойындалатын болса, бұл экономикамызға оң әсер етеді. Масылдықтан, жалқаулықтан алшақ болуымыз қажет» деген ойы көңілімізге қонды. Мемлекет басшысы қазақ журналистикасының деңгейіне жоғары баға беріп, бұрыннан қалыптасқан дағдысы бойынша мерзімді баспасөзді үзбей қарайтынын, оның ішінде «Egemen Qazaqstan», «Aiqyn», «Астана ақшамы», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ», «Түркістан» газеттерін міндетті түрде оқып, теледидардан жаңалықтар мен сараптамалық бағдарламаларды көретінін айтты.

Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дегеніне ден қойсақ, ресми бұқаралық ақпарат құралдары – тілімізді, идеологиямызды, руханиятымызды сақтаудың тамыры. Президент «Адамдар мемлекет үшін емес, мемлекет адамдар үшін» деген ұстанымды жариялау арқылы «Егемендікті сақтап қаламыз ба?» деген күмәнді ойға берілмей, әрқайсымызды «Тәуелсіздігімізді қалай бекем ұстап қаламыз?» деп ойлануға шақырды.

Себебі біз үшін жалғыз ғана мемлекет бар, ол – Қазақстан. Бұл – біздің қасиетті Отанымыз. Басқа Отанымыз жоқ. Отанын қорғау, халқының амандығын сақтау – әр азаматтың борышы. Осыны ұмытпауымыз керек. Қазақ елі жасай берсін!

Мира БАЛТЫМОВА,
Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты,
Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
университетінің бас ғылыми хатшысы

//bilimdinews.kz/