Четверг, Июнь 13, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Амангелді Айталы: «Жаңа Қазақстан» – жаңа қоғамның бастауы

Амангелді Айталы: «Жаңа Қазақстан» – жаңа қоғамның бастауы

Қоғамда қордаланған мәселелердің аражігін ажыратып, жұртты мазалаған сауалдарға жауап іздеу – журналистің басты міндеті. Осы орайда философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталыға көпшілік көкейіндегі сұрақтарды қойған болатынбыз.

– XIX ғасырда ағылшын премьер-министрі Бенджамин Дизраэли «отар­ланған ұлт тек тәуелсіздігін жарияла­ғандықтан тәуелсіз бола салмайды» деген екен. Осы туралы сіз не дер едіңіз?

– Қаңтар оқиғасы бұл пікірдің өте орын­ды екенін, тәуелсіздік тарихтың бізге берген мәңгі сыйлығы емес, сыны еке­нін ескертті. Тәуелсіздігін жаңадан ал­ған ел әлеммен жаңа қарым-қатынас, алыс-беріс қалыптастырып, ұпайын түген­деу үшін өтпелі кезеңді, кейде қанды оқиғаларды бастан өткізуіне тура келеді. Мет­ро­полия жұмсақ әдістермен, тікелей мәжбүр­леумен, астыртын айламен де отарланған ұлтты уысынан шыға­р­мауға тырысады. Әлемдегі ең отар­лаушы империяның премьер-министрі осыны меңзеп отыр.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» атты ең­бегінде тәуелсіздік алған 30 жыл­дың ішіндегі оның әр белесіне баға берді. Еліміз түрлі дағдарыстардан, ұлтара­лық, дінаралық қақтығыстардан шығу­­дың күрмеуі қиын жолдарын іздеді. Бей­біт ел болып әлемге танылдық, нарық­т­ық экономика бағытында күрделі рефор­малар жасалынды, экономикалық дағ­дарыс та біраз еңсерілді. Дегенмен тәуел­сіздік әртүрлі психологиялық көңіл күй туғыз­ды. Ұлттық патриотизмнің балалық ауруына шалдықтық. Бұл – тәуелсіздік алған жас мемлекеттерге тән рухани, саяси дерт. Егемендігін XX ғасырдың 60-жылдарында алған африкалық елдердің бүгінде өкініштері зор. Олар өткен тарихи жолдарына «мүмкіндікті пайдаланбаған уақыт» деп баға береді. Африкалық жазушы А.Квеи Арма «Жарқыншақ» атты ро­ма­нында саяси-экономикалық және эт­ни­­калық салада армандаған «алтын ғасыр­­ға» қол жетпек түгілі, отаршылық өмір салты мен ойлау жүйесінің етек ал­ға­н­­­ды­ғына және бұл ұлттық рухани то­қы­­рау­ға, ұлт элитасының сол ахуалға жай­­ба­рақат қарай­тынына қынжы­лады. Отар­лау­шы­лардың ақыл-санада қалдыр­ған азабы мен жапасынан арылу – ұзаққа созы­латын дүние. Бұл – бүгін біздің де бас ауруымыз.

Біз ұлттық романтизмге де шалдықтық. Табиғи байлығымыз патриотизмнің ерекше бір түрін – ресурстық патриотизмді туғызды. Қоржынында ат басындай алтыны бар қайыршылар болатынын, ол алтын бұйым, тауар болмайынша байлыққа айналмайтынын, оның кәсіби еңбексіз байлық болмайтынын енді ғана түсіне бастадық. Ең басты байлық – білім, ең қуатты жанармай тер екенін де заман аңғартып келеді. Шүкір, ұлтымыз тұтас­тай рухани дертке шалдыққан жоқ. Ұлтымыздың алтын тіні, өзегі болашаққа негіз боларлық тірек, қуат болатынын қаңтар оқиғасы да көрсетті.

Тәуелсіздіктің формуласы: Тәуелділік – Тәуелсіздік – өзара тәуелсізділік. Тәуелсіздік алған мемлекет басқа елдермен араласып, ықпалдасып өмір сүреді. Қазақстан бүгін әлемдік экономикалық интеграцияға еніп, 184 елмен мұнай, астық, басқа да тауарларымен өзара сауда-сат­тық қатынасты өрбітіп отыр. Сонымен бір­ге біз жаңа отаршылдықпен бетпе-бет кел­іп, оның ауыр әлеуметтік катаклизмдер туды­ратынын көріп отырмыз. Шетелдік ком­­паниялар еліміздің экономикалық сая­­сатына да, стратегиясын айқындауда да қы­сым жасайтыны белгілі. Елдегі жұ­мы­с­сыздықтың өсуі, еңбекақының азаюы, қазақ жұмыс­шыларының ұлттық тұрғы­дан кем­сіту­шілікке ұшырауы – осының дәлелі.

Біз тәуелсіздік алған африкалықтардан сауатты, технологиядан да хабарымыз мол, та­би­ғи байлығымыз да бола тұра неге кедей­міз деген ой мазалай бере­ді. Ер­­кін­­дік алдық дегенмен, біз жаңа отар­­шы­­­­лардың ғана емес, өз шенеу­нік­­тері­мізге де жем болдық, сұға­нақ­ты­­лық­қа, жемқорлыққа бейім жандар билікке келді, әділдіктің емес, сән-сал­танаттың, мол­шы­­лықтың үлгісін көрсетіп, елді аздырды.

– Ел тәуелсіздігі туралы сөз қозғал­ғанда Еуразиялық экономикалық одақ туралы мәселені айтпауға болмай­ды. Осы Одақты құруға бастамашы болған Қазақстан еді, айналып келгенде кіріп­тарлық ноқтасын өзіміз киген жоқпыз ба деген пікір елде жиі айтылады…

– Экономист ғалымдарымыздың айтуына қарағанда, Одақ елдері сыртқы экономикалық жағымсыз процестерге қарсы тұра алды, экономикалық өсімге мүмкіндік туды. Отын-энергетикалық кешені, қара және түрлі-түсті металлур­гия, астық өнімдері сыртқа көбірек шыға­­рылуда. Әйтсе де технологиялық жағы­нан бәсекеге қабілетті өнім шығара­тын нарық­тық жүйе қалыптасқан жоқ. Экономикалық, интеграциялық шаруа­шы­лық кешендері дами алмай жатыр.

Еуразиялық экономикалық одақ ел­дерінің алыс-берісі екіжақты пайдалы келі­сімдерге негізделуі керек еді. Бірақ Одақ­та импорттан түскен табыстың 92%-ы Ресейдің пайдасына шешіледі. Эконо­микамыз негізінен шикізатқа негіз­­деліп, инвестицияның 80%-ы сол са­ла­ларға жұмсалады. Экономикалық қарым-қатынастарда қазақстандық тауар­лар­ды шектеп, ресейлік өнімді қолдау басымырақ. Тең құқылы қарым-қатынас­тарға жол ашылмай тұрғаны анық.

Ресей пайдасына жұмыс істейтін ортақ мұнай, мұнай өнімдері, электр энергия нарығы, теміржолда жүк тасу тарифтері, құбырлар арқылы мұнай тасымалдау, басқа да мәселелерді әділ реттеу кейінге ысырыла береді, себебі Ресей экономикасы ұтып отыр.

Енді мынаны қараңыз. Кеден салығы­нан түскен кірістің 88%-ы – РФ, 7,5%-ы – Қазақстан, 3,5%-ы Беларусь Республи­касына тиеді. Осы мәселелерді әділ, демо­кратиялық жолмен дауыс беріп шешейік десек, Ресейдің дауысы 75%, Қазақстан мен Беларусьтің әрқайсысының үлесі 12,5% дауысқа ие. Мұндай жағдайда өзара теңдік болуы мүмкін емес. Шексіз, абсолют­ті басымдық қай салада да Ресей­де. Ал Еуроодақта, мысалы, әр мемле­кет барлық мәселелерді шешкенде бір дауыс­қа ғана ие. Осындайда Ахмет Байтұр­сыновтың мына сөздері ойға оралады.

«Бұл күнге бүгін емес, көптен кірдік,

Алды-артын аңдамаған бетпен

кірдік…

Кіреді тентек есі түстен кейін,

Мүшкілін халіміздің енді білдік».

«Тәубеге келмей жатып қуанған адам түбі бір нәрсеге жылайды» дегендей, мұн­дай Одаққа баратын жол бар, шығатын жол жоқ…

– Еліміздің мүмкіндігі мен халық­тың тұр­мыс-тіршілігін бағам­дай­тын бол­сақ, арасы жер мен көктей. Осы ал­шақ­тықты қалай реттеуге болады?

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтың табысында алшақ­тық пайда болғанына баса назар аударады. Ел ішіндегі үлкен наразылық осы алшақтық­қа байланысты туындап отыр. Ғалымдар­дың деректері бойынша елімізде 162 адам Қазақстан байлығының жартысына ие. Еліміздегі 12 млн 85 мың 857 ересек адамның 96,6%-ның жылдық табысы орта есеппен 10 мың доллардай болды. Ал 2,7% (326 322) адамның табысы жылына 100 мың долларды құрайды. 0,35%-ның (42 030 адам) табысы 100 мыңнан млн дол­ларға жеткен. 0,05% (50 838 адам) та­бы­сы 1 млн-нан 50 млн долларға де­йін жеткен. 0,001%-ы, яғни 162 адам ша­ма­мен ел байлығының 55%-ын иемденген. Олардың ішінен 112 адамның табысы 50 млн-нан – 80 млн-ға дейінгі ара­лықты құраған. 45 адамның табысы 80 млн доллардан 800 млн доллар ш­а­масында. Ал 5 адамның табысы 2 млрд-тан 3 млрд-қа дейінгі ара­лықты қамтиды. Бұлар – еңбекпен, білім­мен, ақыл-парасатпен емес, бюджет есе­бінен байығандар.

Ешқандай қоғамда барлығы да бай, болмаса барлығы да кедей болмайды. Қоғамның даму барысында бай кедей­леніп, кедей еңбекпен дәулеттілер қатары­на қосылады. Ат төбеліндей бір топтың бай болып, басқалардың маңдайына ке­дей­лік жазылғандай тағдыр елді ойланды­рып қоймайды, әрекетке итермелейді. Қаң­тар қасіретінің түпкі бір себебі осында.

– Әлеуметтік ахуалдың қыр-сыры, астары терең. Соның біріне ғана назар аударайық. Бұл – урбанизация. Урба­ни­­зацияның өрісіне көңіліңіз тола ма?

– Урбанизация – әлемдік үрдіс, оны тек жағымды процесс деп қабылдаудың дұрыс еместігін әлемдік тәжірибе көрсет­ті. Қазақстанда да соңғы он жылда ауыл халқы қалаларға қарай ағыл­ды. Жос­парсыз, стихиялық көші-қонды қалалар қабылдауға дайын болмады. Осыдан келіп қалалар жұмыссыздықтың, қылмыстың, моральдық азғындаудың, отбасылық дағдарыстың, әртүрлі әлеу­мет­тік проблемалардың, экстремис­тік әрекет­тердің орталығына айнал­ды. Батыс ел­дерін­де урбанизация бір­неше ғасыр­ға созылып, халық бірте-бір­те қала­­лық тұрмыс салтына бейімделсе, бізде бұл үрдіс өте тез өтіп жатыр. Бұл мем­­­лекетке қауіп-қатер туғы­зады. Бір жағы­­нан, қазақ даласы бос, иесіз қалып жат­са, екінші жағынан, қала­ларда, олар­дың төңірегіндегі жұмыс­сыз халық, әсі­ресе жастар тобырға айналып, елде әлеу­меттік араздықты, жікшілдікті, қарама-қай­шылықты тереңдетіп отыр. Бұл қолам­тада бықсып жатқан оттай, жел тұрса ормандағы өрттей лаулай береді.

Ұсақ елді мекендердің жойылуы, ауыл­­да аға ұрпақтың азайып, орта жас пен жас ұрпақтың табыс көзін іздеп қала­ға, әсіресе Алматы, Нұр-Сұлтан, Шым­­кент сияқ­ты қалаларға қоныс аударуы, жұмыс­сыз халықтың аталған қала­лар­да шоғыр­лануы әлеуметтік мәселе­лер­ді одан әрі шиеленістіріп жіберді. Ел аста­насын­да әлі де екі миллионға дейін халық саны өсе­ді деген болжам растал­са, ол да әлеумет­тік қауіпсіздіктің оша­ғы­на айналуы мүмкін. Сол себепті қала­лар хал­қының өсуін бәсең­­детіп, агроөнер­кә­сіпке мән беру тиім­ді болатын түрі бар. Бүгінгі қала­­лары­­мыз­дың келбеті де әлеуметтік айыр­ма­­шылықты айшықтап тұр.

Қоғамды саралағанда, жіктегенде, қарама-қарсы күштерді талдағанда тек ұлт­­аралық, дінаралық, кәсіби бәсеке­лес­­­т­ік­тен туған қайшылықтарды ғана айта­мыз. «Қаңтар қасіреті» топтар ара­сын­­дағы әлеуметтік проблема кекшіл­дікке ұла­са­тынына назар аудартады. Біз күрделі мә­селенің шешу жолын енді нақтылаудамыз.

Халықтың барлық құқы аяққа таптал­ғанда, ең соңғы құқық қалады – ол көтері­ліс, ереуіл. Кейде жемісті, нәтижелі пікір алмасудың орнына халыққа оқ атыл­ған жағдайлар да болды. Кейде билік аты­на айтылған орынды сынды оппо­зи­­цио­нерлердің кезекті әрекеті деп те есептеген жағдайлар болды. Осылар қордаланып келіп халықты ашындырды.

– Сіз Парламент Мәжілісінің екі ша­қы­­рылымының депутаты болдыңыз. Ел­дегі саяси ахуалды іштен, сырттай да бі­лесіз. Саяси мәселелерге арналған ең­бек­тер, ма­қалалар да жазып жүрсіз. Бүгін­гі ел­дегі саяси билік туралы пікір бөліссеңіз.

– Біздің саяси, идеологиялық мұраты­мыз Конституцияның 5-бабының 1-тар­мағында былайша баяндалған: «Қазақ­­стан Республикасында идеология­лық, және саяси әралуандылық танылады». Саяси тілмен айтсақ, біз көппартиялық, көпидеологиялық плюрализм орныққан, полицентристік жүйеге негізделген мем­лекет құруымыз керек еді. Бірақ бір ұр­пақ алмасса да біз ол мақсатқа жете ал­ма­дық. Абзалы, тоталитаризмнен бір­ден секіріп демократияға жету мүмкін бол­мас, өйткені большевиктік ментали­тет санаға терең сіңген. Ресейдің бір сая­си қай­рат­керінің «Какую бы партию не создавай, все равно получается КПСС» дегені шындыққа жақын. Біз тек партия жүйесін ғана емес, жеке басқа табынушылық психологиясын да жалғастырдық.

Біздің елімізде моно-центристік, бір лидерге, бір партияға негізделген жүйе құрылды. Nur Otan партия деген аты болмаса, саяси партиядан гөрі мемлекеттік аппаратпен қабысқан, соның жалғасы ретінде қалыптасты. Парламент, мәслихат сайлаулары түгелдей бақылауда болып, реттеліп отырады. Осы ахуалды терең түсінген Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл партияға уақытша төраға болатынын білдірді. Ол түсінікті. Nur Otan саяси партиядан гөрі экономикалық, шаруашылық проблемаларға жақындау. Бір жиналысында партия белсенділері өздерінің елімізде салынған жолдар, мектептер, ауруханалар, тағы да басқа игі істерге ортақ екенін баяндады. Осы жерде егер Nur Otan болмаса да қаржы бөлін­ген объектілер салынар еді ғой деген заң­ды пікір туады. Ал партияның міндеті елдегі саяси, әлеуметтік-психологиялық, ұлтаралық, дінаралық ахуалды зерделеу, сараптау, болжау емес пе дегенімізге назар аударылмады.

Елімізде түрі демократиялық, маз­мұны авторитарлық будандасқан, саяси ғылымда «гибридті», «имитациялы» деп аталатын жүйе қалыптасты. Бір жағы­­нан демократиялық сайлаулар өтіп жат­қан­дай, екінші жағынан барлығы – билік­тің бақылауында. Сырт көзге заң орын­далғандай болып көрінгенмен, кімнің, қай партияның жеңетіні алдын ала белгілі. Бір жағынан сөз еркіндігі бар, екінші жағынан ол белгілі бір шекке дейін. Бір жағынан саяси мәдениет дамығандай көрінеді, екінші жағынан халық кейде ел мен Елбасын ажырата алмайтын жеке басқа табынуға дейін жетті. Бір жағынан заң жүзінде азаматтық еркіндік бар, екінші жағынан ішкі цензура, үрей, сақтық басым.

Ал қазір қоғам, саяси өмір жаңару алдында тұр. Бұл бүгіннен ертеңге бола салатын процесс емес, байсал­ды­лықты, байыптылықты талап етеді. Елімізде демократия туралы ұшқалақтық түсінік бар, қит етсе көшеге шығуға, пети­ция жинау, заңды сыйламайтын жағ­дай­лар да мәдениетіміздің төмендігін көрсе­теді. Байсалды болсақ қана шаңы­ра­ғы­мызды шайқалтпай көздеген мақ­саты­мызға жетеміз. Қауіп әлі сейілген жоқ. Террористер біздің күштік құры­лым­дардың да, азаматтардың да қырағылығын аңдып, өздеріне қолайлы сәтті күтуде деп ойлағанымыз жөн. Ал билік келісе кете­тіндерді емес, келіспейтіндердің пікіріне жете назар аударса, қоғамда келісім, тұрақтылық мәдениеті қалыптасады.

– Ел беделі білімінен көрінер деген сөз бар. Соңғы уақытта Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы білім саласы­на, әсіресе жоғары білім саласын рефор­малауға алаңдаушылық біл­ді­ріп отыр. Университет профессоры ретінде қандай пікір айтар едіңіз?

– Алаңдауға үлкен негіз бар. Бүгін білім әлемінде университет мәдениеті деген мазмұны терең, жан-жақты үрдіс бар. Қазақстанда университет мәдениеті туралы айтыла бермейді. Себебі қаптаған жеке университеттің басым көпшілігінің оқу-лабораториялық базалары жоқ, мем­лекеттік университеттер – кешегі мұға­лімдер дайындайтын пединституттар, болмаса кейбір салалық техникалық оқу орындарымен біріктірген гуманитарлық бағыттағы оқу орындары. Біздің университеттер ғылыми орталықтарға айнала алмады. Университеттік жоғары рух, ғылымға табыну, ортақ жауапкершілік, намыс сезіле бермейді, академиялық еркіндікке оқытушылар да, студенттер де дайын емес. Басқару саласында кеңестік менталитет басым. Солай бола тұра біз жыл сайын мыңдап маман даярлап жатырмыз. Бірақ мемлекеттің сұранысы мен білім алушылардың ұстанымы үйлес­пей келеді. Социологиялық зерттеулерге жүгінсек, мынадай ахуалды аңғаруға болады: университетте білім алу жаппай сипат алды, білім алуға қызығушылық­тан гөрі әскерден қашу, бір дипломның иесі болуға ұмтылыс басым. Бүгінгі сту­денттерді әлеуметтанушылар үш топқа бөледі. Бірінші топтағылар – шынайы білім алып, біліміне сай елге қызмет етуге ниеттілер. Екінші топтағылар да білім­ге құштар, бірақ білімін жеке бастың мақ­сатына – қалайда лауазымды, ақшалы қыз­метке тұруға бағыттайды. Олар бара-бара жемқорлыққа да бейім болады. Үшін­шілер білім үшін емес, жоғары білі­мім бар деп айту үшін ғана оқиды, кез кел­ген жерде жұмыс істей береді.

Білім гранты мен оқуға жыл сайын миллиардтаған қаржы жұмсалады, бірақ мемлекет қаржысымен оқығандар мемлекет алдында жауапты емес. Себебі ол жастардың біліміне қарай жұмысқа орналастыратын жоспар үкіметте жоқ, мемлекет қаржысын қайтару туралы заңды талап та жоқ. Мысалы, Еңбек және ха­­лық­ты әлеуметтік қорғау министр­лі­гінің деректері бойынша 2021 жылы жо­ғары оқу орнын бітіргендердің 60%-ы әртүрлі жұмысқа орналасқан, бірақ ал­­ған біліміне сай жұмыс істейтіндер аз. Сон­дықтан білім саласы мен мемлекет сұ­ранысы ондаған жылдар бойы реттел­мей келеді. Ертең Ресей техникалық уни­верситеттерін, өзіміздің де оқу орнын бітіргендердің мақсатты түрде нақ­­ты еңбек ететінін реттейтін, тіпті міндет­тейтін заң жолдарын ойластыруды бүгін қолға алған жөн.

– Сіздің ойыңызша, «Жаңа Қазақ­стан» қандай болуы керек? Қандай құндылықтар темірқазық ұстаным ретінде жүзеге асырылуға тиіс?

– «Жаңа Қазақстан» жобасы – жан-жақты талдауды, толықтыруды, нақтылауды қажет ететін өте маңызды идея. Сөз жоқ, қоғамда әртүрлі пікірлер де айтылар. «Жарқын болашақ сол басталғанға дейін қызықты» деген сөз бар, ол көп бағдарламалардың бірі болып қабылданар. Бірқатар адам бұл жоба барлығын үйіп-төгіп беретін мол­шылықтың көзі деп те қабылдар. Біздің халық әлеуметтік оптимизмге үйір, кейде сол болашақ болып қалғандай дүрлігіп кететініміз тағы бар.

«Қаңтар қасіретінің» ең бір өзекті саба­ғы – қазақ халқының ұлттық тұтас­тық­қа, бірлікке, ортақ азаматтыққа ұм­ты­­лы­сы. 2016 жылы Ақтөбеде болған тер­­ро­­рис­тік әрекеттерден кейін алматы­лық­тар да, астаналықтар да, басқалар да сәлем­дескенде «Ақтөбең қалай, тынышсыңдар ма» деп болған оқиғаны тек бір аймақтың құбылысы деп ойлаушы еді. Жаңаөзендегі оқиғаларды «анау адайлар неге бүлініп жатыр?» дейтін. Қаңтар оқиғасында бір аймақтың, бір әлеумет­тік топ­тың проблемасы тұтас қазақтың мәселе­сі болып қабылданды. Ұлтымыздың әлеумет­тік, психологиялық ақпараттық кеңістікте ой алмасуы, пікір бөлісуі тығыздалып, жақындасу, бауырласу үрдісі жылдамдады.

Тағы да бір проблема еріксіз назар аудара­­ды. «Қаңтар қасіреті» негізі­нен қазақ­­тың тағдырына байланысты бол­ды, басқа диаспоралар іштей тілек­тес бол­ған шы­ғар, бірақ тіпті этномә­дени орталық­тар­дың үнсіз қалуы да бұл қазақ­­тың ұлт­ішілік мәселесі деп қабыл­даған­дықтан болар.

«Жаңа Қазақстан» бағдарламасын дайындау, жүзеге асыру барысында ұлттық мүддені үйлестіру маңызды: әлеу­меттік-экономикалық, мәдениет, білім, мәселелері мен ұлттық-этникалық проблема. Осы екі өлшемді бір-бірімен ықпал­дастықта, бірақ олардың бір-бірімен байланысы тура емес, жанама және ол уақыт өте көрініс алады. Бұл фактор мемлекеттің ұлтаралық қатынастар, ел ішіндегі саяси, әлеуметтік-психологиялық ахуалға әсер етеді. Сондықтан «Жаңа Қазақстан» концепциясы қазақстандықтардың, әсіресе қазақ этносының білімі, демографиялық жағдайы, өлімі-тууы, өмір жасының ұзақ­тығы, еңбекпен қамтамасыз етуі, қыл­мысқа қатыстылығы, көші-қон үдерісі, қоныс­тануы, тағы да басқа факторлар негізге алынуы қажет. Бүгін біздің Қазақ­стан­дағы қазақтардың жағдайынан мәлі­метіміз тапшы. «Жаңа Қазақстандағы қазақ­тар» деген айрықша бағдарлама да­йындайтын уақыт жеткен сияқты.

«Жаңа Қазақстан» идеясы қазақтың, қазақстандықтардың қолымен жаңа қо­ғам­ға айналады. Әлі қазақ санасындағы ма­­сыл­дық, енжарлық басым. Сол себепті қа­зақ­тың қолына балық емес, қармақ бе­ріп, еңбек етуге, кәсіпке ынталандыруға ең­бе­гін бағалауға ұйымдастыру міндеті тұр.

Прагматизм туралы мәселелер орынды көтерілді. Прагматизмнің екі жағы бар. Бір жағынан, тек пайда табу, қара басының қамын ғана ойлау, ақшаға табыну. Бірақ мәселе ақшада емес, пәле ақшаның адамды билеуінде, ақшаның билігіндегілер біздің елде баршылық. Прагматизмнің екінші ақылға қонымды жағы – еңбекпен, іскерлікпен табыс табу, ақшаны мақсатқа сәйкес орынды жұмсай білу, дүние-мү­ліктің қадірін түсіну, білімді адамды бағал­ау, дарақылықтан арылу. Қазақстан қо­ғамын жаңарту ең алдымен қазақ хал­қының елдік санасына, іскерлігіне сын. Мың өліп, мың тіріл­ген қазақ «қаңтар қасіретін» опти­мистік трагедияға айналдырып, елін жаңартатыны сөзсіз.

– Сұхбатымыздың соңында бірер арнайы сұрақ қояйын. Сіз Н.Назар­баевтың 60 жасқа толуына байланыс­ты «Мысль» журналы­ның жетінші санында мақала жария­ладыңыз. Бүгін сол пікіріңіздесіз бе?

– Ол мақала – осыдан жиырма екі жыл бұ­рын­ғы жұмсақ авторитаризмді ұстан­ған пре­зидент туралы пікір.

– Ал Қасым-Жомарт Кемелұлы туралы пікіріңіз қандай?

– Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекет басшысы ретінде, әсіресе «Қасіретті қаңтар» оқиғасы тұсында, одан кейінгі ірі қадамдарымен де елге терең танылды, сенімге ие болды. Бүгінгі қиын заманда ол оңға да, солға да ауытқымайды. Қасым-Жомарт Тоқаев – реформаторлардың ішін­дегі консерватор, консерваторлардың ішін­дегі реформатор. Ол – Конфуцийдің орта жолын ұстанатын лидер.

 

Әңгімелескен

 Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

/egemen.kz/