Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Әдістемелік апталық басталды

Әдістемелік апталық басталды

Кәсіби-шығармашылық факультетінде әдістемелік апталық «Студенттердің өзіндік жұмыстарын тиімді ұйымдастыру – сапалы білім кепілі» тақырыбындағы дөңгелек үстелмен басталды. Кіріспе сөз сөйлеген факультет деканы Сабыржан Мұхтаров білім сапасын жақсарту, кәсіби педагог кадрларды дайындау үшін оқыту тәжірибесімен бөлісіп, біліктілікті жетілдіріп отырудың маңыздылығы зор екендігін айтып өтті.

Әдістемелік апталықты өткізудегі мақсат – студенттердің өзіндік жұмыс жасаудағы қабілеттерін қалыптастыру педагогикалық ұжымның алдында тұрған үлкен міндеттің бірі, сондықтан студенттің өз бетінше білім алуын қамтамасыз етіп, шығармашылық белсенділігін арттыру, кәсіби даярлық қасиетін жоғарылату, жалпы және жеке дара зерттеу әдіс-тәсілдерін меңгертуді үйрету жолдарын қарастыру.

Дөңгелек үстел барысында студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастырудың тиімді жолдары, жаңа инновациялық технологияларды пайдалану, үш тілді білім беру негізінде өз бетінше жұмыстарды күшейту мәселелері талқыланды. Бейнелеу өнері және кәсіптік оқыту кафедрасының оқытушысы Г.Б.Кемалова «Студенттердің өзіндік жұмыстарын тиімді ұйымдастыру» тақырыбында баяндама жасап, бағалау критерийлеріне байланысты сондай-ақ, студенттердің өзіндік жұмысты жасауға ынтасын, қызығушылығын арттыру жолдарын ұсынды. Сонымен қатар, қазіргі таңда білім беру жүйесінің ерекшелігіне орай, үш тілді білім беру бойынша студенттердің өзіндік жұмыстарын ұйымдастырудың ерекшеліктеріне баяндамасында аға оқытушы  С.В.Нягу тоқталып өтті. Аға оқытушы А.Т.Сагиева, магистр А.А. Анарбековалар да дөңгелек үстел кезінде өз баяндамаларын көпшілік назарына ұсынып, зерттеу жұмыстарының тәжірибесімен бөлісті.

Әдістемелік апталық жалғасуда.