Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Көз ауруын емдеудің жеңіл жолы

Көз ауруын емдеудің жеңіл жолы

Техника мен технология өмірімізді жақсартып, жұмысымызды жеңілдетті. Бірақ оның адам денсаулығына тигізетін зияны да көп болып тұр. Айталық, қазір өмірімізді компьютер мен смартфонсыз елестете алмаймыз. Ал бұл көз ауруларының көбеюіне себеп болып жатыр. Әлемде ғалымдар көру қабілетін бұзбаудың немесе жақсартудың жолдарын зерттеп келеді.  Оған отандық зерттеушілердің де қосқан өзіндік үлесі бар.

Жоғарыда айтып өткен мәселе бү­гінде барша адамзатқа ортақ секілді. Өйткені жасымыз да, кәріміз де, жаңа туған балаға дейін қос жанарымызды экраннан тәуліктеп тайдырмаймыз. Содан көз құрғайды, бұлдырайды, ашиды, бұдан кейін көздің көруі нашарлайды. Мұндайда офтальмологтер әдетте көзге тамызатын тамшыларды (яғни дәрілік препараттарды) береді. Әрине көз тамшыларының дәрілік құра­мы әбден клиникалық тұрғыда зерт­теліп, тиімділігі дәлелденген. Онсыз қолданысқа жіберілмейді. Дегенмен терапияда, препараттардың күші, құрамы ғана емес, емдеудің жолы да үлкен рөл ойнайды. Мәселен, дәрігеріңіз сізге көзді құрғатпайтын көз тамшыларын күніне 4-5 рет тамызуды тапсырды. Бірақ сіз жұмыс арасында ұмытып кетуіңіз мүмкін. Немесе сіз дәрігердің айтқанын бұлжытпай орындағанның өзінде дәрілік сұйық препарат көз жасымен бірге сыртқа шығып кетеді. Сондықтан емнің пайдасы аз, болмаса нәтижесі тым төмен болады. Қазақстандық ғалым, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің химия PhD докторы Гузель Абилова осы мәселенің шешімін тапты. Ол бірнеше жылдық зерттеулерінің нәтижесінде көзге арналған полимерлі пленкалар жасады.

«Барлығы 2016 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың докторантурасына түскен кезде басталды. Биополимерлер негізінде пленкалық материалдар тү­рін­дегі дәрілік формалардың дамуы менің ғылыми қызығушылығымды оятты. Осыған дейінгі зерттеулерді зерделей келе, полимерлі пленка көздің, мұрынның, ауыздың шырышты қабаттарына қолдануға арналған препараттарды жасауға жақсы платформа болуы мүмкін екенін білдім. Пленкалар дәрілік заттардың дозасын және шығынын айтарлықтай азайта алады. Өйткені олар тікелей патологиялық аймаққа немесе оған мүмкіндігінше жақын жерде қолданылады. Қазақ­стандағы фармацевтикалық нарықта қолжетімді офтальмологиялық препарат­т­ардың көбі биожетімділігі төмен көз тамшылары түрінде болғандықтан, офтальмологиялық дәрілік пленкаларды жасау идеясы ойға келді», дейді кейіпкеріміз.

Ғалымның айтуынша, көзге арналған дәрілік тамшылардың негізгі кемшілігі – емдік мерзімінің қысқа болатынында. Яғни жоғарыда түсіндірілгендей, тамшылар көз жасымен қоса ағып, болмаса басқа да түрлі себеппен сыртқа шығып кетеді. Содан емдік препарат қысқа мер­зімде ғана әсер ете алады және аз бөлігі ғана қалады.

«Біз жасаған полимерлі көз пленкалары түріндегі қатты дәрілік нысандарды пайдалану аталған кемшіліктерді жояды. Себебі көз пленкасы төменгі қабақтың астына салынады. Көз жасы сұйықтығымен байланыста болған кез­де пленка көз ішінде бірте-бірте ериді және препарат ұзақ уақыт бойы шығарылады. Сондықтан препараттың емдік әсері пленка толығымен ерігенше сақталады. Соңғы 5 жылда біз осы бағытта тынбай еңбек етіп келеміз. Біз қазірдің өзінде микробқа қарсы агенттермен біріктірілген офтальмологиялық полимерлі пленкаларды әзірледік. Тәжі­рибелердің нәтижелері мұндай пленкалардың көздің қабыну ауруларын емдеуде қолдануға жарамды екенін көрсетті», дейді Г.Абилова.

Жас ғалым, өкінішке қарай, отандық дәріханаларда мұндай дәрілер, яғни полимерлі пленкалар жоқ екенін жет­кізді. Шетелдік фармацевтикалық на­рық­та кейбір қосымшалар үшін аналогтар бар, бірақ оның өзі барлық дамыған елде жоқ.

«Шетелде бұл бағыт жақсы дамып келеді. Себебі мұндай полимерлер адам ағзасына зиянсыз. Қазір импортталған фармацевтикалық нарықта полимерлерге негізделген көз дәрі-дәрмектерінің түрлері бар. Біз әзірлеген өнімнің қолда бар аналогтардан басты айырмашылығы – полимерлі композицияның құрамында. Біздің полимерлі пленкалар геллан және полиоксазолин қоспалары негізінде жасалды. Бұл полимерлі компоненттердің арақатынасының өзгеруіне байланыс­ты босатылған дәрілік препараттың мөл­шерін реттеуге мүмкіндік береді. Дайындалған көз пленкалары 4-6 сағат ішінде емдік әсерін бере алады. Ципро­флоксацинмен кең әсер ететін антибиотикпен әзірленген дәрілік пленкалар бактериялық сипаттағы көз ауруларын емдеуге келетінін көрсетті. Зерттеу нәтижелері туралы ғылыми мақаламыз бірінші квартильге кіретін халықаралық жоғары рейтингтегі European Polymer Journal журналында жарияланды», дейді кейіпкеріміз.

«Chitosan/poly(2-ethyl-2-oxazoline) fil­ms for ocular drug delivery: formulation, miscibility, in vitro and in vivo studies» атаулы ағылшын тіліндегі зерттеу мақа­ла – жас ғалым бастаған бірнеше зерттеу­шінің (Abilova G.K., Kaldybekov D.B., Ozhmukhametova E.K., Saimova A.Zh., Kazybayeva D.S., Irmukhametova G.S., Khutoryanskiy V.V.) бірлескен жұмысы.

Жас ғалым алдағы уақытта дәрі-дәрмектің әсер ету уақытын мүмкін­дігінше ұзақ уақытқа (шамамен 12-24 сағатқа дейін) арттыруды көздеп отыр. Сонымен қатар полимерлі пленкаларға патент алу да жоспарында бар. Аталған жобасы Г.Абилованың өзі еңбек ететін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің грантына ие болған. Болашақта республикалық конкурстарға ұсынбақ.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

/egemen.kz/