Әрбір мектеп бітіруші түлектің арманы қалаған мамандығы бойынша жоғары оқу орнына түсу. Әрине, ол үшін білім, еңбек, көп ізденіс керек екендігі анық. Жұбанов университеті осындай ізденімпаз, білімді жастарға арманына қол жеткізу үшін мүмкіндіктерге жол ашты.
Жұбанов университетінде 11 сынып оқушылары үшін ғылыми жобалар байқауы басталды. Үздік деп танылған жүлдегерлер әр бағыт бойынша Қ.Жұбанов атындағы білім беру грантының иегері атанады. Ал екінші орын иелері оқу ақысына 50% жеңілдік, үшінші орын алғандар 35% жеңілдікке ие болады.
Байқауға қатысушылар арасында Ақтөбе облысы аудандарынан, қаламыздағы мектептерден, Тараз қаласы және Түркістан облысынан келген оқушылар бар. Бүгін техника, география, қазақ тілі, музыка және хореография, көркем еңбек, дизайн бағыттары бойынша жеңімпаздардың алғашқы легі анықталады. Алдағы екі күнде оқушылар тарих, химия, физика, математика, орыс және ағылшын тілдері, экономика және құқық бойынша білімдерін тексеріп, жобаларын қорғайтын болады.
Байқауға 12 бағыт бойынша барлығы 160-қа жуық ғылыми жұмыс қабылданған. Қорғауға жіберілмес бұрын келіп түскен әрбір жұмыс комиссия тарапынан плагиатқа тексерістен өткізілді.
Айта кетейік, гранттар мен жеңілдіктер сертификаты жобада қатысқан бағытына қарай тиісті мамандыққа ақылы түскен жағдайда қолданылады.