Жұбанов университеті студенттері жоғары технологиялық жабдықтардың көмегімен жұлдыздарды бақылап, астрономияны оқи алады.
Бүгін физика-математика факультетінде заманауи жабдықталған «Астрономия» кабинетінің ашылуы өтті. Глобустар, аспан сфералары мен телескоптардың модельдерінен басқа, студенттерге ғаламның заңдарын зерттеуге арналған ең жаңа виртуалды бағдарламалар технологиялық «көмекшілері» болмақ.
Профессор Қуанышбек Шүңкеев атап өткендей, оқу зертханасы үздік стандарттарға сәйкес келеді. Физика мен астрономия саласындағы түрлі мамандарды, соның ішінде мектеп мұғалімдерін даярлау үшін барлық мүмкіндіктерді ашады.
Айта кетейік, Жұбанов университеті Ақтөбе облыстық планетарийімен тығыз қарым қатынаста жұмыс істейді. Планетарий базасында дуальды оқыту және бірлескен ғылыми жұмыс жүргізілетін ЖОО кафедрасының филиалы ашылды. Енді планетарий қызметкерлері жаңа зертханада студенттерге сабақ өткізе алады.
Астрономия кабинетінен басқа «Ақпараттық-өлшеу техникасы» кабинеті жаңа жабдықтармен толықтырылды. Ол да бүгін физика-математика факультеті білім алушылары үшін есігін айқара ашты. Жақын арада сондай-ақ, «Қолданбалы физика және робототехника» зертханасын ашу жоспарланған.