Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Магистранттар шетелдік ғылыми тәжірибеден оралды

Магистранттар шетелдік ғылыми тәжірибеден оралды

«Филология» мамандығының 2-курс магистранттары — Аяжан Бексұлтанова және Іңкәр Садықова 29 қазан мен 5 қараша аралығында Башқұртстан мемлекеттік университетінде ғылыми тәжірибеден өтіп, елге оралды. Жас зерттеушілер сапарларына риза көңілмен, әсерлерімен бөлісті.

«Алғашқы күні башқұрт филологиясы мен журналистика факультеті деканының орынбасары Ирена Кульсаринамен танысып, апталық жоспар құрдық. Кейін оқу орнының кітапханаларын аралап, мәліметтер жинауға кірістік. 31 қазаннан бастап башқұрт филологиясы және журналистика факультеті оқытушыларының дәрістеріне қатыстық. Доцент А.О.Хужахметовтің «Башқұрт әдебиетінің тарихы» атты дәрісінде башқұрт әдебиеті мен қазақ әдебиетіндегі фальклорлық дәстүр туралы әңгіме өрбіттік. Доцент З.Ф.Шайхисламованың «Қазіргі башқұрт тілі» дәріс-семинарында студенттермен бірге башқұрт тілі мен қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердің, жаңылтпаштардың тілдік және мағыналық ұқсастықтарын анықтадық. Қазақ ұлттық поэзия өкілдерінің  шығармаларын мәнеріне келтіріп, оқып бердік. Доцент И.К.Янбаевтың «Башқұрт мәдениетінің тарихы» дәрісінде қазіргі таңдағы башқұрт тілінің жағдайы мен еліміздің латын алфавитіне көшу мақсатында жасалып жатқан жұмыстары турасында ой қозғадық.

Сабақтан тыс уақыттарда ғылыми зерттеу бағытымыз бойынша еңбектермен жұмыс жасап, мәліметтер жинадық, Башқұртстан республикасының Ұлттық мұражайына, «Ляля-тюльпан» мешітінде болдық. Башқұртстан ұлттық қаһарманы, ақын С.Юллаев ескерткішіне барып, тағзым еттік.  БМУ-дің ректоры атынан шетелдік ғылыми тәжірибеден өткенімізді растайтын сертификат алдық».

Шетелдік ғылыми тәжірибе барысында нақты ресурстармен жұмыс жасай білуді, пәндік саладағы теория мен практика үшін зор маңызы бар жаңа нәтижелер алуды үйреніп қайтқан магистранттар А.Бексұлтанова мен І.Садықова шетелдік ғылыми тәжірибеден өту мүмкіндігін берген университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлы Ердембековке алғыстарын білдірді.