Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Білім беру саласындағы виртуалды шындық

Білім беру саласындағы виртуалды шындық

Кеше сиқырлы көрінген нәрсе бүгінде қарапайым деп есептеліп, виртуалды шындық деп аталады. Бұл қазіргі прогресс жеткен биіктер. Жас ұрпақ бұрынғы адамдар армандай алмаған мүмкіндіктерге ие болып отыр. Бүкіл әлем ғалымдары да материалды түсініп, есте сақтауға көмектесетін VR технологияларын қолдануды қолдауда.

Бүгін Жұбанов университетінде «Виртуалды шындық: білім беру саласына енгізудің жай-күйі мен болашағы» тақырыбында Халықаралық семинар өтті. Онда Қазақстан және Ресей ғалымдары студенттерді оқытуда виртуалды шындық технологияларын қолдану мәселелерін  талқылады.

Баяндамашылар арасында Мәскеу қалалық педагогика университеті профессоры Сергей Григорьев, Томск мемлекеттік университеті VR/AR технологиялар зертханасының меңгерушісі Андрей Приступа, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім Академиясы доценті Манаргүл Мұқашева және  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті докторантары мен Жұбанов университетінің ғалымдары болды.

Семинарда білім беру саласында виртуалды шындықты қолдану мәселелері, оның мүмкіндіктері мен ерекшеліктері туралы айтылды. Ғалымдардың айтуынша, VR технологияларын қолдану болашақ физиктер мен математиктерге өте тиімді. Ол студенттерге кез келген дағдыларды тез үйренуге, физикалық және химиялық реакция болып жатқан жерде шынайылықпен бақылауға көмектеседі. Түсінуге қиын құбылыстар мен заттарды тез қабылдап, тәжірибе жинақтай алады.

Сонымен қатар іс-шараға қатысушылар цифровизация әлемінде виртуалдандырудың ғылым мен білімнің  дамуындағы рөлі күннен күнге артып келетінін баса айтып, алдағы уақытта тәжірибеге енгізу жолдарын ұсынды.