Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ынтымақтастықтың үлгісі

Ынтымақтастықтың үлгісі

Кеше Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы ғимаратында «Славян халқының тарихы мен мәдениеті» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шараға «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының Орынбор өкілдігінің төрағасы Сәуле Таикешова бастаған делегация, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, «Славяне» Ақтөбе аймақтық орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері қатысты.

Шараның мақсаты — Орынбор және Ақтөбе облыстары арасындағы өзара ынтымақтастық, мәдени және этносаралық байланыстарды нығайту, Қазақстандағы этностардың мәдениетін, салт-дәстүрлерін, рухани мұрасын таныту.

Дөңгелек үстелде алдымен Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қорғанбаева Орынбордан келген делегацияны таныстырып, аталған шараның маңыздылығына тоқталды.

— Екі облыс арасындағы достық, ынтымақтастық қатынастар ұзақ жылдардан бері үзілмей келеді. Соңғы екі-үш жылда пандемияға байланысты көшпелі іс-шаралардың тоқтап қалғанына қарамастан, екі өңір арасындағы мәдени, этносаралық, достық қатынастар әлі де жалғаса бермек. Бүгін, міне, осындай мақсатта біздің облысымызға «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының Орынбор өкілдігінің төрағасы Сәуле Совхозқызы бастаған делегация келіп, басқосу ұйымдастырып отырмыз. Біз үшін мұндай шараның маңызы ерекше. Себебі бұл екі ел арасындағы өзара ынтымақтастықтың дамуына тың серпін береді, — деді ол.

Шарада «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының Орынбор өкілдігінің төрағасы Сәуле Таикешова бұл шараны өткізу былтырдан бері жоспарланғанын, жаңа жоба екі облыстың арасындағы өзара достықтың нығаюына зор ықпал ететіндігін атап өтті.

— Ресей мен Қазақстан — ғасырлар бойы өзара дос, көрші елдер. Бүгінгі шара осы екі ел арасындағы достығымызды әрі қарай нығайтуға арналған. Оның ішінде славяндардың мәдениеті мен тарихын таныту, насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Мәдениет — бұл идеологияның бір бағыты. Сондықтан осындай мәдени іс-шараларда басқосу арқылы біз өзара ынтымақтастықтың үлгісін көрсетеміз, — деді С.Таикешова.

Дөңгелек үстел барысында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Р.Бекназаров, университеттің аға оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының  ғылыми-сараптама тобының мүшесі Д.Мацюк, «Jas Qanat» Еуразиялық Жастар одағының атқарушы хатшысы Р.Чукеев, т.б. славян халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты өз баяндамаларын оқып, ой-пікірлерін ортаға салды.

Шара «Славяне» қоғамдық бірлестігі шығармашылық ұжымының концерттік бағдарламасымен аяқталды.

 

 Д.ҚАЗИХАН