Вторник, Март 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университеттің ардагер түлектері ректормен кездесті

Университеттің ардагер түлектері ректормен кездесті

Бүгін университет ректоры, профессор Бауыржан Аманкелдіұлы ардагерлермен кездесті. Олардың қатарында филология ғылымдарының докторы, профессор Баян Бораш, ардагер-ұстаздар Кангерей Дүйсенбаев, Қуан Қамалхан, мұнайшы-ардагер Өтеміс Әкімовтер бар.

Университет басшылығы ардагерлерді жылы қарсы алды.

Университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлы: «Біздің университет Нұрпейіс Байғанин атындағы педагогикалық институт болып тұрған кезде осы жерде оқып, оқуды тәмамдаған екенсіздер. Университет 50 жылдығын атап өтті. Бірақ біздің университетіміздің тарихы арыда жатыр. Арада үзілген 3-4 жылмен тарихты өшіруге болмайды. Біздің тарихымыз сонау 1935 жылдан бастау алуы керек. Тарихымызды қайта жандандырып, алдағы уақытта 85 жылдық тарихымызды ауқымды шаралардың көлемінде атап өту жоспарымызда бар. Сіздер сол тарихтың бөлшегісіздер, қара шаңырақ сіздердің үнемі келіп тұратын орындарыңыз болуы қажет», — деп, ардагерлерімізге құрмет әркез жоғары екендігін жеткізді.

Келесі кезекте ардагер –ұстаз Кангерей Дүйсенбаев сөз алып, « «Алыстан 6 жасар бала келсе, ауылда 60-тағы қария келіп сәлем береді» деген қазақта даналық сөз бар. Бүгін сізбен кездесудің сәті түскен күн болды. Біз университеттің алғашқы студенттері қатарынанбыз. Физика-математика факультетінде қазақша екі топ, барлығы 50 студент оқыдық. Қазір санаулы адам қалдық, ол өмір заңдылығы ғой. «Бір көрген біліс, екінші көрген таныс» деп кездескен жерде Бауыржан інім сәлем беріп жатса, біздің де мәртебеміз өсіп қалар еді» деген Кангерей ұстаз ағынан жарылды. Ол ардагерлер атынан қазақтың игі дәстүрімен Бауыржан Аманкелдіұлының иығына шапан жапты. Университет басшылығы да ардагерлерге құрмет ретінде Құдайберген Жұбанов бейнесі салынған кілемше мен естелік сыйлықтар табыс етті.

Ғұмырын ұстаздық жолына арнаған ардагер Қуан Қамалхан Қуанұлы: «Физика-математика факультетінде 3 жыл оқыдық. Одан кейін біздерді Қызылорда, Атырау, Орал қалаларына бөліп жіберді. Шындығында, біз университеттің бірінші түлектері атағына ие болғымыз келеді. Студенттермен кездессек, оларға университет тарихынан тағылымды әңгіме айтуға біз қарсы емеспіз» деген ұсынысын жеткізді. Өз кезегінде мұнайшы-ардагер Өтеміс Әкімов пен Баян Бораш та ұсыныс-тілектерін білдірді.

Басқосу барысында Ақсақалдар кеңесі, Түлектер аллеясы, М.Арын, Ғ.Нұрышев, Д.Беркімбаев кабинеттерінің ашылуы, Қ.Жұбанов конференц-залы, мұражайға алғашқы түлектердің есімдерін енгізу, латын әрпіне көшу мәселелері жайында айтылып, пікір алмасылды.

Жадыра АРЕН