Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Графика мен типография өнерінің бірегей үйлесімі

Графика мен типография өнерінің бірегей үйлесімі

Жұбанов университеті ақтөбеліктерді элиталық өнер экслибриспен таныстыруды және әлем суретшілерінің шығармашылығын насихаттауды жалғастыруда. Бүгін Студенттер сарайында Түркия елінің суретшісі Нургюль Ариканның экслибрис көрмесі ашылды.

Нургюль Арикан — 350-ден астам экслибристің авторы, 70 Халықаралық көрмелер мен конкурстардың қатысушысы. Суретшінің жұмыстары әр түрлі елдердегі газеттерде, журналдарда және кітаптарда жиі кездеседі. Нургюль Ариканның экслибристері графика мен типография өнерінің бірегей үйлесімі.

Нургюль Арикан Стамбулда тұрады және өзінің Göktürk студиясында графика, экслибрис және кәсіби фотосуреттер бойынша жұмыс істейді. Ол студенттерге графика, шығармашылық өнер және типографиядан сабақ береді.

Көрмені ұйымдастырушы, өнертану профессоры, Жұбанов университеті мәдениеттану ғылымының кандидаты Мәрзия Жақсығаринаның айтуынша, суретшінің жұмыстары графикалық дизайндағы экслибристі ұсынғандығымен қызықты, ал бұл өнердің заман талабына сай дамып келе жатқанының жарқын мысалы.

Көрменің ашылуына ақтөбелік суретшілер, студенттер, педагогтар мен көркемөнер мектептерінің оқушылары қатысты. Қонақтар ұйымдастырушыларға  шетелдік шебердің шығармашылығын тамашалауға тек студенттерге ғана емес, сонымен қатар қаланың барлық тұрғындарына көруге мүмкіндік бергендері  үшін алғыс білдірді.

Экслибрис өнерімен жақынырақ танысқысы келетіндер Жұбанов  университетінің Студенттер сарайында өтетін көрмені күн сайын сағат 9-дан 18.00-ге дейін тегін тамашалай алады.