Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Өткенді ұмытпау — парыз

Өткенді ұмытпау — парыз

1 наурыз – Алғыс айту күні

Ақтөбе қаласындағы №23 орта мектеп-лицейдің жоғары сынып оқушылары арасында Қазақстанға қоныс аударылған ұлт өкілдері туралы әңгіме өткізілді. 

Алғыс айту күніне орайлас өткізілген бұл шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысты. «Қоғамдықкелісім» мекемесінің бас маманы Түлкібай Сапаров аталған жиынның өзге ұлт өкілдерінің қонақжай қазақ халқына терең құрмет көрсету мысалдары арқылы жастардың бойында патриотизм сезімін тәрбиелеу мақсатын көздейтінін тілге тиек етті.

— 2016 жылдан бері біздің елімізде Алғыс айту күні белгіленді, бұл — барлығымыз, оның ішінде осында қоныстанған этностар үшін ерекше мереке. Егерде бір кездері осында жер аударылған кәрістер үшін жергілікті тұрғындар тарапынан жылы қабақ, қамқорлық-көмек көрсетілмесе, олардың тағдыры қалай болар еді?! Қазақ халқына деген осындай сүйіспеншілік сезімдерін сондай-ақ немістер, татарлар, шешендер, басқа да көптеген ұлт өкілдері білдіріп жатады. Біз мұны ұмытпаймыз, — деді облыстағы кәрістер ассоциациясының төрағасы Константин Цхай.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті, философия ғылымдарының кандидаты Гүлжан Хұсайынова оқушылар мен ұстаздар алдында этносаралық келісім туралы баяндамасын ұсынды. Ол сондай-ақ жастар өміріне қатысты мәселелерді қозғап, әлеуметтік желіні пайдалану, жас буын санасына әр түрлі қозғалыстардың ықпал-әсері туралы айтты.

 

Нұрдана ҚАНИЕВА

/aqtobegazeti.kz/