Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен

Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен

Бір қолымен бесікті тербете отырып, екінші қолымен әлемді тербететін әйелдер қай салада да белсенді. Олар тек отбасы ұйытқысы ғана емес, өз саласында да нәтижелі табыстарға жетіп жүр. Біздің университетімізде де білім берумен тәрбиені қатар алып жүріп, ғылым саласында да жетістікке жеткен нәзікжандар жетерлік.

Бүгін университет ректоры оқу орнының жетістікке жеткен әйелдер қауымымен кездесті. Олардың қатарында профессорлар, ғылым кандидаттары, PhD доктор,магистрлер бар.

Университетте 40 жылға жуық қызмет атқарып келе жатқан биология ғылымдарының кандидаты Алия Базарғалиева 60-қа жуық ғылыми жарияланымдар жариялаған. 2 авторлық куәлігі және 1 патент иегері.  Оның жетекшілігімен  «Ашық және қорғалған топырақта отандық селекциялық қияр сорттарын өсірудің технологиясы»  ғылыми-зерттеу  жобасы жүзеге асырылуда.

Медицина ғылымдарының кандидаты Роза Изимова да білім беру саласында 50 жылдан астам қызмет атқарып келеді. Ол «Микробиология және вирусология негіздері» пәні бойынша жаппай ашық онлайн курсының авторы,  6 авторлық куәліктердің иегері.

Сонымен қатар кездесуге графикалық өнердің дамуына атсалысып жүрген өнертану профессоры, мәдениеттану ғылымының кандидаты Мәрзия Жаксығарина, педагогика ғылымдарының кандидаты Нұржамал Мукеева, физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Шынар Сагимбаева т.б . қатысты.

Еркін форматтағы жиында ректор Лаура Қарабасова жиналғандарды мерекелерімен құттықтап, еліміздің білім және ғылымын дамытудағы ерен еңбектері үшін алғысын білдірді. Әйел адамның жетістікке жетуінде көзге көрінбейтін кедергілер бар екендігін айта отырып, осындай қиындықтарға қарамастан табысқа жетіп жүрген нәзікжандылардың құрметке лайық екендігін атап өтті.

Басқосу рухани  әңгімеге ұласты. Ұстаздар университетте қызмет еткен жылдарына тоқталып, табысқа жету жолындағы өздерінің ойларын ортаға салды.

Сонымен бірге олардың білім беру жүйесіндегі жемісті еңбегі, педагогикалық  шеберлігі, жаңартылған білім беру технологияларын дамытудағы шығармашылық жетістіктері айтылды.

Мереке қарсаңындағы кездесуде ұстаздарға университеттің кәсіподақ ұйымы атынан гүл шоқтары табыс етілді.