Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Әдемі әлем

Әдемі әлем

Жүздері қуанышқа толы әйелдер жиналған Студенттер сарайы әдемі әлемге айналды. Сахнада шырқалған әсем әндер, құшақ толы гүлдер, ақжарқын тілектер – осының барлығы Жұбанов университетінің әйелдер қауымы құрметіне арналды. Бүгін университеттің ер-азаматтары аруларды мерекемен құттықтады.

Университет Басқарма-төрағасы ректор Лаура Қарабасова барша әйелдер қауымын мерекемен құттықтап, бүгінгі күн өзі үшін университет тарихындағы екінші ректор-әйел ретінде ерекше екенін атап өтті. Ол университет дамуында ер адамдармен қатар еңбек сіңіріп жүрген нәзікжандыларға алғысын білдірді.

Мерекелік кеште Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаты «Халық алғысы» медалі комендант Татьяна Сагайдаға, Білім және ғылым министрінің Алғыс хаты Маркетинг және коммуникациялар департаментінің директоры Жаннат Абильдаеваға табыс етілді. Сонымен қатар кәсіби шығармашылығы мен сіңірген еңбегі үшін бірқатар ректордың Алғыс хатымен әйелдер марапатталды. Олардың қатарында оқытушылар, әдіскерлер, бөлім қызметкерлері бар.

Іс-шараның салтанатты бөлігі концерттік бағдарламаға ауысты. Факультеттердің ер-азаматтарынан құралған хор орындауындағы попурри, «Жас-Арт» тобы, ақпараттық технологиялар департаменті жігіттері орындаған әндер жиналғандарға әдемі көңіл күй сыйлады.

Сахнада құлақтан кіріп, бойды алар әсем әндер, әсерлі билер және әйелдер қауымына арналған құттықтаулар мен қошемет сөздер толастаған жоқ. Әсіресе, университет ер-азаматарының бейне құттықтауы ерекше шықты.

Бұл күні Жұбанов университеті аруларының әрқайсысы құрметке бөленді. Ер балалардан құралған студенттер университеттің кәсіподақ ұйымы атынан түрлі-түсті қызғалдақтарды жиналғандарға сыйға тартты.