Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Құдайбергеннің қызғалдағы

Құдайбергеннің қызғалдағы

Асылдың сынығы, жақсының жалғасы іспетті, өмір жолы өнегеге толы ардақты жан Қызғалдақ Құдайбергенқызы Жұбанованы кешегі күннің біздің дәуірімізге ұсынған ерекше бір сыйы сынды. 

Қызғалдақ әжеміз 1933 жылы ақпанда Алматы қаласында біртуар ғалым Құдайберген Жұбанов пен Раушан Оспанқызының отбасында дүниеге келеді. Сол жылдың аласапыранында әкесі, профессор Құдайберген Жұбановтың нақақтан ұсталуына байланысты оның отбасы түгел елге – Ақтөбе облысына көшуге мәжбүр болды. Осы бір қиын кезеңде қаладан алты баласын аман-есен алып шығуды ойлаған анасы, Алматыда туған кейінгі үш баласының куәліктерін де түгендеп алуға шамасы келмепті. Сөйтіп, Қызғалдақ Құдайбергенқызының тууы туралы куәлігі Ақтөбе өңірінде туған болып жазылыпты. Ол осында бастауыш мектепті аяқтап, 1946 жылы Алматыдағы №12 қыздар орта мектебінде оқуын жалғастырады. Мектепті бітіріп, Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетіне түсіп, экономист деген мамандық алып шығады.

Сол мамандығы бойынша статистика басқармасында қызмет атқарып жүргенде, 1961 жылы  Алматыда ашылған республикалық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қызметке шақырылады. Ол  жерде Қазақстан экономикасының барлық салаларын дұрыс көрсете білумен қатар, мәдениет, ғылым, тарих саласындағы жетістіктерді бүкіл әлемге жеткізетін мамандар даярлауға отыз жылдан аса қызмет жасады.  Еңбегі елеусіз қалмады. Көптеген Құрмет грамоталарына, дипломдарға,  медальдар мен атаулы белгілерге ие болды. Бұл жұмыста өзін бақытты сезінді.  Сол жерде тұрмыс құрды. Дана атты қызы дүниеге келеді.

Көп жылдар бойы халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде Бас павильон директоры болып қызмет атқарды. Еліміз егемендік алғаннан кейін ол жерде «Атакент» іскерлік орталығы ашылды. «Мен онда акционермін», – дейді Қызғалдақ Құдайбергенқызы.

Ол қазір құрметті демалыста, немере, шөберелер қызығына бөленуде. Қызы Дананың мамандығы музыкант. Фортепианодан сабақ береді. Қазақ Ұлттық өнер университетінің доценті, көптеген халықаралық конкурстардың лауреаты, Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері. Дана Әлидің ұстаздық еңбегі орынды еленіп,«Ұстаздық шеберлігі үшін», «Өнерге сіңірген айрықша үлесі үшін»белгілермен марапатталды. Күйеубаласы Ерлік Әли — ҚР Сыртқы істер Министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі, Шанхай  ынтымақтастығы  ұйымы қызметінің мәселелері жөніндегі Ұлттық үйлестірші лауазымын атқаруда.

Дананың музыка саласын таңдауына тамыры терең тектіліктің әсері бар екені даусыз. Абыз анамыздың жиендері Данияр Германияда халықаралық паралимпиада бағыты бойынша қызмет жасауда. Құдайберген атасы тәрізді сегіз тілді меңгерген полиглот, Лаура Италияда Рим қаласында тұрады,опера театрының әншісі,Томирис Мәскеу консерваториясында пианист.

Отбасының қызығы да, қиындығы да мол болғанымен, Қызғалдақ Құдайбергенқызы әкесінің тағдырын бір мезгіл ойынан шығарған емес. Әкесі Құдайберген Жұбанов 1957 жылы ақталған күннен бастап, өз анасынан, апа-ағаларынан бала кезінен әке жағдайын  естіп, өксіп өскен ғалымның ортаншы қызы, енді ел аузынан жалынды лебіздерді тыңдай бастады. Талай мерейтойға байланысты конференцияларда лауазымды ғалымдардың баяндамалары мен газет-журнал беттеріндегі мақалаларды оқып, оларды тірнектеп жинады. Әкесінің еңбектерімен танысып, «осындай қазақтың бақытына біткен ерекше талантты жоқ етуге қалай көздері қиды екен?» деп қиналады, өкінеді.

Шүкіршілік еткен бір жай, артында ізбасарлары күннен-күнге көбеюде, еңбегін іздестіріп, зерделеп, игеруде. Құдайберген Жұбановтың өз балалары әке аманатына адалдық таныта білді. Олардан тараған немерелер әр салада қызмет атқарады. «Шөберелеріне де үлкен атасының кім болғанын білдіруге, сондай адамның атына лайық болуларына  атсалысып, тәрбие беруге  тырысамыз деп ойлаймын», — дейді Қызғалдақ Құдайбергенқызы.

Өзінің туған сіңлісі туралы педагогика ғылымдарының кандидаты, «Әліппенің» авторы Мүслима Құдайбергенқызы  өз естелігінде былай деп жазады: «Қызғалдақ — бізден кейінгі үш баланың үлкені. Менің аңсап күткен, ардақты сіңлім. Олай дейтінім — Ақыраптан кейін Есет туғанда «неге қыз тумай, ұл тудың? Ертең Есет өскенде Ақырап екеуі бірге ойнап кетіп, мен жалғыз қалып қоямын» деп жылаппын. «Бұрын екеу болсаңдар, енді үшеу болып ойнайсыңдар» деген мамама, «Мен бұлармен қалай бірге ойнаймын, Есетті жақсы көріп құшақтайын десем, бір айлық балаң кеудемнен итеріп, шалқамнан құлатты», — десем керек.

Шешем менің осы сөзімді қызық көріп, көпке дейін әркімге айтып отыратын. Сөйтіп жүргенде Алматыда Қызғалдақ дүниеге келді. Үйге келген қарт әйел дәрігер: «Қыз бала туды», — дегенде мен қуанып, күліп жіберіппін.

Қызғалдақ сүп-сүйкімді, аққұба, әдемі бала болып келді. Шешеміздің айтуынша, нағашы атамыз Оспанның Бірмағамбет, Саймағамбет, Жұмағали деген үш інісінің де көздері үлкен, қыр мұрын, қызыл шырайлы, әдемі жігіттер болыпты кезінде. Және үшеуі де сұлу киінуді ұнатады екен.  Сол мінездері мен түріне қарай, ел арасы оларды «үш қызыл» атандырса керек.

Шешеміз: «Қызғалдақ өзінің сол ағаларына ұқсайды»,— дейтін. Және Қызғалдақтың бағуы да ерекше болды. Оны мамамның шешесі — нағашы әжеміз өзі қарады. Бесігін өз бөлмесіне қойып, емізгеннен басқа міндетін өз мойнына алды.

Әлі есімде, әжеміз Қызғалдақты әдемі арбаға салып, үйдің қасындағы, жұпар исі аңқыған саябақтың ішінде ұйықтатып, күніге үш-төрт сағат далада ұстайтын. Қызғалдақ аяғын басқан кезде, күніге бір үлкен қасық піскен сүттің қаймағын бізден жасырып жегізетін. Кейде Ақырап екеуміз әжемізді қорқытып «қаймақты біз де жейміз» деп асүйге әдейі жүгірген боламыз. Сол кезде байғұс кемпір шынымен қорқып, есікті екі қолымен керіп тұрып: «Қызғалдақ, Қызғалдақ, тез кел, мыналар жеп қояды» — деп, Қызғалдақты шақырып жанұшырады. Сонда Қызғалдақ аспай-саспай келіп қаймағын жейді.

Ақырап екеуміздікі жай қалжың ғой, әйтпесе еш уақытта  Қызғалдаққа тиісті қаймақты тартып жеп көрген жоқпыз. Әкеміз де Қызғалдақты ерекше жақсы көрді. Мамам қатарынан үш ұл туғасын, шамасы, ол да қыз болғанын сағынды ғой деймін (Есеттен кейін туған Марат деген бала алты айлығында қайтыс болған).

Бұрын мені Ленинградта жүргенде «Красивая девочка» десе, папам оны жаратпай «Сен сұлу деген сөзге масаттанба! Сұлумын деп ойлағандар ақымақ болады. Сені сұлу көрсететін бұйра шашың ғана», — деуші еді. Қызғалдаққа келгенде ол ойы өзгеріп, өзі де сұлу деп мақтанатын болды.

Әкеміз ақталған 1957 жылдан бастап әрбір өткен мерейтойда, конференцияларда өте мазмұнды фотокөрмелер ұйымдастырылды». …Қызғалдақ апай жасаған көрмелер Ақтөбе, Астана қалаларында қойылды. Бұл сахна сыртында қала беретін жұмыс болғанымен, оның сүйікті әкесіне арнаған қолтаңбасы еді. Әке мерейтойларында оқылған баяндамалар, әке көзін көрген үлкен ғалым, жазушылардың естеліктерін жинап, өзі де кітап шығарды. Жинақ аты «Әкем — жарық жұлдызым».

Өмір бойы аңсаған арманы — әкесіне арнаған үлкен жұмысы, әке алдындағы борышы деп санаған ізденістері. Өз мамандығы экономист бола тұра, сүйікті әкесіне  деген жүрек лүпілі, әкеден ерте айырылса да, оған арнаған ескерткіші еді. Қызғалдақ әжей — көпшіл адам. Жақсының да, жаманның да парқын біледі, бәрін іштей сараптап отырады.

Данагөй әже Қызғалдақ Құдайбергенқызы ақпан айында дүниеге келген. Әке дидарына мәңгілік сағынышпен ғұмыр кешіп келе жатқан ол талай өмір сынынан сүрінбей өтті, өйткені ол алда жарқын тірлік барына сенді.

…Міне, аязды ақпаннан соң айналаға нұрын молайтып наурыз келді. Қызғалдақ әже де тоқсаныншы белесіне қарай жол тартты…

 

Мұхтар МИРОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті,

филология ғылымдарының кандидаты,

Жұбановтану ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі міндетін атқарушы

 

/aqtobegazeti.kz/