Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Мәдениеттегі ұлттық интеллигенция феномені

Мәдениеттегі ұлттық интеллигенция феномені

Қазіргі  уақытта ғылым алдында тұрған негізгі әлеуметтік философиялық мәселелердің бірі – интеллигенция ұғымын, соның ішінде ұлттық интеллигенцияның қалыптасу ерекшеліктері мен тарихта алатын орнын зерттеу. Интеллигенция мәселесі қашан да қоғам алдында тұрған. Көне дәуір мәдениетіндегі философия мәселелеріне көз жүгіртсек те адамның рухани болмысына, тұлға мәселесіне қатысты көзқарастар мен тың идеялардың орын алып отырғандығын көреміз. Философияның өзі зиялылықтың тарихи мәнін негіздей түспек. Қоғамдық дамудың негізгі күші адамның рухани болмысына келіп тірелер болса, бұның негізінде пайым пен зерденің рухы, адамгершілік қасиеттердің құндылыққа айналу себебі көрінеді. Осы себептен көне дәуірдің өзінде қоғамның, адамзаттың рухани тығырықтан шығуының бірден бір құралы ретінде философия, сол философиялық ой кешудің үрдісін қалыптастырып, нығайтып отырған интеллектуалдар болған.

Мәселен ең алғаш рет адамның рухани адамгершілік қасиеттеріне философиялық мысалдар келтірген ойшылдардың бірі Гераклит тұлға мен қоғам болмысына қатысты мынадай ойларын тарихта қалдырған: «Өрмегінің ортасында тұрған өрмекші, шыбын оның өрмегінің бір тінін үзсе, соның тұтастығына қам жеп, тез жамау үшін сол жерге тұра жүгіретіні сияқты, адам жаны да, оның өзімен мықтап біріккен тәнінің бір жеріне зақым келсе, сол зақымның орнын толтырғанша шыдамай, сол тұсқа тұра ұмтылады» [1, 297-б.]. Тұлға да сол сияқты, ұлтынан, мемлекетінен ажырап, қоғамынан тыс өмір сүрген емес. Ұлттың мүддесіне сызат түссе, оны сақтап қалуға ұмтылып отыратын адамның кісілік қасиетінің үлкен бір өнімін зиялылық, интеллигенттік сана дейміз. Интеллигенттік сана жанның тілеуінен шығатын рухани қасиеттің бірі. Соңғы ғасырларда әлемнің барлық елдері өзінің қоғамын күшейтуде, интеллигенцияның қалыптасу мәселесіне қайта баса назар аударғаны білінеді. Әлеуметтік философиядағы көтерілген мәселелерге де зер салсақ, интеллигенция мәселесі тұрғысында барлық идеялардың қалыптасып отырғандығын көреміз. Жаңа айтып отырған ежелгі дәуірде де солай болған. Интеллектуалдар қызметі, адам болмысының рухани деңгейі қоғамның қозғаушы әрі даму күшіне айналып отырған. Интеллигенция мәселесінің қоғам алдына шығуына әсер еткен нәрсе – халықтың, ұлттың, адамзаттың еркіндігі  мен жауапкершілігіне қатысты мәселелердің туындауы. Қоғамдық сана түрлерінің белгілі бір уақыт жағдайында саясаттың, идеологияның негізінде дағдарысқа ұшырап отыруы. Соның негізінде тарихтың қай кезеңінде болмасын (әсіресе соңғы ғасырларда) интеллигенция қызметіне деген сұраныстың арта түскендігі анық.  Осыдан бір ғасыр бұрын орыс философы Н.А.Бердяев өзінің «Философиялық ақиқат және интеллигенция шындығы» деген мақаласында былай деп жазады: «Осы уақытқа дейін жабық өмір сүріп келе жатқан осы бір тұтас әлем қос қысыммен, биліктің сыртқы реакциялық қысымымен және ақыл-ойдың іштей тығырыққа тірелуінен үлкен қайшылықтарға тап болды. Бұлардың сөздің кең мағынасында айтылатын жалпыұлттық, жалпы тарихи мәнге ие зиялылардан айырмашылығы «зиялы қауым» деп аталмайды»[2, 15-б.].

Интеллигенцияға деген сұранысты туғызып отырған қоғам, ұлттық мүдде талабы болған. Интеллигенция ұлттық мүдде құндылықтарынан қол үзбей, оның болашағына қатысты мәселелерден ажырамағанда ғана тұлғалық сипат алады. Бұл интеллигенция ұғымын ғана емес, оның тарихи феноменінің кең мағынада зерделенуіне әсер етіп отырған. Қоғамның терең, әрі тұрақты түрде дамуы оның саясатына, құндылықтарына, қоғамдық сана түрлерінің өз деңгейінде дамуына тәуелді. Сондықтан да интеллигенцияның рөлі  қоғамына дұрыс бағыт, мемлекетіне жол көрсетіп отыруымен көрінген. Бұны айтып отырған себебіміз, адамзат қоғамы ес білгеннен бастап, оның мәдени дамуы, интеллектуалдық мүмкіндіктері арқылы жүзеге асып отырған. Интеллектуалдық мүмкіндіктерді туғызып отырған уақыт орамындағы орын алып отыратын қайшылықтар. Мәселен діннің мақсатына алдыменен кейбір дін өкілдерінің өздерінің қайшы келуі, тағы да басқа осындай мәселелерді айтуымызға болады. Бұндай жағдайлардың адамзат әлемінде орын алып отырғаны белгілі. Қоғамның, бір аймақтың мәдениетінің негізіне айналған  құндылықтарға ұрпақтың ішінен өсіп шығатын белгілі бір топтың қарсы келуі, оның белгілі бір себептермен қоғам игіліктерінен тысқары кетіп, іштей шектеліп қалуы, бұны өзгертуге бағыт алған ұлттық интеллигенция өкілдерінің тобын қалыптастырып отыратындығы анық. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, ұлттық интеллигенция тұлғасы белгілі бір уақыт шеңберінде  қоғамның ой елегі, ақыл таразысы болып табылады. Бұны интеллигенция болмысына тән қасиет, соған жүктелетін міндет деп те айтамыз. Интеллигенция болмаса жеке адам, халық болсын, өзі өмір сүріп отырған дәуірінде немесе келер уақыт жағдайында қоғамның сан түрлерінің шынайы қызметін ажырата алмауы мүмкін. Кез келген жаңа уақыт жағдайында қоғамның рухы мен болмысына қажет жаңа дүниелерді зерделеп, жеткізіп отыратын, сонымен бірге қоғамның төл дүниелеріне  бағыттап, оның санасын жаңашылдыққа икемдейтін осы интеллигенция. Осы себептен интеллигенцияның феномені, тарихи болмысы, әлеуметтік қызметі, соның ішінде интеллигенция шындығы деген ұғым қашанда әлеуметтік философияда  өзекті мәселелердің бірі болған.

Бүгінгі жаһандану мемлекетке өзінше қамдануды, қоғамның тұрмысын жақсартып отыруды, ғылымның дамуын, мәдениетін оның құндылықтары арқылы әлемге танытуды жүктеп отыр. Бұның жүзеге асуына тікелей әсер ететін қоғамның өзі. Осы себептен интеллигенция қай заманда да қоғамның бастаушы тобы болып саналған. Қоғамның бастаушы өкілі болу, халық олардың бағытымен жүруі үшін мемлекет, қоғам және интеллигенция болып бірігетін ортақ құндылықтар қажет. Болашаққа игілік болып жететін ортақ құндылықтар дегеніміз ол ұлттың мүддесі, мемлекет және тәуелсіздік, жер, тіл, дін, дәстүр, мәдениет және тағы басқалары.

Интеллигенция ұғымын тек қана  әлеуметтік тұрғыдан қоғамда белгілі бір салада  білімі, ақыл-парасатымен  қызмет атқаратын топ деген көзқараста зерделеу жиі орын алған. Қазіргі уақыт бұл ұғымға тарихи негізде, мәдениет шеңберінде ұлттық мүдде тұрғысында зерттеуді қажет етуде. Яғни адамның ақылды, білімді, адамгершілігі жоғары индивид, тұлға ретінде  қалыптасуының негізінде жеке адам мен қоғамның әлеуметтік танымына әсер етуші негізгі құндылықтарды да қоса зерттеу қажет. Бұл тұрғыдан келгенде интеллигенция ұғымы, тарихи уақыт кеңістігінде оның қалыптасуына ықпал етуші тұлғалар болмысын жан-жақты зерделеп отыруды да қажет етеді. Бұған дейінгі ұлттық интеллигенция феноменіне қатысты жазған еңбекте де тоқталып өткеніміздей, «дүние құбылысы, қоғам өзгерісі ескіру мен жаңару, даму арқылы көрінгенімен, оның ішінде тозбайтын, ескірмейтін, өшпейтін бір ғана нәрсе – зиялылық, адамның тұлғалық қасиеттері» [3,16-б.]

Тұлғаларды шығаратын ұлттың өзі. Ұлт болмаса тұлғалар шықпайды. Халықтың ұлтқа айналуының бір белгісі ұлттық мүддені қалыптастырумен қатар, оны сақтап, қорғап және нығайтып отыратын тұлғаларды шығарып отыруында. Ал мемлекеттің одан әрі дамуы ұрпақтың өзіне байланысты. Ең бастысы ұлттың болмысы мен болашағына қажетті құндылықтар болса қоғамды дамытатын құндылықтарды қалыптастыруға болады.

Философиялық энциклопедиялық сөздіктерде интеллигенция ой еңбегімен шұғылданатын, білімі терең, кәсіби білімі мен деңгейіне байланысты қоғамның белгілі бір саласында қызмет атқаратын жекелеген адамдар тобы делінген. Мәселен, шетелдік сөздіктерде, соның ішінде Уэбстер сөздігінде интеллигенция – белгілі бір әлеуметтік қызмет атқаратын, халыққа қызмет көрсететін, интеллектуалдар жиынтығын білдіретін ұғым мағынасында түсіндірілсе, Оксфорд сөздігінде «интеллигенция – интеллектуалдық қызмет атқаратын, саяси ұсыныстар мен мәдени құндылықтарға ие адамдар тобы» ретінде көрсетілген. Соңғы уақытта жарық көрген ағылшын тіліндегі Лонгман сөздігінде «интеллигенция саясат пен өнерде жаңа идея мен жаңа даму үлгілері арқылы қоғамда үнемі белсенділік танытып отыратын интеллектуалдар тобы» деп анықтама берілген[4, 3-б.].

Қарапайым сөзбен айтқанда интел-лектуалдар кәсіби мамандар. Осы мамандығы арқылы қоғамның ішкі құрылымында (рухани салада) қызмет атқаратын адамдар. Әрине бұл да дұрыс шығар. Бірақ қазіргі таңда кез келген адамның білім алуына мүмкіндік мол. Кез келген адам мамандық иесі бола алады. Бірақ қоғамның рухани өмірінде интеллектуалдар қызметін белгілі бір саладағы адамдардың қызметімен, іс-әрекетімен байланыстыру жеткіліксіз болуда. Адамның адамгершілік қасиеттерінің арғы жағында да көптеген көзге көрінбейтін дүниелер бар. Мәселен Әлихан Бөкейхановтың өзі, «Үлгісіз-рәсімсіз өскен, алдында көргені қаптама өсек, өтірік-жала» деп айтып кеткен [5,127-б.]. Яғни адамның білім алуына, оның қоғам игілігіне айналуына, болашаққа қызмет етуіне тікелей әсер ететін мінез, мінездің арғы жағында, ақыл, рухани қасиеттер, адамның танымы, ұлттың тәрбиесі жатыр. Тарихты жасайтын, қоғамына мәдени өзгеріс әкеліп отыратын тұлғаларда қазіргідей дипломы болмауы мүмкін, бірақ даналықтың білімі қашанда болады. Даналық білімнің табиғаты адамнан мінезді, рухани тереңдікті талап етеді. Тарихтағы қазақтың күйшілері, басқа да өнер иелері арнайы маман иесі болған жоқ. Бірақ олар тұлғалық қасиеттері, соның ішінде қабілетті тәрбиелеу арқылы ұлтының мәдениетіне жаңа өзгеріс әкелді. Сондықтан да интеллигенция ұғымын зерделеуде бірінші кезекте жеке адамның мемлекет азаматы, тұлға, ұлт тұлғасы ретінде қалыптасуына әсер етуші күштерді де ескеру қажет. Соған мән берілуі керек. Қоғам мен жеке адамның болмысының тұлғалануына әсер етуші күш бұл қашанда сол ұлттың төл дүниелері, құндылықтары болған.

Интеллигенция ұғымын философия ғылымы тұрғысында зерделеудің маңыздылығы осында. Қоғамның мәдени дамуында бірінші кезекте көзге түсіп отыратын халықтың, ұлттың негізгі қасиеттері болып саналса, жалпыға ортақ мәнге ие рухани қасиеттердің негізінде ұлттың зердесі тұрады. Ұлттық зерденің негізінде жанның қасиеті, сананың қызметі тағы бар. Осы себептен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген италиандық философ әрі жазушы, ғалым Антонио Грамши «Интеллигенция екі түрге бөлінеді. Біріншісі халықтың өзі шығаратын ұлттық интеллигенция өкілдері. Екіншісі білімі, тәжірибесі арқылы қоғам алдында жүретін интеллигенция өкілдері» деп жазған [6,4-б.]. Интеллигенция ұғымы ХІХ-ХХ ғасырлардан бастап ғылыми айналымға түсе бастағанымен, бұл феноменді сонау Аристотель заманынан бастап, философияда адамның рухани болмысына қатысты зерттелген мәселелердің, тұжырымдамалардың философиялық деңгейдегі теориялардың нәтижесінде қалыптасып отырған категория деп айта аламыз. Латын тілінен қазақ тіліне аударған интеллигенция ұғымының тікелей мағынасы ойлай алатын, парасатты деген категорияны негіздейтін болса, бұл ұғымды философиялық және ғылыми тұрғыда негіздеуде негізгі категориялар адамның рухани болмысына қатысты категорияларды да зерттеудің қажеттілігін айқындай түсетіндігі анық. Мәселе адамның алған білімінде, мамандығында, кәсіби біліктілігінде емес, негізгі мәселе ақыл-парасаттылықта, ойлау мәдениетінде жатыр. Сол себептен бұл мәселеге көңіл бөлуде интеллигенция феноменін тарихи философиялық тұрғыда зерттеуде адамның рухани болмысына, соның ішінде жан, сана, зерде мәселесіне қатысты қалыптасқан зерттеулерді де шолып шығуымыз керек.

Адамның тұлғалық болмысына қатысты таным философиясының биік шыңы бұл Иммануил Канттың зерттеулері. Философ өзінің «Таза зердеге сын» атты іргелі еңбегінде интеллектуалдылыққа қатысты мынадай тұжырым жасағандығын көреміз: «адамгершілік құндылығы тек іс-әрекеттің парызды сезінуінен жасалатындығында көрінуі керек» [7,15-б.]. Адамгершілік, парасаттылық болуы үшін адамның да, қоғамның да танымы соған дайын болуы қажет. Егер адамгершілік құндылығын негіздейтін құндылықтар болмаса, халықтың өмір сүретін ортақ үйі мемлекет те тұрмас еді. Сондықтан да интеллигенттік сана жеке адамның, ұрпақтың және қоғамның өзіндік санасының дұрыс қалыптасуының жемісі.

Интеллигенция ұғымының негізінде жеке адамның, әлеуметтік топтың тұлғалану болмысына тән қасиеттер жатыр. Сол қасиеттің үлкен бір бөлігін ақыл немесе парасаттылық дейміз. Парасаттылық ақылдың әрекет етуі. Осы рухани қасиеттер жеке адамды немесе жекелеген адамдар тобын (ақыл-парасат иелерін) ұлттың мүддесімен біріктіре отырып, оны әлеуметтік институтқа айналдырып отырады. Интеллигенттік сананың негіздері ақыл, түсінік, ұғыну және тағы басқа қасиеттер бар. Ал осы рухани қасиеттерден шығатын интеллигент адам болмысына тән құндылықтар тәрбие, білім, мінез. Атап айтсақ жоғары деңгейдегі ойлау, мәдениеттілік, ұстамды әрі төзімді болу, қоғамның, елдің болашағына бағытталған идеяны да интеллектуалдар болмысына тән құндылықтар деп есептейміз.

Интеллигенция тұлғасына тән қасиет жеке адамды қоғамымен біріктіруші қасиеттер мен құндылықтарды өзінің болмысына тарта білуінде. Интеллигенттіктің мәні мен өлшемі осы қасиеттер арқылы білінеді. Осы тұста мынадай сұрақ туындауы мүмкін. Әр халықтың мәдениетінде тұлғалар дәстүрі, талант иелерінің, ойшыл адамдардың мектебі бар. Мәселен, қазақ мәдениетінде билер, шешендер, жыраулар, батырлар болды. Бұлардың даналығы, ағартушылық қызметтері үлкен тарихи институт деңгейінде өмір сүрді. Әр халықтың мәдениетінде осындай тұлғалар дәстүрі орын алса және олардың рухани дүниелері сол елдің мәдениетінің құбылысына айналып отырса, интеллигенция ұғымын қолдану қаншалықты қажет? Интеллигенцияның бұлардан өзгешелігі неде? Біздің ойымызша соңғы ғасырларда адамзат қоғамы (оның ішінде мәдениет те бар) жаңа кезеңге өте бастады. Жаңа кезеңнің ерекшелігі, бұнда ғылым жедел түрде даму үстінде. Ғылымның жедел түрде дамуы, техниканың озық жетістіктерінің пайда болуы, алдымен қоғамның ішкі өрісіне (жүйесіне) әсер етеді. Бір аймақта пайда болып жатқан жаңа нәрселер бүкіл адамзат қоғамына әсер ете бастайды. Осындай сәтте өзінің дәстүрлі құндылықтарынан қол үзбейтін, қоғамның түбінде соған қайта айналып келетінін білетін, жаңа дүниелерге де қоғамының қолын жеткізетін, жасампаздықтың өлшемін зерделейтін тарихи уақыт пен жаңа уақыттың шекарасында олардың құндылықтарын тұтастай зерделей алатын қоғам мүшелерін уақыт мемлекеттен талап етеді. Осы бағытта және осы мақсатта қалыптасқан біліммен қоса, ақыл-парасат иелерін интеллигенция, интеллектуалдар дейміз. Яғни интеллигенция бұл қабілет иелері. Сонымен қатар даналық, шығармашылық білім иелері де болуы мүмкін. Кім болса да (батыр, ақын, шешен, күйші және т.б.) адамның интеллектуалдық танымын тереңдетіп, тұлғалығын негіздеп отыратын рухани қасиеттер мен оның көзін ашып, өрісін кеңейтіп отыратын құндылықтар. Интеллектуалдылық, мемлекет өміріндегі интеллигенция рухы ұлттық құндылықтар мен ұлттық қасиеттер негізінде қалыптасады. Жаңа айтып өткеніміздей,  қабілет, оның өрісін кеңейтетін тәрбие мен білім, рух еркіндігі, мінез, ойлау, зерде интеллектуалдар болмысының өмір сүруінің белгісі, әсіресе оның тарихта қалатын алып бейнесі. Интеллигенция тарихтан, қоғамның болмысынан тысқары жүрмейді. Оның негізгі бағыты, зердесі қоғамның шындығымен, тарих тәжірибесімен және мемлекеттің болашағымен байланысып отырады.

Интеллектуалдарды шығаратын қоғам. Қоғамның тереңдігі. Қоғамның тереңдігін айқындап отыратын құндылықтар. Соның ішінде тәрбие, білім, тарихи сана, саяси мәдениет, халықтың әлеуметтік және тарихи танымы адамның рухани болмысының негізінде жатқан қасиеттердің тұлғалық қасиетке айналуына ықпал етіп отырады.

Интеллигенция, соның ішінде саяси элита ұғымы соңғы ғасырларда үлкен қолданысқа ие болып отырғанымен, адамзат әлемі қазіргі өркениет дәуірінде қоғамның әлеуметтік танымына, халықтың зердесіне және қоғамдық сана түрлерінің болашағына жауапты адамдарды шығарып отыру үшін мыңдаған жылғы уақытты (тарихты) басынан өткізгендігі белгілі. Сол уақыт ішінде адамзаттың, жекелеген ұлттардың мәдениетінің болашағына қызмет етуші тұлғалар дәстүрінің қалыптасып отырғандығы белгілі. Соның негізгі куәлігінің бірі ретінде философияны айтумызға болады.  Интеллигенция феномені әр халықтың мәдениетінде, мемлекет өмірінде осындай тұлғалар институтының заңды мұрагері болып табылады. Көрнекті ғалым, философ М. Орынбеков қазақтардың ежелгі дүниетанымына қатысты жазған еңбегінде, «Дамып келе жатқан тұтастықтың барлық модификацияларында болатын әмбебап бастауды іздеу, олардың ұзақ уақыт бойы қалыптасқан және тарихи жадында сақталған тұлғааралық қатынастардың қалыптасу принциптері екендігіне әкеледі» деген [8, 9-б.].

Интеллигенция ұғымы жекелеген адамдардың ақыл-ойы, ойлау мәдениеті, парасатты әрекеті, адамгершілік қасиеттерден құралатын немесе соны негіздейтін әлеуметтік философиялық категория. Адам болмысының интеллектуалдық өрісінде ерекше рөлге ие ақыл, ойлау, пайым мен зерде, сезімталдық, қабілет интеллектуалдар болмысының басты өлшемі болса, ал оның рухани негізі жан. Адамның тұлғалық қалыптасуы, мәдени әлеуметтенуі осы жанның қасиеттеріне тәуелді. Сондықтан да болар, қазақ руханиятында жиі айтылатын «Жаны саудың дені сау» деген ұғым қалған.

Шынымен де адам баласы өз болмысының рухани қырларын толық танымай мемлекетінің, оның құндылықтарының дамуындағы тұлғалық феномендердің қызметін тани да, іске асыра да алмас еді. Осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, Аристотель философиясындағы  жанға, жанның негізгі қасиеті, мәні болып табылатын нәрсе интеллект жөніндегі пайымы адам мен қоғам болсын, екеуінің де түп негізі ұлттық болмыстың табиғатын зерттеуге бағытталған бірінші қадам болып табылады. Интеллектуалдылықтың мәніне қатысты зерттеулердің бастауы антика философиясында жатыр. Бұнда интеллектуалдылықтың басты өнімі саналатын дүниелер ғана емес, адам мен қоғам болмысының бойына ұялап отыратын қасиеттерді де тану, игеру принциптері де орын алған. Антикалық философиядағы философтардың тұжырымынан түйіндейтін ойымыз, яғни біздің ойымызша интеллигенция мемлекеттің қоғам арқылы шығаратын (қалыптастыратын) басты мәдени өнімі болса, интеллигенттік сана жанның қасиеттерінен, оның тілеуінен шығады. Адамның жанын тәрбиелеп, қоғамның рухани тереңдігін сақтап отыратын ұлттың дүниетанымы, дүниетанымдық тәжірибелер. Бүны руханият дейміз. «Адам – деп жазған әл-Фараби, — өмір сүре бастағаннан-ақ жаратылысында болатын оның бойындағы қабілетке келетін болсақ, бұл қабілетке адам жүре келе ие бола алмайды. Ал енді адамдағы басқа күйді алатын болсақ, бұл күйге адам тек жүре келе ие болады. Бұл күй екі түрге бөлінеді: осы күйдің біреуінің арқасында адамда не тек қана жақсы ақыл-парасат немесе тек қана жаман ақыл-парасат болады, ал екіншісінің арқасында не тек қана тамаша әрекеттер мен жан аффектілері немесе тек қана оңбаған әрекеттер мен жан аффектілері болады» [9, 210-б.]. Әл-Фарабидің тұжырымынан түйетініміз, яғни адам баласы дүниеге келгенде бірдей. Оның жаны ақыл күшін қалыптастыратын қасиетке ие. Ол адамның қандай ақыл күшін иеленіп, қандай мақсат құрып, сол мақсат жолында қандай адам болатындығы қоғамның өзіне де тәуелді. Интеллигенцияны қоғамның, мәдениеттің өнімі дейтініміз сол. Осы тұста Абайдың, «кімде кім жаман болса замандастарының бәрі жауапты» деген сөзі есімізге түседі. Қоғамның қандай болуы оның адамына ғана емес, мемлекетке де байланысты. Көп жағдайда тұлғалардың қалыптасуы мемлекет пен халықтың тағдырына ара түсуден көрінеді. Бұл мәселеге қатысты Жүсіпбек Аймауытов өзінің ойын былай деп айтып кеткен: «Жан жүйесі адамға ең жақын, ең керекті, әркімнің кім екендігі, жан өмірі жайынан әңгіме құрады. Біз көбінесе өзгелердің мінезін, мінін көргіш келеміз, өз мінезімізді, өз қасиетімізді, өз мінімізді көрмейміз, көргіміз келмейді. Біздің сыр-сипаттарымызды басқалар байқайды. Өзін білу, өз қасиетін тауып алу жанның тереңдігін тілейді, басқаша айтқанда, асқан ақылды, дана кісілер өзін сынай алады» [10, 2-б.].

Ұрпақты кісілікке, тұлғалыққа тәрбиелеу мемлекет пен қоғамның ісі.  Интеллигенция ұғымын осы себептен қоғамнан, мемлекеттен ажыратып түсіндіру мүмкін емес. Ал мемлекет иесі қашанда ұлттың өзі. Халықтың тарихи санасы мен ұлттық санасы жоғарылаған сайын ол ұлтқа айналып отырған. Мемлекет құрудағы халық болмысының ұлттық сипат алуы алдымен оның мемлекет пен ұлт болашағына қажетті құндылықтарды қалыптастырып, сақтап отыруында.

Интеллигенттік сана мемлекет, қоғам игіліктерімен қашанда тығыз байланысты. Оның басты белгісі жеке адамның немесе белгілі бір адамдар тобының қоғам игіліктерін зерделеуден білінеді. Бұның арғы жағында әл-Фараби зерделеген адам жанының негізгі қасиеттері, әсіресе оның қоғам тарапынан үлкен қолдауға ие болуы (тәрбиеленіп отыруы) және де сол қоғамның дамуына ықпал ететін үлкен құбылысқа айналу себебі мен мәні жатыр. Яғни интеллигенция ұғымының танымдық мәнін негіздейтін ұстаным бұл жанның қасиетін әлеуметтік тұрғыда негіздеу болып табылады. Интеллигенция болмысының субстанциясы жан, жанның қасиеттері, жанның қоғамға игілік әкелетін сана, ақыл-парасат күшіне ие болуы. Әл-Фараби тұжырымы негізінде қарайтын болсақ, интеллигенция дегеніміз жанның қасиетін дұрыс тәрбиелеу негізіндегі дұрыс ақыл-парасат күші болып табылады. Жанның қасиетін дұрыс пайдалану (тәрбиелеу) арқылы ғана адам дұрыс ақыл күшін иелене алады. Ал ақыл күші дегеніміз бұл тарихи сана, тарихи жады, тарихи таным, дұрыс зерде, түзу білім, дұрыс сенім, басқаларға пайдасы тиетін дұрыс ұстаным. Кез келген адамның биік адамгершілік қасиетке, қабілетпен бірге дұрыс ақыл күшіне ие болып отыруының негізінде нәрсені дұрыс зерделеп, тану қабілеті де жатыр. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, интеллигенция ұлтының тарихы мен болашағын даналық тәжірибе биігінен зерделеп, қоғамына бағыт-бағдар беріп отыратын адамдар. Интеллигенция ақыл-парасаты, білімі, тәжірибесімен қатар, биік талғамы, танымы арқылы да тарих субъектісіне айналып отырады. Ал жекелеген адамдардың тарих субъектісіне айналуының негізінде қоғам игіліктеріне қызмет ететін, жастарды қоғамына қызмет етуге бағыттап отыратын  зерде қызметі жатыр.

Ақылды әрекет ету, парасаттылық, таным, жалпыға ортақ пайдалы іс атқару қашанда ойшыл адамдарға тән, солардың міндетіне жүктеліп отырған мәселе. Философияның өзі де осы зерденің тәжірибесін жетілдіру, сол арқылы адамзат мәдениетін жаңа деңгейге көтеру мақсатында қалыптасқандығы белгілі. Интеллектуалдылықтың негізінде тұрған адамның жеке дара рухани болмысына тән қасиеттер, осы себептен философиялық мәселелердің үлкен бір бөлігін құрайды.

Адам болмысына тән сана мен ақылдың тұтас рухани жүйесі бұл даналық. Ойшыл адамдардың рухани мұралары мәдениеттің негізгі бөліктерінің бірі болып табылады. Интеллигенция өкілдері болса осы қалыптасқан, ұлттың мәдениеті мен оның мүддесіне қажет құндылықтарын сақтаушы, қоғамға пайдалы нәрселерді зерделейтін, оны танушы және қалыптастырушы адамдар. Бұлардың тарихтағы ойшылдармен байланысы және олардан өзгешелігі, олар алдыменен ойшылдардың философиясын, идеяларын меңгерген адамдар, қоғамына қажет тәжірибені философияның негізінде қабылдап, халыққа ұсынып отырады. Кез келген қоғам өзінің өмір сүріп отырған уақыты жағдайында ойшылдарды қалыптастыра алмайды. Ойшылдар ұлттың өмір сүретін ортақ үйі мемлекетінің қалыптасып, нығайып отыруына ықпал етсе, интеллигенцияны шығаратын қоғам, мәдениет, халықтың өзі. Осы негізде қарайтын болсақ, интеллигенция зердесі ойшылдар идеясының жүзеге асуы болып табылады. Кешегі алаш интеллигенциясы қазақтың төл мәдениетінің негізінде қалыптасты. Қазақ елінің сол кездегі саяси жағдайының өзі оларды қоғам алдына шығарды. Бұны айтып отырған себебіміз, интеллигенция феноменін жан-жақты зерттеуге философияда зерттеліп отырған адам мен әлеуметтік болмысқа қатысты мәселелер түйіткіл болуда. Мәселен елді уақыт жағдайында әлеуметтік қайшылықтардан аман алып шығатын  қоғамдық сана, халықтың тұтас зердесі, соның ішінде осы әлеуметтік танымды сақтап, нығайтып отыратын интеллигенция зердесі.

Жаңа уақыт жағдайында қоғамнан шығып отыратын ұлттық интеллигенцияны тарихтағы ойшылдар идеясының жүзеге асуы деп айтуымыздың себебі мынада:

Арыстан Алатауда мерт болғанда,

Оқжетпесте тұрған қарт тасқа айналды.

Содан бері бірталай заман өтті,

Алашты улай-улай жаман өтті.

Тұлпар – тулақ, ер арып аруақ боп,
Сарыарқа сайран жердің сәні кетті.
Жолбарыстар жортатын cap далада
Қорсылдаған доңыздар мекен етті.
Жалғыз-ақ Оқжетпестің қиясында
Шөккен қарт күншығысқа түзеп бетті,
Көп заман талмай-тозбай тау басында,
Алаштан Кенекемдей бір ер күтті [11, 184-б.].

Ұлтқа қажет, оның өмірінің жақсаруына, қоғамның заманнан қалмай өмір сүруіне тікелей ықпал ететін интеллигенцияның ақыл-парасаты болғандықтан, тарихтың белдеуіне айналған ұлт тұлғаларының идеясы осы жаңа ұрпақ буын ішінен зиялылардың қалыптасуына ықпал ететіндігі немесе соны уақыттан талап етіп отыратындығы (күтетіндігі) анық.

Интеллигенция феноменін ұлттың мәдениетімен, қоғам болмысымен ұштастырсақ, былай деп қорытынды жасауға болады. Яғни интеллигенция ерекше қабілетке ие ақыл-парасат, білім иелері. Қоғамның ең басты жетістігі, өз жұртын игілікке жетелейтін адамдар деген мағынаны білдіреді. Екінші бір мәселе интеллигенция болмысына тән қасиет бұл таным. Қоғамға, мемлекетке, ұлтқа пайдасын, оң әсерін беретін танымдық қасиеттерге ие болу. Интеллигенцияның танымдық қасиеттерге ие болуы алдыменен сол қоғамның танымы үшін басты мүмкіндік. Бұған қатысты философияда Аристотель, әл-Фараби сынды ірі ойшылдар интеллект ұғымын ғылыми айналым шеңберіне енгізген болса, неміс философы И.Канттың философиясында интеллигибелділік ұғымы орын алған. Бұның мағынасы нәрсені ақылмен ұғыну, биіктен зерделейтін, шындықты ақыл деңгейінен ұғынатын, танушы субъект дегенді білдіреді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, зерде биігіндегі танымы арқылы интеллигенция тарихтың субъектісіне айналады. Интеллигенция болмысы осы қасиетімен мәдени құбылысқа ие. Иммануил Кант былай деген: «жалғыз ләззаттілік тек қана зерде үшін толық игілік бола алмайды. Егер ләззаттілік (өздігінен бізді қанша тартса да) бақытқа лайықтылықпен, яғни ең биік адамгершілікпен бірікпесе, оны зерде құптамайды. Екінші жағынан тек жалғыз адамгершілік, яғни бақытқа лайықтылық та өз-өздігінен толық игілікті құра алмайды. Оны толықтыру үшін өз істерімен өзін бақытқа лайықты ете алған кісі ләззәттілікке үмітті болуы керек. Тек лайықтылық өзі ғана ешбір жанды қанағаттандыруы тиіс емес…» [12, 42-б.]. Философтың қоғамды, мәдениетпен оны жасаушы халықтың рухани болмысының (соның ішінде зиялы адамдардың) өзегі зерде ұғымына қатысты айтқан ойларынан нені ұғынамыз?

Адам атақ үшін тұлға болмайды. Боламын десе де оның болмысынан шынайы қасиеттерді уақыт, соның ішінде тарихи уақыт талап етіп отырған. Себебі ұлт тұлғалары мен интеллигенция үшін ұлт ісі атақ іздеп баратын нәрсе емес. Шын мәнінде осы жолда өмір сүрген ұлттық интеллигенция өз ісінің жемісін көрген емес. Бірақ олардың істеген істерінің жемісін ұрпақ көреді. Сондықтан да философтың айтып отырғаны зерде, интеллигенция танымы өзінің қолға алған ісінің болашағын ашық көріп, ақылмен ұғынудан шығады. Болашаққа зерде биігінен қарайтын адамның ләззат туралы ұғымы да өзгеше болмақ. Канттың айтып отырғаны, көбінесе қоғамда «анау интеллигент», «мынау интеллигент болуға лайық» деген пікірлер жиі орын алып жатады. Бұл дұрыс емес, қоғамына қызмет етуді мақсат еткен адамның одан көретін рахаты тек қана сол елдің абыройы ғана болуы тиіс. Бірақ абырой адамға оңайлықпен келген емес. Бұл тұрғыдан келгенде интеллигенция зердесіне тән қасиет, оның айшықты бір белгісі уақыт жағдайларымен (бір уақытпен ғана) шектеліп қалмай, үнемі алда жүріп отыруында. Қоғамға үлгі болатын деңгейге ие адамның зердесі де алда жүруі тиіс. Білімнің салтанат құруы осы интеллигенция зердесінің алда жүруімен жүзеге асып отырады. Қоғамды игілікке бастайтын ақыл-парасат иелерінің білімі, талғамы мен ойлауы да өзгеше. Бұған қатысты Абай, «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» деген [13, 69-б.].

Интеллигенция ұғымына ғана емес, болмысына тән қасиетті, соған негізгі өлшем болатын тұжырымды Канттың философиясынан көре аламыз. Интеллигенция қоғамдық сана түрлеріне, әсіресе оның жағдайына (болашақтағы жағдайына да) сауатты, әрі жауапты түрде қарайтын адамдар. Ұлттық мүддеге жауаптылық оларда сауаттылықтан күш алып отырған. Интеллигенцияның сауаттылығы дүниетанымдық шеңбердегі тәжірибелер арқылы қалыптасады. Сол себептен олардың ерік-жігері көп жағдайда моральдық заңдарға бағынып отырған. Ал интеллигенттік сана, таным өрісіндегі адамгершілік қағидаларының бастауында жаратылыс, әлем, табиғат пен тарихтың заңдылықтарының тұрғандығын білеміз. Осы қырынан қарайтын болсақ, интеллигенция елдің болашағын, қоғамның жағдайын  оған өзінің жауапты екендігін адамгершілік шеңберінде ғана емес, ақылдың биігінде, тәжірибемен қарайтын адамдар. Тағы да неміс философы И.Канттың тұжырымына жүгінсек: «тек қана зерделі жандардың адамгершілігімен үйлескен, соның арқасында ғана оған лайықты бола алған ләззәт әлемдегі ең биік игілік; сондықтан да біз таза практикалық зерденің көрсеткен жолы бойынша сол дүниеге қарай ойысуымыз керек, өйткені мұндай мақсаттардың жүйелі бірлігін заттар дүниесінен табуымыздың неғайбыл екенін сезімдерімізбен қабылданатын дүние көрсетіп отыр» [12, 42-б.]. Интеллигенция терминінің философиялық мағынаға ие термин болуының себебі осында жатыр. Зерде, ақыл-парасат халық игілігіне бағытталған адамгершілік қағидалары, жаратылыс ақиқаты негізінде шынайы мағынаны иеленіп отырады.

Адам баласы үшін зерденің көмегімен дүниені тануы, әлемді тануда таным жүйесін қалыптастырып отыруға сан ғасырлық уақытты басынан өткізіп отырғандығы белгілі. Бұған қарап адам танымының үнемі ақиқатты зерделеу жолында, әлемдік зерде (жаратылыс) заңына бағынышты екендігін де көреміз. Адамның интеллигенттік танымы алдыменен, осы дүниетаным өрісінен бастау алатын оның бір бөлігі іспеттес. Интеллигенция зердесінің  бір уақытпен шектеліп қалмай, ұлттың өткені мен болашағын қамтитын интеллектуалдық алымдылық өрісін (күшін) иеленіп отыруы сондықтан.

Үмбетқан  Сәрсембин,

философия ғылымдарының кандидаты

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Кенни А. Антика философиясы. Алматы: Ұлттық аударма бюросы. – 2020. -828 б.

2. Вехи: сборник статей о русской интеллигенций. — М., 1990.-158 с.

3. Сәрсембин Ү.Қ. Қазақ интеллигенциясы мәдени феномен ретінде. Монография. / «Жұбанов кітапханасы» сериясы. – Ақтөбе: «Жұбанов университеті» баспасы, 2018. – 170 бет.

4. Карлов Н.В.  Интеллигентна ли интеллигенция // Вопросы философии, 1998.№3.С.-3-17.

5. Бөкейханов Ә. Шығармалар. — Алматы: «Өнер», 1994. — 383 бет

6. ХХІ ғасыр ұлттық интеллигент ғасыры бола ма? // Ақиқат №9, 1999. — 3-9 бб.

7. Кант И. Критика чистого разума. – Симферополь: «Реноме», 1998.-528 с.

8. Орынбеков М. Предфилософия протоказахов. — Алматы: «Өлке», 1994.-208 б.

9. Әбу Насыр әл-Фараби. «Қайырымды қала». — Алматы, RS: Халықаралық Абай клубы, 2015. – 284 б.

10. Аймауытов Ж. Жан жүйесі / Лениншіл жас. — №200 (11237) 14 октябрь 1989 жыл. — 2-б.

11. Батырлар жыры, 7-том. Тарихи өлең-толғаулар, дастандар/ Құраст. Е. Дүйсенбайұлы). – Алматы: «Жазушы», 2008. – 288 б.

12. «Әлемдік философиялық мұра». «Кант және Гегель философиясы». 8-Т. –Алматы: Жазушы, 2006. – 520 бет.

13. Абай. Қара сөздері. – Алматы: «Өнер», 2010. – 124 бет.

/aqiqat.kazgazeta.kz/