Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Сынау оңай, көмектесу қиын

Сынау оңай, көмектесу қиын

Үмбетқан СӘРСЕМБИН, 

философия ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі

Кез келген ұлт, халық өзінің мемлекетін құруда елдің тәуелсіздігін нығайтатын құндылықтарды зерделеп, қалыптастырып отыруға күш салатындығы анық. Осы жолда ел түрлі тарихи кезеңді де басынан өткізеді. Кез келген дамудың, жалпы өзгерістің негізі қарама-қарсылық, қайшылық заңдары арқылы жүзеге асатындығы секілді халықтың ұлтқа айналуы, мемлекеттің өркениетке қол жеткізуі қоғам алдында тұратын барлық мәселелерді зерделеу, игіліктерді қоғамға кеңінен насихаттау, игеру мен еңсеру арқылыіске асып отырады. Қоғамның болашағымен тығыз байланысты қарама-қарсылықтың, қайшылықтың да түрі көп. Табиғатқа, адам мен қоғам болмысына қатысты шеңберде орын алатын заңдарды бір-бірімен салыстыруға келе бермейді. Табиғаттың, әлемнің дербес өз заңы бар. Онымен үйлеспесе,адамның бұған билігі жүре бермейді. Ал қоғам мен мәдениетті адамның өзі жасағандықтан, бұған өзі басшылық етеді, өзгерте алады. Сол себептен адам мен қоғам болмысына қатысты мемлекет мүддесін нығайтудағы мәселелер санаға келіп тіреліп отырады. Өзіндік сана, тарихи сана және ұлттық сана, соның ішінде жиі айтылатын қоғамдық сана ұғымы барлық уақытта да қоғамның алдына шығып, ойшылдар тарапынан талқыланып отырғандығын көреміз.

Қоғамның өркендеу жолы, әсіресе тәуелсіздік идеясы қоғам мен жеке адамнан ақыл-парасатты иеленумен қатар, терең білімді де қажет етеді. Ақыл-парасаттың өзі барлық жағдайда мінез бен білімнің бірлігінен шығып отырған. Мұны қазақ даналығында «кісілік» дейді. Ойшылдарымыз айтқан мемлекетті, қоғамды, адамды сынау оңай, оған көмектесу қиын. Абай: «Кімде-кім жаман болса, замандастаның бәрі жауапты», — дейді. Ал Жүсіпбек Аймауытов:«Кез келген адам қоғамның мүшесі болғандықтан, оған көмектесуі керек», – деген… Адам қоғамына қалай көмектеседі? Ең бірінші қажетті әрі міндеттелетін нәрсе — кісілік, қоғамның игілігіне айналатын тәжірибені қабілет пен білімді дұрыс иелену. Әр адамның мемлекет азаматына айналуы да қоғамдық сана түрлерінің барлығын толық әрі дұрыс меңгеруі арқылы жүреді. Оның барлығында да сапа болуы керек. Қоғамдық сана түрлеріне сапа мен білімді әкелетін — адам, халықтың өзі. Ал тәуелсіздіктің нығаюы, елдің уақыт талабына сай ілгерілеуі алдымен жалпыға ортақ игіліктердің (білім, өнер, ғылым, экономика, мәдениет, саясат және т.б.) салтанат құруынан шығады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздік әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз.  Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет».

Айта берсек тәуелсіздікке, оның арғы жағында ұлттыңболашағына қауіп төндіретін нәрселер де жоқ емес, бұлар қай уақытта да уақыт орамында орын алып отырады. Бірақ қай заманда болмасын барлық мәселенің дұрыс зерделеніп, оңтайлы шешілуіне себеп болатын — елдік сана. Осы елдіктің рухын қоғамға жеткізу керек. Байқайтынымыз, тарихымыздың барлық кезеңіндегі дәстүр осы елдік санамен қалыптасып отырған. Ұлт тұлғаларының қызметі мен идеяларының мәдени құбылысқа айналып отыруы елдіктің тұғырлы екендігін көрсетеді. Ел мәдениетінің тарихи кеңістігіндегі осындай тағылымды дүниелерді ескере отырып, ұлт зиялыларының дәстүрін әрмен қарай жалғастыру керектігін Мемлекет басшысы да айтып отыр.

Қазіргі ақпараттық технология өнімдері үстемдік құрған уақытта барлық мәселе алдымен зиялылардың өзара талқысына салынып, мемлекетке ұсынылуы керек. Қоғамда халықтық рухты биіктететін ұлттық зерде болуы шарт. Ал эмоцияға берілгіш сана ақиқатты шындықтан, шындықты жалғаннан ажырата бермеуі мүмкін. Сондықтан барлық кезде жалпыға ортақ интеллектуалдық сипатқа ие тәжірибенің рөлі ескерілсе екен дейміз.

Бұны айтып отырған себебіміз осы жақында Nur Otan партиясының атауы өзгерді. Жаңа атауға қатысты қоғамда түрлі пікірлер айтылуда. Тіпті әртүрлі көзқарастың да бар екендігі байқалады. Кез келген әлеуметтік өзгерістің жаңа нәрселерге бағыт алуымен қатар, қоғамға да жаңа міндеттерді жүктейтінін барлық адам ескеруі қажет. Бұны ескіден бас тарту депте қабылдауға болмайды. Қазір әлемдегі ахуал барлығына белгілі. Адамзат қоғамында жаңа нәрселер пайда болған сайын оның кез келген қоғамның ішіндегі көңіл күйге әсер ететіндігі анық. Сондықтан бізге дейін де, бізден кейін де ұрпаққа аманат етілетін бірғана нәрсе —  мемлекет, оның мүддесі. Бұл, Президент атап көрсеткендей, «еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым….»

Осы аманат ұғымы әсіресе осы түсінік қоғамның өзіндік санасына айналған жерде кісілік мемлекеттің кез келген азаматынан талап етіледі. Nur Otanпартиясының «AMANAT»болып өзгеруінің де мәнін осы қырынан түсінемін. Тәуелсіздік алған уақыттан бері мемлекетіміздің жүргізіп отырған саясатының да тарихи рөлін ескеру қажет. Тәуелсіздікті нығайтуда Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың қосқан үлесі зор. Бірақ жаңа айтқан қазіргі уақыттағы әлемдік деңгейдегі өзгеріс қоғамның өзіндік санасын тегістей нығайтуды қажет етіп отыр.

Президенттің мемлекет билігіндегі әрбір азамат, әсіресе партия мүшелері  қоғамның сенімінен шыға білуі керек екендігін айтты. Сенім болса, билік пен халық арасында байланыс, түсінік болса, білімнің де, идеяның да оның игілігіне айналары даусыз. AMANATпартиясының қызметі тәуелсіздіктің нығаюына кепіл болатын партия ретінде әрмен қарай нығаюы тиіс.Кез келген жаңа бастамаға салмақты түрде қарауымыз қажет. Мемлекет билігіндегі кез келген маман халықтың көкейіндегі нәрселерді білуі керек. Қоғамның ішіндегі, халықтың көкейіндегі нәрселер әлеуметтік мәселе болама, әлде үлкен тәжірибеге айналама, ол билік өкілдерінің өздеріне байланысты. Біздің ойымызша, қазіргі қоғамдағы халық пен жеке адамның ұлттық және азаматтық бірегейлігінің кепілі осы аманат түсінігі болуы керек. Үлкендердің жастарға үйрететіні де осы болғаны абзал.

Ал тәуелсіздік тұсында өмір сүріп жатқан кез келген адамның өмірінің қорғалып, құндылық ретінде бағаланатыны даусыз. Тәуелсіздік тұсында егемендікті нығайтуға, елдің бұдан әрі дамуын қамтамасыз етуге бағытталған реформалардың қоғам мен жеке адамның өмірінен алшақ, тысқары жүрмейтіндігі анық. Қазіргі қоғам алдында тұрған міндет — Президенттің айналасына топтасу, күш біріктіру. Өтпелі кезеңнен сүрінбей өту — қоғамға тиесілі іс, ұрпаққа жүктеліп отыратын міндет. Осыбір тұғырлы істі өзгертудегі жалпыға ортақ сана елдік екені даусыз. Елдіктің рухы халықтың басын біріктіретін құндылықтардың танылуына ұйытқы болуында. Елдіктің рухы елдің тарихы мен мәдениетінде сақталып қалатындықтан, оның өлшемі барлық кезде де жеке адам мен халықтың болмысына тікелей әсер ететін танымдық қасиеттер болып табылады. Бұны білу, бар мүмкіндігінше жүзеге асырып отыру — жалпыға ортақ іс.

Президентпен бірлесе қолға алынып отырған саяси реформалардың жүзеге асуына атсалысу — әрбір қазақстандықтың борышы.  Елдің болашағы тұрақтылықпен, елдің тұтастығымен жалғасады. Бейбітшілік бар жерде ұтымды өзгерістің, өнімді істердің де орын алары даусыз. Жалпыға ортақ еңбек қоғамын қалыптастыруда да қоғамға кісілік, талғам қажет. Ал әр адамның өз ісіне жауапты әрі терең болуы болашақ үшін маңызды.

 

/aqtobegazeti.kz/