Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ғылыми кеңес мәжілісінің кезекті отырысы өтті

Ғылыми кеңес мәжілісінің кезекті отырысы өтті

Бүгін Жұбанов университетінде ғылыми кеңес мәжілісінің кезекті отырысы өтті.

Мәжілісте Ақтөбе облысының джиу-джитсу федерациясының президенті Әшім Қали және Түркия Республикасының Анкара қаласындағы Орта-шығыс техникалық университетінің профессоры Марат Ахметке «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің құрметті профессоры» атағы берілді. Олар Жұбанов университетімен тығыз байланыста қызмет атқарып келеді.

Әшім Қали университетіміздің 1988 жылғы түлегі. Ол каратэден КСРО, Еуропа және Әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісінің иегері.  Қазіргі таңда Жұбанов университетімен тығыз байланыста болып, «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы студенттеріне тұрақты түрде шеберлік класын, кездесулер өткізіп тұрады.

Ал Марат Ахмет  «Математика» мамандығы бойынша Ақтөбе педагогикалық институтының 1978 жылғы түлегі болып табылады. 2017 жылдан бастап профессордың және «Математика» кафедрасының меңгерушісі Мәдина Тілеубергенованың жетекшілігімен университетте дифференциалдық теңдеулер, хаос және нейрондық желілер бойынша іргелі ғылыми зерттеулер жүргізетін ғалым-новаторлардың тобы жұмыс істейді.

Сонымен қатар ғылыми отырыста «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің еңбек ардагері» мерекелік медалімен химия және химиялық техноголия кафедрасының доценті, п.ғ.к Сейіт Когисов, бірқатар профессор-оқытушылар мен қызметкерлер Басқарма төрағасы-Ректордың Алғыс хатымен марапатталды.

«Шекті Тілеу батыр Айтұлы» мейрімділік қорының директоры Қанатбай Елеусізұлы «Хореография» мамандығының 4 курс студенті Лунара Имангалиеваға Тілеу батыр Айтұлы атындағы арнаулы стипендияны табыс етті. Айта кету керек, аталған арнаулы стипендия жыл сайын лайық деп танылған студенттерге беріліп отырады.

Жиында сонымен бірге жиналғандар университетте абыроймен қызмет атқарып, басқа қызметке ауысып жатқан әріптестеріне құрмет көрсетті. Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің директоры  Қарлығаш Сатыбалдинаға Алғыс хат табыс етілді.