Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Жаңа Қазақстанды» құруда жастардың рөлі зор

«Жаңа Қазақстанды» құруда жастардың рөлі зор

Нарқозы ҚАРТЖАН,

«Волонтерлер лигасы» облыстық филиалының жетекшісі:

— Қазір айнала тынымсыз, әлемде әртүрлі  саяси оқиғалар болып жатыр. Осындай кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық жағдайды ескере отырып, елдегі саясатты, экономиканы, әлеуметтік және басқа да салаларды өзгертуге, уақытқа бейімдеуге бар күшін салып отыр. Бұл туралы Президентіміз: «Біз дәйекті саяси жаңғыртуды жалғастырамыз, бірақ әлеуметтік антагонизмге, популизмге айналып, ішкі ахуалды тұрақсыздандыруға жол бермейміз. Елде заң үйлесім мен тәртіптің берік негізі ретінде билік етуге тиіс», — деген болатын. Шындығында, енді біз дамуымызға кедергі болатын барлық нәрседен алыстауымыз керек. Сөзден нақты іс-әрекетке көшетін уақыт келді.

Қазіргі шақ — жаңа Қазақстанды дамытатын кез. Ендеше, еліміз тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктерін еселеп, дамудың даңғыл жолына түсуі керек. Біз, жастар, осыған өз үлесімізді қосуға тиіспіз.

Мемлекеттің басты мақсаты — халықтың жақсы өмір сүруі үшін қордаланған мәселелерді шешу. Осы орайда Президентіміздің бастамасымен Қазақстанда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыруда қарқынды жұмыстар жүргізіліп келеді.

Бүгінгі күні Мемлекет басшысының саясаты жастар арасында да оң бағасын алып отыр. Кез келген елдің бүгіні мен болашағы жастардың қолында десек, Қасым-Жомарт Кемелұлының жастар саясатына баса назар аударуы — үлкен қамқорлық. Тіпті Президенттің праймериз кезіндегі «Мәжіліс пен Парламенттің 30 пайызын әйелдер мен жастар құрауы тиіс» деген Жарлығы да оның жастарға деген сенімі мен қолдауын көрсетеді.

Қазір елімізде жастарға арналған бағдарламалар мен жобалар бойынша ұсыныстар көбейіп, бұл бағытта көптеген бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, жастарға «Бастау-Бизнес» бағдарламасына қатысуға мүмкіндік мол. Енді бұл бағдарламаға қатысушылар мемлекеттен тегін грант ала алады. Осы жаңашылдықтардың барлығы жұмыссыз жастарымыздың өз ісін ашуға көмектесетініне сенемін. Меніңше, мұндай жобалар дамыған елдерде ғана бар, сондықтан бұл — біз үшін де, еліміздің экономикасы үшін де үлкен жетістік.

Қасым-Жомарт Тоқаев қай салада болсын, дер кезінде, халықтың пайдасына дұрыс шешімдер қабылдауда. Ендігі кезекте жауапты тұлғалар аталған бағдарламалар мен бастамаларды, мәселелердің шешімін еліміздің әр тұрғынына жеткізіп, халықпен бірлесіп жұмыс істеуі керек. Ал біз, белсенді жастар, ел дамуына титтей де болса үлесімізді қосып, халықтың игілігі жолында атқарылып жатқан істерге атсалысуымыз керек.

Сондықтан мен барша ақтөбелік жастарды Президентіміздің бастамаларын қолдап, әрдайым белсенді болуға шақырамын.

 

/aqtobegazeti.kz/