Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Болашақ үшін болған тартыс

Болашақ үшін болған тартыс

Ақтөбе облысының құрылғанына — 90 жыл

1917 жылғы ақпан-қазан айларында болған саяси оқиғалардың ықпалымен Алаш қайраткерлерінің ұлттық автономия құруды қолға алғаны белгілі.

Алайдабольшевиктер партиясы мен Кеңес өкіметі тарапынантаптық ұстаным негізінде, халық қолдаған лигитимді үкімет мойындалмай, жоғарыдан таңылған автономия құрылып тынды.1919 жылы Қазақ өлкесін басқару жөнінде уақытша революциялық комитет өз жұмысын бастайды. Болашақ автономияның территориялық шегін белгілеуде үлкен қиыншылықтар орын алды. Революцияның, азамат соғысыныңкесірінен бұрынғы қазақ жерлері, әсіресе солтүстік аймақтағы жерлер Сібір ревкомының қарамағында болды. Қазіргі Атырау,Маңғыстау аймақтарынан да айырылу қаупі төнді. 1919 жылы Қостанай уезі Челябі облысының құрамына берілген еді.Міне, осы жерлерді қайтаруда ұлт қайраткерлері орасан зор еңбек сіңірді.

Қазақ АКСР-і құрылғаннан кейін де территория үшін тартыс жүріп жатты. Оның бірі — биыл облыс болып құрылғанына 90 жыл толған Ақтөбе өңірі үшін болған тартыс еді.

Қазіргі Ақтөбе облысының әкімшілік-территориялық бірлік ретінде қалыптасуы жолында үлкен сынақтар да болды. 1920-1921 жылдары бұл өңір Орынбор-Торғай губерниясының құрамында болады. Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің 1920 жылы 11 желтоқсанда өткен жиынындабұл өңірге губерниялық мәртебеберіліп, Мәскеу оны Бүкілодақтық

ОАК-нің 1921 жылдың 8 желтоқсанындағы шешімімен бекіткен.

Дегенмен Ақтөбе өңірінің губерниялық басқару жүйесіне көшуі алғашқы күндерден бастап билік орындарындағы кейбір қызметкерлер, әсіресе Орынбор губерниясыныңбасшылары тарапынан үлкен қарсылыққа тап болады. Олар өңірдің «экономикалық әлеуетінің төмендігі», «басқару органдарының жетілдірілмеуі», «басқарушы мамандардың жетімсіздігі» сияқты «мәселелерді» желеу етіп, Ақтөбе өңірі бұрынғы патша өкіметі кезіндегі сияқты уезд ретінде Орынбор губерниясының қарамағында қалуы керек деп есептеген. Қазақ АКСР ОАК-нің І сессиясында,сондай-ақ Орынбор губерниялық ІІІ съезінде, т.б. жиындарда осы мәселеге байланысты айтыс-тартыс өрбіген.

1923 жылы 14 наурызда өткен Қазақ АКСР ОАК-нің үшінші шақырылымының ІІ сессиясындаАқтөбе губерниялық атқару комитетінің өкілі өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына қатысты баяндама жасайды. Осы баяндамадан кейінгі жарыссөзде де Ақтөбе өңірінің губерниялық мәртебесі төңірегінде пікірталасболады.Алғашқылардың бірі болып сөз алған Чернядьев губерниядағы қалыптасқан қиыншылықтарды алға тарта отырып,жан-жақты көмек берудің жолдарын ұсынудың орнына, керісінше, губернияны таратып, үнемделген қаржыны тұрғындарға жәрдемақы, қысқа мерзімдікқарыз есебінде беру керектігін айтады. Ол Ақтөбе өңірінің губерниялық деңгейде «өмір сүре алмайтынын», Ақтөбенің әр уақытта Орынбор губерниясының уездік қаласы болып келгенін айтып, 350 мың жан тұратын губернияны әрқайсысы 170 мыңадамдық екі уезге бөліп, оларды Орынбор губерниясына қосу әлдеқайда тиімді деген ұсынысын жеткізеді.

Қазақ АКСР ОАК-нің төрағасы Сейітқали Меңдешев бұл ұсынысқа байланысты Чернядьевтіңхалықтың мұң-мұқтажын реттеудің тиімді жолдарына назар аударудың орнына, таза саудалау ұстанымын, яғни Ақтөбе губерниясының керек не керек еместігі мәселесін алға қоюын айыптайды.

Ол кезде Орынбор губерниясында орыс шаруалары, Ақтөбе губерниясында қазақтар басым тұратын. Сондай-ақ Ақтөбе уезі, Чернядьев айтқандай,Орынбор губерниясының құрамында болмаған. Ол Торғай облысына қараған, ал облыстың орталығы Орынбор қаласында болғаны рас еді.

Міне,осындай тарихи анықтамаларды келтіре отырып, Меңдешев:«Сондықтан қазіргі кеңестік басқарманың Орынборда болуы керектігі туралы пікір негізсіз және Ақтөбе губерниясын таратып, жерін Орынбор губерниясына қосуға болмайды», — дейді.

Меңдешев одан әрі егер Чернядьевтің саудалау есебіне жүгінер болса, революция кезінде Орынбор губерниясы жерінің бір бөлігі Челябі губерниясы мен Башқұрт республикасына кесіліп берілген, демек, ол жерлерді деОрынбор губерниясына қайта қосу керектігін ескертеді.

С.Меңдешев сөзін жалғастыра отырып, Ақтөбе губерниясының болашағы зор екенін, онда Біршоғырдағы көмір кені, Темір мұнайы сынды игеруді күтіп жатқан байлық қоры бар екенін алға тартады, сондықтан губернияның бүгінгі жағдайына емес, болашақтағы қарымына назар аудару қажеттігін атап өтеді.

Чернядьев бұл пікірге мойынсынбай, қайта сөз алып, «бұрын губернияда қазақ тұрғындары аштық жылдары орыстардан астықтай көмек ала алатын еді» дегенді айтып, Ақтөбе жерін Орынбор губерниясына қосуға қарсы жандарға: «Сендер ұлттық принципті алға тартып, қазақ губернияларын қорғап, сол арқылы қырғыз(қазақ) тұрғындарды жойылып кетуге итермелеп отырсыңдар» — дейді.

Сессия жұмысына қатысушы М.Мырзағалиев өзінің сөзінде Ақтөбе губерниясын құру мәселесі 1920 жылы орталықтан Ярославский, Попов бастап келген БОАК-ніңөкілдері алдында шешілгенін айтады. Ол пікірін былай негіздейді: «Сөз жоқ, біздің Кеңес өкіметін құруымыз және одан әрі дамытуымыз бұқараны билікке, билікті бұқараға жақындата алғанда, бірде-бір мәдениет ошақтары жоқ қырда, даланың түкпір-түкпірінде болашақта дами отырып, шаруашылық өмір мен әкімшілік аппарат құратын орталықтар қалыптастырғанда мүмкін болады. Меніңше, осы сессияда бұл мәселені қозғаудың қажеті жоқ. Осы губернияның шаруашылық және әкімшілік жағынан тиімсіздігін мемлекеттік жоспарлау және әкімшілік комиссияларының жауапты қызметкерлері дәлелдеп берсін. Сол кезде ғана біз келісеміз.

Егер бұл жақта таза ұлттық губерния құруды қаласа, ол — қате.Себебі халқының құрамы38 пайыз орыстан тұрады. Ал Ақтөбе губерниясы Орынбор губерниясымен қосылса, онда абсолютті пайыз кемиді. Олай болса таза қырғыз (қазақ) губерниясын құрудың тіптен қисыны жоқ болып шығады.

Біздің айтарымыз, шаруашылық және әкімшілік қажеттілік қырғыз(қазақ) даласы түкпірлерінде сол шаруашылық және әкімшілік аппараттарды құруға мәжбүрлейді. Сондықтан біздің осы бағытта жұмыстануымыз және қажетті жерлерде ол аппараттарды құруымыз керек.Ақтөбе губерниясының және орталық есебінде Ақтөбенің дербестік құқығы бар.

Темір уезін алып қараңыз,бір профессордың зерттеуі бойынша, ол — мұнайға бай аудан. Темір ауданы мұнай қоры жағынан, Жылқоса және Ембі аудандарына қарағанда, жоғары.

Біршоғыр кен орнын, Торғай уезін алып қараңыздар. Оларда мол алтын қоры бар. Осында қатысып отырған шаруашылық мамандары Ақтөбе губерниясының дербес өмір сүре алатынын дәлелдей алады. Ол шаруашылықтағы мүмкіндігі, әлеуеті жағынан, Орынбор губерниясынан жоғары.

Бізге мәдениет ошақтарын ашу керек, осы іске бар мүмкіндігімізбен тырысуымыз керек… Мәселені біз еш уақытта жою,тарату арқылы шешпеуіміз қажет. Әрине,мұның Ақтөбе губерниясына да қатысы бар».

Бұдан кейін С.Меңдешев тағысөз алып, әкімшілік бірліктертаза ұлттық белгісіне қарап,яғни қазақ тұрғындары көп болса,онда қазақ губерниясы, қазақ уезі ретінде емес, шаруашылық және тұрмыстық жағдайларына байланысты құрылуы тиіс екенін айтады. Бұл— Чернядьевтің «Ақтөбені қазақ губерниясы болған соң таратпай отырсыздар» деген сыңайдағы пікіріне берілген жауап еді.

Жарыссөзде сөйлегендердің бірі — Мұқашев губернияның 1921 жылы ғана құрылғанын, жұмысты тәжірибесі жоқ жергілікті қызметкерлердің атқарғанын, онсыз да аяғына тұрып кетпеген жас губернияны алғашқы күннен-ақ ғаламат аштық жайлағанын, губерниялық атқару комитетінің бүкіл жұмысы тек сол аштықтың зардаптарын жоюға қарсы жұмылдырылғанын еске салады.

Соңынан сөз алған баяндамашы түрлі қиыншылықтарға қарамастан,губернияда жүзеге асырылған жұмыстардың нәтижелері бар екендігін айта келіп: «Осы келтіргендерден Ақтөбе губерниясында жұмыс басқалардан кем емес деңгейде жүріп жатқанын көреміз,сондықтан ол өзінің өміршеңдігін көрсете алды деген қорытынды шығаруға негіз бар», —дейді. Өзінің алты тармақтан тұратын ұсынысында олАқтөбе губерниясының болашағына күмән келтіретін пікірлерге тыйым салынуы тиістігін қадап айтады.

Міне, 1928 жылға дейін губерниялық мәртебесін сақтаған, 1928-1932 жылдары округ болған, ал 1932 жылдан бастап облысқа айналғанАқтөбе өзінің қалыптасып, даму тарихындаосындай үлкен сынкезеңнен де өткен еді. Өңір болашағын жанын сала қорғаған С.Меңдешев, М.Мырзағалиев сынды мемлекет және қоғам қайраткерлері, халқымыздың асыл перзенттері, өкінішке қарай, 1937-нің зұлматына ұшырап, сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болды.Алайда олардың ісінің жемісін бүгінгі ұрпақ көріп отыр: қазір Ақтөбе облысы еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени өмірінде өзіндік орны бар, Батыс өлкедегі ғана емес, республикадағы ең ірі аймақтардың біріне айналды.

 

Ұзақбай ИСМАҒҰЛОВ,

тарих ғылымдарының докторы,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

университетінің профессоры.