Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Еліміздің он жоғары оқу орнының инновациялық білім беру консорциумы

Еліміздің он жоғары оқу орнының инновациялық білім беру консорциумы

Бүгін Жұбанов университеті еліміздің жетекші он жоғары оқу қатарында  инновациялық білім беру консорциумын құруға қатысып, меморандумға қол қойды.

Аталмыш шарада  Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ ұлттық қыздар университеті, Павлодар педагогикалық университеті, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Х.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік қазақстан университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті және Жұбанов университеті ректорлары бас қосты.

Консорциумның мақсаты — Қазақстан республикасында әдіснама мен мазмұнды жетілдіру, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және педагогтердің құзыреттілігін арттыру.

Консорциум қызметтері бес негізгі бағытта қарастырылған.  Атап өтер болсақ, білім беру бағдарламаларының мазмұнын жаңарту, педагогтерді даярлау әдіснамасын жетілдіру, ғылыми зерттеулерді бірлесіп жүргізу, ұжымдық пайдалану зертханаларын құру және педагогикалық практиканы ұйымдастыру. Консорциум тек өздері құрған университеттер үшін ғана жұмыс жасамайды, ол қоғамдық құндылықтар үшін, жалпы қазақстандық білім беру жүйесінің сапасын көтеруге де қызмет көрсетпек.

Жиында ректорлар өз ойларын, ұсыныстарын ортаға салды. Бірлескен жұмыстың нәтижелігі жоғары екендігі атап өтілді. Консорциум бекітілгеннен кейін, міндеттерді ары қарай жүзеге асыру үшін жол картасын әзірленетін болады.  Сондай-ақ, келісімшарт барысында алдағы уақытта өткізілетін кездесулер де айтылды.