Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Бірлік пен ынтымақ тойы

Бірлік пен ынтымақ тойы

«Ұлыстың ұлы күні» атты мерекелік, мәдени-көпшілік іс-шаралар мен халықтық серуендер Ақтөбе қаласындағы Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда, Есет батыр тұрғын үй алабында, Абай гүлзарында, «Денсаулық», «Авиатор» саябақтарында, «Керуен сити» сауда, ойын-сауық орталығы менТұрғындар қалашығындағы қалалық Мәдениет үйінің алаңдарында да өтті. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Наурыз мерекесі тойланып жатқан бірқатар алаңдарды аралады.

Облыс басшысы алдымен Орталық стадион алаңына барды. Бұл жерде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті арнайы киіз үй тіккен. Облыс әкімі «Жұбанов ауылын» аралап, оқу орны әзірлеген көрме-жәрмеңкені қарап шықты.

Орталық стадион алаңында ақтөбеліктер бір-біріне мерекелік тілектерін жеткізіп, бауырсақ пен наурызкөжеден ауыз тиді. Ұлттық-спорттық жарыстарға қатысып, белсенділік көрсетті.

Облыс әкімі бұдан кейін Есет батыр тұрғын үй алабында ұйымдастырылған концерттік бағдарламаны тамашалап, ұлттық бұйымдар көрмесін аралап, халықпен жүздесті.

Бұл жерде шығармашылық ұжымдарыжиналған жұртшылыққа театрландырылған композиция ұсынып, «Асыл әжелер» ансамблі халық әндерін орындады. Сондай-ақ №60 орта мектеп пен М.Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебінің өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды.

Есет батыр тұрғын үй алабының тұрғындары мерекелік шарада киіз үйлерді аралап, наурызкөжеден дәм татты. Алаңда би билеп, облыс әкімімен естелік суретке түсті.

— Халық Наурызды сағынған. Себебі өткен жылы пандемияға байланысты қаламызда Наурыз мерекесі кең көлемде тойланған жоқ. Биылғы мерекеге көп адам жиналды, Наурызды тойлауға біз деотбасымызбен келіп тұрмыз. Мерекелік концертті тамашалап, наурызкөжеден дәм татып, дос-туыс, таныс адамдармен көрісіп, шұрқырасып жатырмыз.

Жуырда ауданымызға Есет батыр атамыздың есімі берілді. Бұл ауданда жыл өткен сайын тұрғындар саны көбейіп келеді. Болашақта ауданымыз бұдан да көркейіп, дамиды деп сенеміз. Барша ақтөбелікті мерекемен құттықтаймын, — дейді Есет батыр тұрғын үй алабының тұрғыны Алмас Әбішев.

Бұл күні мерекелік шараларҚурайлы, Кеңес Нокин, Жаңақоныс, Сазды ауылдарындағы Мәдениет үйлерінде де ұйымдастырылды. Шығармашылық ұжымдары тұрғындарға мерекелік бағдарламалар ұсынып, бауырсақ пен наурызкөже үлестірді.

Сондай-ақ аталған ауылдың тұрғындары спорттық ойындарға белсене қатысып, тазы мен төбет иттердің көрмесін тамашалады.

Айта кету керек,биыл облыста Наурыз мейрамына арналған шаралар 14 наурызда басталып, 23 наурызға дейін созылды. Осы аралықтағы әр күнге арнайы атау беріліп, тұрғындардың мерекеге барынша белсенді түрде қатысуына мүмкіндік жасалды. Мерекелік шараларға облыстағы барлық аудан, ауыл-аймақтар атсалысып, Ұлыстың ұлы күнін ерекше тойлады.

 

 Данагүл ҚАЗИХАН

/aqtobegazeti.kz/