Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Сенімімізді нықтады

Сенімімізді нықтады

Абат ПАНГЕРЕЕВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

университетінің «Абайтану және ұлттық руханият»

ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі,

филология ғылымдарының докторы, профессор:

— Президент кезекті Жолдауында ең алдымен бірлік керек екендігін баса айтты. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген халқымыз. Кешегі өткен қаңтар оқиғасы туралы алып-қашпа сөздер көп екені белгілі. Оны теріс пиғылды адамдар өздерінің миссияларына қарай бұрып сөйлетіп отырғандары да аян. Қаңтар оқиғасына байланысты басқа ақпарат көздерінен есту бір бөлек те, ел Президентінің өзінен естіп білген бір бөлек екен.

Осы қиын кезеңді ой елегінен өткізе келе Президенттің: «Мен халқым үшін бәрін жасадым, бұл менің президенттік әрі перзенттік борышым», —  деуіпатриоттықтың үлгісі деп есептеймін.

Жаңа Қазақстан құру жолында атқарылуы тиіс жұмыстарды атап көрсеткен Президент: «Халыққа көпірме сөз емес, көзбен көретін, қолмен ұстайтын іс керек», — деп нақты айтты.

Президенттік өкілеттілікті біртіндеп тоқтатып, парламенттік басқаруға көшу туралы айтқан пікірі де ел көңілінен шықты. Бұл — «Жаңа Қазақстан» құру жолындағы игі қадам.

Азаматтық белсенділікті жандандыру, бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетті және еркін форматта әрекет етуге мүмкіндік алуы да қуантарлық хабар. БАҚ өкілдерінің ашық та еркін ақпарат таратуына енді даңғыл жол ашылды.

Жолдауда «ұлттық құрылтай» құру туралы ұсыныс айтылды.Халықтың ойын, тілегін, енді құрылмақ қоғамдық кеңестер жинап, билікке жеткізетін болса, сол қоғамдық кеңестердің басын біріктіретін осы құрылтай болмақ.

Билік пен халықтың арасын жалғастыру мақсатында құрылатын бұл құрылтай әлем елдері алдында республикамыздың келбетін айдынды әлі айбарлы қылып көрсетуде мәні зор. Себебі халықпен санасып, халықтың үнін естіп отырған мемлекеттің келешегі айқын, алар биігі көп.

Жолдауда сонымен бірге еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымдарын қайта қарастыру мәселесі көтерілді. Бұрынғы уақытта бірқатар облыстардың біріктірілгені белгілі. Алайда одан не экономикалық, не рухани пайда болмағаны тағы да белгілі. Қайта оның қолайсыздығы көп болды, облыс орталығы шалғай болуына байланысты халықтың қатынауы қиындық туғызды. Бұл да өз кезегінде елдің наразылығын тудырып отырды.

Президент бұл мәселелерге қатысты да батыл шешімдер шығарды. Семей облысы аумағын Өскеменнен бөлектеп, Абай облысы деп атау, сол сияқты Алматы мен Жетісу облыстарын, Ұлытау облысын құру — әділ шешім, игілікті қадам. Бұл облыстардың орталықтарының атауы — ұлттық сананың көрінісі. Ұлы Абайдың есімін бұдан артық қалай ұлықтауға болады, жер жәннаты — Жетісудың әсем бейнесін бұдан артық қалай суреттеуге болады, Ұлытаудың кәрі тарихын бұдан артық қалай танытуға, қастерлеуге болады деген ой әркімге де келері анық.

«Бізге сырттан келіп ешкім ешетеңе істеп бермейді, бәрі өзіміздің қолымызда. Жаңа Қазақстанды бірлесіп құрайық!» — деген Қасым-Жомарт Кемелұлының жүрекжарды қорытынды сөзі әрбір қазақстандықтың көңілінен шығады деп сеніммен айта аламыз.

 

/aqtobegazeti.kz/