Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Көкейдегі көп күмән сейілді

Көкейдегі көп күмән сейілді

Нұртаза АБДОЛЛАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында көтерілген мәселелер әр қазақстандықтың, соның ішінде жоғары оқу орындарындағы ғалымдар, оқытушылар мен студенттердің көкейінде жүрген мәселелер деп ойлаймын.

Соңғы кезде геосаяси жағдайдың ушығып кетуінің кесірінен еліміздің қаржылық-экономикалық жүйесі қиындықтарға тап болды. Қор нарығында АҚШ долларының құны күрт шарықтап кетіп, соның салдарынан азық-түлік, түрлі тауарлар бағасы көтеріліп, ел-жұрт мазасыз күй кешті. Қатаң санкциялардың салдары жекелеген елдердің ғана емес, әлем экономикасына кері әсер етіп, зардабын  тигізді. Ресей біздің елдің ең негізгі сауда әріптесі болғандықтан, рубльге жасалған қысым теңгеге де ауыр соққы болып тиді. Көңілдері алаң халық сол кезде ел  Президентінің Жолдауын асыға күтті. Үміт алдаған жоқ. Ел Президенті Жолдауында дағдарысқа байланысты дүрбелеңге ешқандай себеп жоқтығын, елімізде ауқымды дағдарысты еңсеруге қажетті резерв пен құралдардың бәрі бар екенін айтып, ел-жұртты қуантып тастады. Сөйтіп, көкейдегі көп күмән сейілді.

Мемлекет басшысы Үкіметке дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін кешенді шаралар топтамасын тез арада жүзеге асыруға нақты міндет жүктеді. Екінші деңгейдегі банктерге өздерінің шарттық міндеттемелерін орындау барысында клиенттерінің валюта алуын қатаң бақылауды міндеттеді. Үкіметке, Ұлттық Банкке, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне бірлесіп төл теңгеміздің тұрақтылығын қамтамасыз етуде шешуші шаралар қабылдауды нықтап тапсырды.

Президентіміз Жолдауда қаржы саласында өршіп тұрған жасанды сұранысты, соның ішінде сырттан келген сатып алушылардың белсенділігінен туындаған сұранысты азайту қажеттігін баса айтты. Сол үшін де валютаны шетелге шығаруға шектеу енгізетін Жарлыққа қол қойды. Бұл да экономикалық қауіпсіздігіміз үшін дер кезінде жасалып жатқан оң шешім.

Ұлттық валютаның тұрақтылығы — ел экономикасының тұрақты дамуының кепілі.

 

/aqtobegazeti.kz/