Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Еліміз түбегейлі өзгерістер дәуіріне аяқ басты

Еліміз түбегейлі өзгерістер дәуіріне аяқ басты

Нұрбол СӘДУАҚАС,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент:

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын қаңтарда болған, бүкіл қоғамды дүр сілкіндірген, елдің басынан өткен қатерлі күндер мен егемендігімізге қауіп төндірген сын сағаттардағы халықтың мызғымас ауызбіршілігі туралы  салмақты пікірімен бастағаны көпшілікке қатты әсер қалдырды.

Мемлекет басшысы өткен оқиғаларға баға беріп, сол кездегі жағдайдың қалай болғанына халықтың нақты көзін жеткізіп, шындықты айту керектігін баса айтты. Ол дүрбелең кезінде халықтың наразылығын басқа жаққа бұрып, өз мақсаттарына пайдаланып кетуді көздегендер болғанын, «Іштен шыққан жау жаман» деген нақылды халық бекер айтпағанын, сондықтан елдің тыныштығы үшін бәріміздің жауапкершілігіміз жоғары болуын атап көрсетті.

Сондай-ақ қаңтар оқиғасы туралы ақиқатқа жұртшылықтың көзін жеткізу бағытында елімізде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын, мемлекеттің халыққа қажет өзгерістер жасап, оң өзгерістерді ел көзбен көріп, әл-ауқаты жақсара түскенін сезінетіндей болуы керектігін, соған Үкімет ерекше көңіл бөлетінін айтты.

Жаңа Қазақстанды құру жолындағы жұмыстардың ауқымы өте кең екенін жеткізді. Сондықтан еліміздің әлеуметтік-саяси өмірінде жаңа кезеңге сай шешімін күткен, қордаланған істер көп екендігін, қазірдің өзінде түрлі салада түбегейлі өзгерістердің басталып кеткендігін де нақты деректермен атап өтті.

Президент биылғы Жолдауында ел күткен жаңа бастамалар көтерді. Солардың бірі — «Қуатты өңірлер — қуатты ел» ұстанымын ескере отырып, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымына жаңа өзгерістер енгізу. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдететінін, ішкі көші-қон мәселесін реттейтінін, халыққа облыс орталығына қатынау тиімді болатынын атап өтті.

Президентіміздің алдағы уақытта Қазақстанда жаңа үш облыс құру бастамасы көпшіліктің көңілінен шықты. Дегенмен бұл бағытта атқарылар жұмыс өте көп. Сондықтан ел, жұрт болып, Мемлекет басшысына қолдау көрсетіп, өңірлердің дамуына өз үлесімізді қосуымыз керек.

 

/aqtobegazeti.kz/