Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Заманауи физикалық оқыту әдістеріне арналған халықаралық семинар

Заманауи физикалық оқыту әдістеріне арналған халықаралық семинар

Университетімізде «Заманауи физикалық оқыту әдістері. Ахуалы, проблемалары, келешегі» тақырыбында халықаралық семинар басталды. Семинарды Беларуссия Республикасы Янки Купалы атындағы Гродно мемлекеттік университетінен келген ғалымдар физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, оқу-ғылыми-өндірістік «Технолаб» орталығының директоры Александр Васильевич пен педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Николай Матецкий жүргізді.

Семинарға облыстық және қалалық білім беру басқармалары жетекшілері, мектеп директорлары мен физика пәнінің мұғалімдері, сондай-ақ, университеттің профессор-оқытушылары мен студенттері қатысты.

Семинарда кіріспе сөз сөйлеген университеттің бірінші проректоры Қуанышбек Шүңкеев жиналғандарға физика пәнін оқытуда зертханалық құрылғыларды қолданудың маңыздылығын айта отырып, қонақтарды таныстырып өтті.

Семинарды Александр Васильевич бастады. Ғалым алдымен Янко Купалы атындағы Гродно мемлекеттік университеті жайында презентация жасап, білім, ғылым, ғылыми инновациялық әдістер, халықаралық байланыстар жайында айтты. Келесі сөз кезегін алған Николай Матецкий оқытудың физикалық әдістері жайында баяндап, тәжірибелік мысалдар келтірді. Ол оқушыларды есептерді шешуден гөрі, физикалық әдістер, зерттеу жұмыстары қызықтыратындығын сөз етті.

Семинар барысында мектептерде заманауи физикалық құрылғылардың жетіспей жататындығы, физика пәнінің мұғалімі жаңа инновациялық зерттеу құрылғыларын терең меңгеріп, білім жүйесінің қатаң талаптарына сай үштілді еркін меңгеруі қажет деген пікірлер айтылды.

Аталмыш семинар үш күнге созылады. Қала мектептерінің физика пәнінің мұғалімдері бұл семинарда физика бойынша модульді зертханалық жұмыстар барысымен танысып, физика кабинетіндегі зертханалық жұмыстардың әдістемесі, зертханалық құрылғыларды әдістемелік жобаларда қолдану тәжірибелерінен сабақ алатын болады.