Биыл рамазан айы 2 сәуірде басталып, 30 күнге созылады.
Бұл туралы елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен тікелей эфирде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы айтты. Қазақстандықтар рамазан айында барша әлем мұсылмандарымен бірге парыз оразасын ұстайтыны белгілі.
Хижра күнтізбесі бойынша биылғырамазан айының қай күні басталатыны ғылыми зерттеу жұмыстарының қорытындысына сүйеніп, Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстан мүфтиаттарының келісімімен шешілген. 1 сәуірдің кешінде алғашқы тарауық намазы оқылады.
«Алла қаласа, шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. 2 мамыр — Ораза айт күні. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн — қасиетті Қадір түні.
Рамазан — тәрбие мен тағылымайы. Қасиетті айда мұсылман баласы қанағат, шүкір, мейірім, бауырмалдық, кешірім сынды көркем мінезді қалыптастыруға тырысады. Сауабы еселеніп жазылатын айда әрбір ізгі амалымыз қабыл болғай!» —деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
А.САРЫБАЙ.
/aqtobegazeti.kz/