Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университет студенттері жолдағы қауіпсіздік шараларын сақтау жобаларын ұсынды

Университет студенттері жолдағы қауіпсіздік шараларын сақтау жобаларын ұсынды

Университеттің техникалық факультетінде «Есте сақта және ойлан!» ұранымен «Жолдағы қозғалыс қауіпсіздігі үшін — студенттердің ойлары мен ынталары» тақырыбында байқау өткізілді. Ондағы мақсат — «Көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру» мамандығының студенттерінің шығармашылық қабілетін арттыруға, біліктілігін жетілдіруге, өз беттерінше ізденуге бағыт-бағдар беру.

Байқауға аталмыш мамандықтың 2-3-4 курс студенттері арасынан 50-ден астам студенттер қатысты. Олар жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ғылыми-зерттеу жобаларын, аудиороликтер, бейнероликтер және баяндамаларын ұсынды. Байқауға түскен жұмыстар арнайы құрылған комиссия сараптамасынан өтіп, нәтижесінде ең үздіктер жүлделі орындарға ие болды. Атап өтер болсақ, «Бағдаршам реттеуін ендірудің тиімділігін, объектінің жұмыс істеу режимін анықтау» тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жобасымен 3-курс студенттері К.Ахметкали мен Б.Қаржаубаева бірінші орынға лайық деп танылды. Екінші орынды «Обеспечение безопасности движения на пересечении пр. Нокина — пр. 312 стрелковой дивизии г. Актобе» атты орыс тіліндегі жобасы бойынша 4-курс студенттері Р.Иманалиева мен Т.Киязбаев иеленді. Ал үшінші жүлделі орын

«Жол-көлік оқиғасында балалар жарақатын азайту шараларын жетілдіру» ғылыми зерттеуімен 2-курс студенті А.Кенжебаеваға берілді.

Байқау қорытындысында университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Р.А.Бекназаров сөз сөйлеп, жобалардың барлығы да студенттердің біліктілігін, еңбегін көрсететіндігін айта келіп, белсене атсалысқан студенттерге шығармашылық табыс тіледі.

Шарада сөз алған Ақтөбе облыстық ІІД ӘПБ жол-техника инспекциясы бөлімінің бастығы, полиция майоры Е.С.Өтеген студенттерге әлі де біліктіліктерін жетілдіріп, көп ізденуге кеңес беріп, осындай маңызды мәнге ие шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Шара кезінде жүлделі орын алған студенттермен қатар, «Автокөлік және жол қозғалысын ұйымдастыру» кафедрасының аға оқытушысы, ғылым магистрі Н.Ә.Қантарбаев, «Автокөлік және жол қозғалысын ұйымдастыру» кафедрасының доценті, т.ғ.к. Н.С Сауханов және белсенділігімен көзге түскен студенттер Алғысхаттармен марапатталды.