Среда, Апрель 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Тың өзгерістерге бастайды

Тың өзгерістерге бастайды

Ерболат ЖАРАСБАЕВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің аға оқытушысы:

— Мемлекет басшысының қоғамның саяси мәдениетін нығайтуға қатысты ұсынып отырған жаңа бастамалары үлкен міндеттерді жүктейді. Кез келген қоғамның дамуы, мәдени жетілуі қашанда саяси және құқықтық реформалардың дұрыс жүргізілуіне байланысты, соған тәуелді. Философтар жазғандай, қоғамның негізін құрайтын — адам, сол себептен барлық қоғамдық сана түрлері алдыменен адамгершілік пен білімді қажет етеді. Ал адамгершілік пен білімді біріктіре алған қоғамның болмысы оның саяси мәдениетімен ерекшеленеді. Жолдауда атап көрсетілгендей, «Заң барлығына ортақ. Қарапайым адамдар үшін де, билігі бар адамдар үшін де, қоғам белсенділері үшін де бір ғана Заң бар». Кез келген қоғам мүшесі мемлекет азаматы ретінде заң алдында бірдей. Бұны ұғынудың өзі саяси сана мен құқықтық сананың әлеуметтік құбылысқа айналу мәнін негіздейді.

Жолдауда ұсынылып отырған бастамалардың барлығының да тарихи мәні зор, мемлекеттің жаңа уақыт талабына сай дамуын жүзеге асыруға бағытталғандығын ескеру қажет. Ең бастысы, халық, келер ұрпақ үшін маңыздысы — Тәуелсіздік, оның уақыт талабына сай нығаюы болып табылады. Осы жолда елге игілік, пайда әкелетін құндылықтарды зерделеу, қол жеткізу, кейінгі ұрпаққа табыстау маңызды. Президент Жолдауының негізінде қолға алынып отырған барлық саяси реформалардың желісі осы негізгі құндылыққа келіп тіреледі. Ең әуелі тұрақтылық керек. Білімді ұрпақ, бәсекеге қабілеттілік, ұлттық бірегейліктің сақталуы мен саяси мәдениеттің жоғарылауы алдыменен осы елдің тұтастығының сақталуынан шығады.

 

/aqtobegazeti.kz/