Понедельник, Май 27, 2024
Басты > Жаңалықтар > Креативті жастарға кәсіпкерлікке жол ашты

Креативті жастарға кәсіпкерлікке жол ашты

Жұбанов университетінде Ғылым айы аясында «Шеберлер аумағы» өңірлік фестивалі және қаланы дамытуға арналған QoǵamdastyqLab идеялар хакатоны өтті. Онда университетіміздің креативті  жастары бас қосып, болашақта шағын кәсіпкерлікті бастаудың қыр-сырын үйренді.

Екі күнге созылған шарада жастар білікті кәсіпкерлердің дәрісін тыңдап, өз ауласын, ауданын немесе қаласын қалай жақсартуға болатыны жайында қарапайым шешімдерді ойлап тауып, шағын бизнеске орай өз жобаларын қорғады.

Хакатонның міндеті  —  белсенді студенттердің тың идеяларын қолдап қана қоймай, оны жүзеге асыруға жағдай жасайтын орта қалыптастыруға арналды. Ал «Шеберлер аумағы» —  кәсіпкерлер  студенттерге креативті индустриялар саласында микро-бизнес құруға көмектесетін ашық алаң болды.

Хакатонды университет түлегі, кәсіпкер, Soile ораторлық және көшбасшылық мектебінің негізін қалаушы Ләйлә Исламова ашып, жиналған жастарға пайда әкелетін бизнесті қалай ұйымдастыруға болатыны туралы айтты.

Шағын бизнесті дамыту туралы Креатив хаб негізін қалаушы Алтынзер Ашықбаева кеңінен талқылады.

Іс-шара соңында ең үздік деп танылғандар жүзден аса жас кәсіпкерлер, сондай-ақ компаниялардың топ-менеджерлері мен бизнес сарапшыларының басын  біріктіретін Bigldeascamp жазғы кәсіпкерлік мектебіне қатысуға грант жеңіп алды.