Қазіргідей жоғары технологияға толы өмірге баланы бейімдеудің тәсілдерінің бірі – робототехника саласын оқыту. Осы бағыт-бағдарда оқушылардың интеллектісін дамытып, ой-өрісін кеңейтуге арналған инновациялық үйірмелер өте көп. Сондықтан болар өсіп келе жатқан жас буынмен бірге еліміздің робототехника саласы да қатар дамып келеді.
Бүгін университетімізде өткен «ARU ROBOPROJECT-2022» облыстық жобалар сайысында қаламыздың мектептері мен колледждерінен жиналған оқушылар осыны дәлелдеді.
Байқауға қатысушылар микроконтроллер мен бұлттық технологиялар, Arduino, LEGO сияқты роботконструкторларды пайдаланып, өздерінің шағын сусындар дүкендерін автоматтандыру жүйесін, светофор, тазалық жолбасшысы, сумоға арналған роботтар, Smart киіз үй, Smart house, EV3 Gyro Boy Action, қол робот, робокөкпар, lego mindstorms негізінде құрылған спорттық роботтар жобаларын ұсынды.
Олардың көбісі «Ақылды» ойыншық көліктер құрастырып, оны қандай салада қолдануға болатындығы жайында баяндады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, робототехника – бұл жай ғана құрастыру емес, механика, логика, ерекше ойлау қабілетін дамытатын құрал. Сонымен бірге баланың өзге пәндерді де жақсы меңгеруіне септігін тигізеді.
Нәтижесінде әділқазылар үздік деп таныған жеңімпаздар дипломдармен марапатталды. Сондай-ақ, жүлдегерлер мен қатысушыларға сыйлықтар табыс етілді.