Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жан жылуын сыйлады

Жан жылуын сыйлады

Қайырымдылық,

мейірімділік,

көмек қолын созу,

бұл қасиетті ұғымдар бар жерде  жақсылық бар.

Білімнің ғана емес, тәрбиенің де ошағына айналған Жұбанов университеті қара шаңырағында бұл үрдіс кеңінен жалғасын тауып келеді.

Бүгінгі «Музыка  және хореография» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерінің «Жан жылуы» есептік концерті қайырымдылыққа арналды.

 Университет ректоры Лаура Қарабасова қасиетті Рамазан айында өткізіліп жатқан бұл шараның маңыздылығын атап өтіп, жоғары оқу орнында біліммен, ғылыммен қатар тәрбиенің де алар орны биік екендігіне тоқталды.

Концертте «Самғау» би ансамблі, университет студенттерімен оқытушыларынан құрылған «Ақжелең» ұлт аспаптар оркестрі, «Музыкалық білім» мамандығының оқытушылары мен студенттері, «ЖаsART»,«Делиция», «Елмұра» топтары, кафедра жанынан ашылған «ARTschool» үйірмесінің балалар хоры өнер көрсетті.

Айта кетейік, концерттен түскен қаржы әлеуметтік көмек ретінде университеттің екі студентіне берілді. Сонымен қатар спорт ардагері Әшім Қали мен «Қабақ баба» қоғамдық қорының төрағасы Амантай Үмбетайұлы кәсіби-шығармашылық факультетінің студентіне арнаулы стипендия, «Музыка және хореография» кафедрасының оқытушысы Анаргүл Қалдыбаева жеке есебінен  «Хореография» мамандығының екі студентіне елу мың теңге көлемінде сертификат табыстады.