Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Абайтану» орталығында семинар өтті

«Абайтану» орталығында семинар өтті

Жақында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығында филология факультеті «Қазақ әдебиеті» кафедрасының ұйымдастыруымен «Әдебиетті оқытудың өзекті мәселелері» тақырыбында кафедра филиалдарымен бірлескен әдістемелік семинар өткізілді. Семинарға «Қазақ әдебиеті» кафедрасының профессор-оқытушылары, Новый орта мектебі мен №24 лингвистикалық мектеп-гимназиясының мұғалімдері, университет оқу-әдістемелік бөлімінің әдіскері Д.Садықова, магистранттар мен студенттер қатысты.

Семинардың кіріспе сөзінде «Қазақ әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к. М.Р.Балтымова кафедраның қала мектептеріндегі филиалдарымен жұмыс барысы туралы мәлімдеді. Семинар барысында филология магистрі, аға оқытушы Ә.Ж.Ұлықпанова «Сөйлеу мәдениетін қалыптастырудағы шешендік шеберлік», филология магистрі, оқытушы Г.К.Тәңірбергенова «Қазақ әдебиетін оқытуда жұмыс сапасын жақсарту үшін қолданылатын әдіс-тәсілдер», Новый орта мектебінің мұғалімі Б.Ө.Кунирбаева «Жаңартылған бағдарлама негізінде әдебиетті оқытудың негізгі мәселелері» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.

Сонымен қатар №24 лингвистикалық мектеп-гимназиясының мұғалімі Қ.Ө.Дошниязова «Мұқағали Мақатаев шығармашылығын жаңаша әдіс-тәсілдер арқылы таныту» тақырыбында тренинг жүргізді және осы мектептің оқушысы Абай өлеңдерінен үзінді оқыды. Семинар жұмысы ЖОО және мектеп ұстаздарының тәжірибе алмасу алаңына айналып, магистранттар мен  студенттер үшін педагогикалық практикаға қажетті білім алып, дағды қалыптастыруға оң ықпалын тигізді.

Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.